Ел азаматтарының меншік құқығы Конституциямен қорғалған, осыған орай соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Меншік иесі басқа адам заңсыз иеленген өз мүлкін, сондай-ақ, иеліктен айыруға қатыссыз болса да кез келген бұзылған құқығын қалпына келтіруді талап ете алады. Бұл заңдылық ҚР Азаматтық кодексінің (АК) негізінде жүзеге асырылады.
Аталған кодекстің 188-бабына сәйкес, меншiк құқығы — субъектiнiң заң құжаттары арқылы танылып, қорғалатын өзiне тиесiлi мүлiктi өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы болып табылады. Яғни, меншiк иесi өзiне тиесiлi мүлiкке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның iшiнде бұл мүлiктi басқа адамдардың меншiгiне берiп, иелiгiнен шығаруға, сонымен қатар, оны сот арқылы қорғауға құқылы.
Соттарда жылжымайтын мүлікке қатысты даулар, мысалы, пәтерге, тұрғын үйге меншік құқығын тану, ерлі-зайыптылар арасында ортақ мүлікті бөлу, тұрғын үйді бөтеннің заңсыз иеленуінен талап етіп алу туралы үлесті анықтау, басқа адамнан мүлікті қайтару секілді даулар көп қаралады. Меншік иелерімен тасталған тұрғын үйді иелену, пайдалану және билік ету жөніндегі дауларда соттар ҚР Конституциясын, Азаматтық және Азаматтық процестік кодекстерін, ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы заңын, т.б. нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
Тұрғын үйге меншік құқығы туралы талап қою сотқа тұрғын үйдің орналасқан жері бойынша беріледі. Жалпы алғанда, соттарда қаралатын жылжымайтын мүлікке байланысты дауларда Азаматтық процестік кодекстің 31-бабына сай, айрықша соттылық мәселелері ескеріледі. Соттылық қағидалары бұзылып берілген талап қою кері қайтарылады. Сотта осы санаттағы істер қаралған кезде меншік құқығына тиесілі фактілер мұқият тексеріледі.
Бұл ретте тараптардың тұрғынжайға меншiк құқығын және меншік иелерінің үлес мөлшерiн растайтын құжаттары, атап айтқанда, үйдің кiмнiң атына және қандай үлесте тiркелгенi туралы тiркеу органының жылжымайтын мүлiк бойынша анықтамасы, мұраға құқық туралы куәлiк, сату-сатып алу, сыйға тарту туралы шарттар, тұрғынжайға немесе оның бөлiгiне меншiк құқығын тану туралы заңды күшiне енген сот шешiмдерi және басқалар талап етіледі. Бұған қоса тұрғын үй мен жер телімінің жоспары, сондай-ақ, iс үшiн маңызы бар басқа да құжаттардың болғаны абзал.
Көп жағдайда даудың тууына азаматтардың өздері себеп болып жатады. Осыған қатысты сот тәжірибесінен айтсақ, талап қоюшы арызында 2017 жылы жауапкермен қарыз алу шартын жасап, 6 000 000 теңге алғанын, осы қарызды қамтамасыз ету мақсатында жылжымайтын мүлігін үшінші тұлға басшысының танысымен пәтерді сату-сатып алу шартын жасағанын, алайда, жауапкерден 18 000 000 теңге алмағанын, яғни, мәміленің тараптар арасында болмағанын көрсеткен.
Тараптар арасында пәтерді сату-сатып алу шарты жасалынғанымен оның ақшасы сатушыға берілмеген. Тараптар жылжымайтын мүлікке қатысты кепіл шартынсыз қулықпен пәтерді сату-сатып алу шартын жасап, тіркеуші органға меншік иесін тіркеген. Олардың арасында жасалған медиациялық келісімде талап қоюшы жауапкерге кестеге сәйкес ақшаны төлеген соң ғана жылжымайтын мүлік қайтарылатыны көрсетілген. Зерттелген барлық дәлелдеме жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу келісім шарты бүркемелейтін мәміле болып табылатынын көрсетті. Өйткені, қарыз алу шартын қамтамасыз ету мақсатындағы кепіл шарты жасалмаған, бұл жағдай қолданыстағы азаматтық құқыққа қайшы келеді.
Жауапкер өкілінің сату-сатып алу шарты 2017 жылы жасалуына байланысты талап қою мерзімін қолдану туралы өтініші қанағаттандырылмады. Себебі, АК-нің 180-бабында талап қою мерзiмiнiң өтуi адам құқық бұзушылық туралы бiлген немесе бiлуге тиiс болған күннен басталады. Талап қоюшылардың құқықтары 09 тамыз 2019 жылғы медиациялық келісім жасалғаннан кейін бұзылған, медиациялық келісімде қарызды өтемеген жағдайда пәтердің сатылуына жол берілетіні нақтыланған.
Пәтерді сату-сатып алу келісім шарты бүркемелейтін мәміле болуына байланысты жарамсыз деп танылды. Жылжымайтын мүлік қайтарылуға жатпайды, өйткені, тараптар арасында мәміле жасалғанымен, қазіргі таңда талап қоюшылар сол мекен жайда тұрып жатыр. Іс бойынша анықталған нақтылы мән-жайлар нәтижесі талап қоюшы талабының негізді екенін көрсетті.
Республикамызда мемлекеттік меншік пен жеке меншік бірдей қорғалады. Меншік құқығының бұзылмағанын қалайтын әрбір азамат басқаның меншік құқығын бұзбауы тиіс. Дау туындаған жағдайда оны заң талабымен әділ шешу соттың басты міндеті саналады.
Дуния-Зада Кеншимова
Ақтау қалалық №2 сотының судьясы