Қазақстан Республикасында жүргізіліп келе жатқан сот реформалары – құқықтық мемлекет құрудың басты кепілі. Бұл реформалардың негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тиімді қорғау, әділ сот төрелігін қамтамасыз ету және қоғамда құқық үстемдігі қағидатын орнықтыру. Осындай маңызды міндеттерді жүзеге асыру үшін сот жүйесіне жаңа буын ретінде Кассациялық сот енгізілді. Оның құрылуы – отандық сот жүйесінің дамуындағы тарихи кезең болып табылады.
Кассациялық сот – төменгі сатыдағы соттардың заңды күшіне енген сот актілерін қайта тексеретін ерекше өкілетті орган. Ол әділ сот төрелігін қамтамасыз етуде басты рөл атқарып қана қоймай, құқық нормаларының дұрыс әрі біркелкі қолданылуына кепіл болады.
Бұл сот сатысының ерекшелігі – істің мән-жайына қайта баға берілмейді. Негізгі назар құқық нормаларының дұрыс қолданылғанына, заң талаптарының сақталуына аударылады. Яғни, Кассациялық сот төменгі инстанцияларда орын алған құқықтық қателіктерді түзету арқылы азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына ықпал етеді. Сонымен бірге, ол сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етіп, құқық қолдану практикасының тұрақтылығын сақтайды.
Кассациялық соттың жұмысы қарапайым апелляциялық сатыдан өзгеше. Бұл органға тек ерекше құқықтық маңызы бар, жалпы сот тәжірибесіне ықпал ететін істер жөнінде ғана шағымдануға болады. Мұндай тәртіп құқық қорғау жүйесінің тиімділігін арттырып, соттардың артық жүктемесін азайтады.
Кассациялық сатыға жүгінудің негізгі тәртібі мынадай:
• Ең алдымен, іс апелляциялық сатыда қаралуы тиіс;
• Өтініш немесе шағым заңда белгіленген мерзімде ұсынылады;
• Қарау барысында жаңа дәлелдер зерттелмейді, тек құқық нормаларының дұрыс қолданылуы сараланады.
Бұл талаптар – сот төрелігінің әділдігін сақтауға және азаматтардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Кассациялық соттың құрылуы сот жүйесіне бірқатар оң өзгерістер әкеледі. Ол ең алдымен:
• Сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етеді;
• Құқық қолданудағы қайшылықтарды болдырмайды;
• Азаматтардың сотқа деген сенімін арттырады;
• Сот төрелігінің сапасын жақсартады және халықаралық стандарттарға жақындатады.
Сонымен бірге, Кассациялық соттың енгізілуі қоғамдағы әділдік қағидатын нығайтып, заң үстемдігінің нақты жүзеге асуына ықпал етпек.
Кассациялық сот – Қазақстан сот жүйесін дамытудың жаңа кезеңі. Оның құрылуы – әділ сот төрелігін жүзеге асырудағы стратегиялық шешімдердің бірі. Бұл органның қызметі заңдылықты сақтауға, құқық нормаларының дұрыс қолданылуына, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға және сот жүйесінің беделін арттыруға бағытталған.
Кассациялық сот – тек заң актілерін қайта тексеретін орган ғана емес, сонымен қатар құқықтық мемлекет қағидаттарының орнығуына ықпал ететін сенімді тетік. Ол қоғамдағы әділдік пен сенімділіктің кепілі ретінде құқық үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды әрі тарихи қадам болып қала бермек.
Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының жетекші маманы Л.Әбдуәли