Қазақстан Республикасының Конституциясы – біздің мемлекетіміздің ең басты құжаты, ел тәуелсіздігінің, халықтың бірлігінің, құқық пен бостандықтың берік кепілі. Биыл қабылданғанына 30 жыл толып отырған Ата Заң – мемлекеттің саяси, экономикалық және әлеуметтік жүйесінің тұғырлы негізін қалыптастырған тарихи құжат.
1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция – жаңа Қазақстанның құрылуындағы бетбұрыс кезең болды. Ол демократиялық даму жолын айқындап, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде бекітті.
Ата Заңда Қазақстан Республикасы құқықтық мемлекет ретінде айқындалған. Бұл дегеніміз – барлық мемлекеттік органдардың, лауазымды тұлғалардың және азаматтардың заңға бағынуы міндетті. Әсіресе сот жүйесінің қызметінде Конституция қағидаттары айрықша орын алады.
Сот билігі – Конституцияда бекітілген биліктің дербес тармағы. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың негізгі тетігі болып табылады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соттар да өз қызметінде Ата Заңға сүйеніп, заңдылық пен әділдікті қамтамасыз етеді.
Әкімшілік істерді қарау барысында соттар:
• азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауға,
• әкімшілік әділеттілікті қамтамасыз етуге,
• құқық бұзушылықтардың алдын алуға,
• заңдылық пен тәртіпті нығайтуға бағытталған шешімдер қабылдайды.
Бұл ретте сот төрелігінің басты мақсаты – заңның үстемдігін қамтамасыз ету, әділ шешімдер арқылы қоғамдағы тұрақтылықты сақтау.
Осы жылдар ішінде Конституция уақыт сынынан сүрінбей өтіп, қоғамның дамуымен бірге жаңарып келеді. Соңғы жылдары қабылданған конституциялық өзгерістер демократияны тереңдетіп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтті.
Ата Заңымыздың 30 жылдық мерейтойы – әрбір қазақстандық үшін зор мақтаныш. Бұл – өткенді саралап, бүгінгі жетістіктерімізді бағамдап, болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін тарихи кезең.
Конституция – елдің дамуы мен тұрақтылығының берік іргетасы. Ол Қазақстан халқының бірлігін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін, қоғамдағы әділеттілік пен заң үстемдігін қамтамасыз етеді.
Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сот та өз жұмысында Конституция қағидаттарын басшылыққа алып, әділ сот төрелігін жүзеге асыруға қызмет етеді.
Қызылорда қаласының әкімшілік
құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған сотының
жетекші маманы Л.Әбдуәли