Қазақстан көпұлтты, түрлі мәдениет пен тіл өкілдері тату өмір сүріп жатырған мемлекет. Дегенменде еліміздің тәуелсіздігі мен біртұтастығының басты тіректерінің бірі мемлекеттік тіл. Сондықтан мемлекеттік тілге құрмет көрсету әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы.
Тіл ұлттың жаны, рухани байлығы, тарихи мұрасы. Халықтың тарихы мен мәдениеті, дүниетанымы мен болмысы тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады.
Қазақ тілі ғасырлар бойы қалыптасқан, бай, көркем, әрі терең мағыналы тілдердің бірі. Оны құрметтеу өткенге тағзым, болашаққа сеніммен қарау.
Мемлекеттік тілді құрметтеу алдымен оны үйренуден, қолданудан және насихаттаудан басталады. Бұл тек қазақ ұлтының ғана емес елімізде өмір сүріп жатырған әрбір азаматтың міндеті. Мемлекеттік мекемелерде білім беру орындарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, жарнама мен құжат айналымында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту тілдің мәртебесін арттырады.
Бүгінгі жастар ертеңгі ел тірегі. Сондықтан олар мемлекеттік тілді еркін меңгеріп, оны өз ортасында қолдануы тиіс. Қазіргі таңда қазақ тіліне деген қызығушылық артып келеді. Әлеуметтік желілерде, өнер мен мәдениет саласында қазақ тілінде контент көбейіп, жастар арасында тілді қолданысқа енгізу үрдісі байқалуда. Бұл қуантарлық жағдай. Сондықтан мемлекеттік тілдің дамуын жан-жақты қолдау баршамыздың абыройлы міндетіміз деп түсінген абзал.
Президентіміздің тіл мәселесіне айрықша мән отырғаны белгілі. Жалпы мемлекеттік тілдің дамуына бірінші кезекте мемлекеттік қызметшілердің тигізер көмегі мен ықпалы орасан зор. Өйткені мемлекеттік саясатты іс жүзіне асыратын негізгі буын осы болғандықтан, қарапайым халық әсіресе жастар шенеуніктерге қарайды, солардың кәсіби біліктілігіне қарап билікті бағалайды. Бүгінгі күнде сот саласында мемлекеттік тілді дамыту, іс жүргізу тілін толықтай мемлекеттік тілге көшіру мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Оның бірден бір дәлелі ретінде Ақтөбе облыстық соты мен Ақтөбе облысының әкімдігінің арасында мемлекеттік тіл саясатын дамыту саласындағы өзара ынтымақтастық туралы Меморандуға қол қойылды. Меморандумды іске асыру аясында, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, судьялар мен сот мамандарының мемлекттік тілді меңгеру деңгейін одан әрі арттыру мақсатында, Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Қазақ тілі кабинеті ашылды. Сонымен қатар Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында шығыс және ішкі құжат айналымының 100% мемлекеттік тілде жүргізілуін қамтамасыз ету бойынша кеңсемен тоқсан сайын талдау жүргізіліп, мемлекеттік мекемелермен, адвокаттармен, заң консультантарымен дөңгелек үстелдер ұйымдастырылып келеді. Осы сотта соңғы үш жылда қаралған істердің стаистикалық мәліметіне сәйкес 2023 жылы-келіп түскен істер саны 677 іс, мемлекеттік тілде 102 іс, 2024 жылы- келіп түскен істер саны 909 іс, оның мемлекеттік тілде 142 іс, 2025 жылдың 7 айында келіп түскен істер саны 886, оның мемлекеттік тілде 188 іс. Әрине қуантарлық жағдай емес. Дегенменде алға жылжу байқалады. Бұның барлығы мемлекеттік тілді дамытуға бағытталып жатырған жұмыстардың әсері деп ойлаймын. Бұл жерде сотқа әкімшілік талап қою берген тараптардың рөлі орасан зор. Көп жағдайларда әкімшілік талап қоюды адвокаттар, заң консултанттары беріп жатады, әрине бұл олардың құқықтары. Дегенменде мемлекеттік тіл өзімізге ғана керек екенін ескерсе екен деймін.
Сөзімді қорытындылай келе, мемлекеттік тілге құрмет бұл жәй ғана сөз емес нақты әрекет. Қазақ тілін білу бұл тек білім ғана емес, бұл елге, тарихқа, болашаққа деген құрмет. Әр азамат өзінен бастап, тілді ардақтап, қолданса тілдің болашағы зор болмақ. Тіл тағдыры ел тағдыры екенін ұмытпайық.
Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп бекер айтпаса керек!
Ақтөбе облысының
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік
сотының судьясы С.Қ.Табанов