Ақмола облысында есірткіге еліктеушілік пен нашақорлыққа қарсы шаралар мен акциялар жиі өткізіліп келеді. Негізгі мақсат жастарды замана дертіне айналған індеттен бойын аулақ болуға үндеу. Форум облыс орталығындағы колледждер студенттеріне облыстық Полиция департаментімен арнайы ұйымдас тырылған кезекті шара Көкшетау қаласында бастау алып, шараға қаланың жүздеген студенттері мен сарапшылары қатысты. Акция «Есірткісіз болашақ – мықтылардың таңдауы» ұранымен өткізілді.
Жергілікті облыстық Полиция департаменті мұрындық болған шараға білім беру, денсаулық сақтау, мəдениет басқармалары да қолдау көрсетіп, алаңға жастар, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері жиналды. Форум Ақмола облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Бақтияр Утекиннің құттықтау сөзімен басталды. Ол жастарды есірткісіз болашаққа бағытталған шараларға тартудың жалпы тұтас қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.
– Ғасыр дертіне айналған нашақорлық бүгінгі таңда аса үлкен өзекті мəселеге айналған. Өйткені, болашақтың тұтқасын ұстайтын жастарымыздың арасында есірткіге елітіп, өзінің тағдырына балта шауып жатқандар көп. Сондықтан жастарды осындай игі шараларға тарту əрі түсіндіру жəне алдын алу жұмыстарын жүргізу аса маңызды. Бұл орайда тек тəртіп сақшылары мен білім беру орындары ғана емес, қоғамдағы əрбір саналы азамат нашақорлықпен күресуге тиіс. Тек сонда ғана нашақорлық індетінің тамырына балта шаба аламыз. Есірткісіз өмір мықты жəне жауапты адамдардың саналы таңдауы. Сондықтан баршаңызды осы игі істе қоғам болып жұмылып, əрекет етуге шақырамын,– деді Бақтияр Утекин.
Форум жұмысы басталғаннан кейін есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңестің құрамына жаңадан қабылданған мүшелеріне куəліктер тапсыру салтанаты өткізілді. Кеңес құрамына түрлі сала мамандары, қоғамның белсенді өкілдерімен қатар, жергілікті жерлерде есірткіге қарсы жұмыс жүргізуге үлестерін қосуға дайын жастар еніпті. Жастар қоғамда есірткіге еліктеушілік пен нашақорлықтың алдын алу бағытында белсенді жұмыс жүргізуге əзірліктерін байқатты. Форум барысында тағдырдың бұралаң қалтарысында шатасып, ойнақтап жүріп от басқан яки бəз-біреулердің азғыруымен теріс жолға түсіп, есірткі сатып темір торға тоғытылған адамдар жайлы деректі фильм көрсетілді. Бұл форумға қатысушы жастардың нашақорлықтың зияндылығы, есірткі сату мен оны тасымалдаудың артында заң алдындағы зор қылмыстық жауапкершіліктің тұратынын көрсетті. Фильмді мұқият тамашалаған студент жастар есірткі притондары мен қылмыстың түрлі схемаларына қатысудың нақты салдары жайлы ойларын ортаға салып, қылмыстық істердің алдын алу жəне замандас құрбы-құрдастарымен есірткі қылмыстарының алдын алу жолдарын талқыға салды.
Жиналғандардың алдында есірткіге тəуелділігі бар адамдарға көмек көрсетілетін оңалту орталығының меңгерушісі, Ақмола облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы Думан Сабыржанов сөз сөйлеп, өңірдегі есірткі ахуалына шолу жасады.
– Облыстық полиция сарбаздарының күнделікті өз қызметінде барынша бақылауы мен жіті əрекетінің арқасында есірткі ату қылмыстары біршама азайып, есірткі сатқанқылмыстық ірі топтар құрықталды. Бұл орайда қоғамдағы белсенді азаматтардың оның ішінде жастардың бей-жай қарамауы үлкен рөл атқарады. Сондықтан жастардың есірткі қылмыстарының алдын алуға атсалысуы, нашақорлықтан бойын аулақ салып, жора-жолдастарына да жанашырлықпен қарауы қажет, – деп атап өтті Думан Сабыржанов. Өз кезегінде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру, құқықтық салдарларды түсіндіру, сондай-ақ саналы таңдау мен жеке жауапкершілікке шақыру жөнінде студенттер аудитория ларына жүгініп, нашақорлықпен күресу шараларының мəн-маңызына тоқталды. Əсіресе, полицияның жедел тобы бөлімінің «Атос» атты қызметтік итінің өнер көрсетуі жиналған көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Талай есірткі қылмыстарын ізін суытпай ашып жүрген кинолог пен Атостың жедел əрекеті мен күштік құрылымдардың нашақорлықпен байланысты қылмыстардың жолын кесу жəне анықтаудағы тəжірибесін көрсетті.
P.S. Ұйымдастырушылар мұндай форумдар бір жолдық акция ғана емес, алдағы уақытта ведомствоаралық тұрғыда жастар арасында есірткі тұтыну мен нашақорлық қылмыстарының алдын алу жəне анықтау шаралары үнемі өткізілетінін атап өтті. Бұл орайда мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, мамандар мен студент жастардың өзара күш біріктіруі қоғамның əлеуметтік қорғалуына əрі ғасыр індетіне айналған нашақорлықтың тамырына балта шауып, салауатты өмір салтын сақтайтын жастардың қалыптасуына жол ашпақ.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ