Замана дерті, әсіресе кейінгі жылдары кеңінен етек алған нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес тәртіп сақшыларынан аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өйткені жыл өткен сайын аталған қылмысқа баратын жастардың қатары еселеп өсіп, тіпті күн өткен сайын жасарып бара жатқаны алаңдатады.
Заңсыз есірткі айналымы мен ірі көлемдегі есірткі өнімдерін тасымалдау жəне өндіру оқиғалары шамадан тыс көбейіп барады. Дегенмен тəртіп сақшыларының қырағылығының арқасында қалтасын заңсыз есірткі бизнесінен түскен қаражатпен қампайтып жатқандар да жазаға тартылып жатыр. Құрған ауға шабақтармен қатар ірі шортандардың да түсіп жатуы осыған айқын дəлел. Нашақорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі де дəл осы есірткі бизнесімен барынша күрес болып отыр. Бүгінде есірткі айналымының бақылау саласындағы басты құжат ҚР Үкіметімен 2023 жылдың 29 маусымында бекітілген 2023–2025 жылдарғы нашақорлық жəне есірткі бизнесімен күрес бойынша кешенді жоспары. Нашақорлық бизнесі мен жастарды нашақорлық жолдан құтқару жұмыстары Ақмола облысында да аса зор қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қоғамның есірткіні заңсыз тұтынуға саналы түрде жағымсыз көзқарасы мен олардың заңсыз айналымына қарсылығын қалыптастыруда мемлекет тарапынан құқық қорғау органдары арқылы алдын алу сипатындағы шаралар барынша кең көлемде жүзеге асырылуда. Тек жыл басынан бері ғана облыста полиция қызметкерлерімен заңсыз есірткі айналымына қарсы аса үлкен көлемде жұмыстар жүргізілген. Өңір аумағында 136 нашақорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар тіркелгені анықталды. Атап айтқанда 56 есірткі өндіру, 1 аса ірі көлемде есірткі сақтау жəне 3 заңсыз есірткі заттарын насихаттау жəне жарнамалар мен 72 қылмыстық теріс қылық фактілері тіркелді. Полиция заңсыз айналымнан 88 келіден астам түрлі есірткі заттарын тəркіледі. Оның ішінде басым бөлігі, яғни 6 келіден астамы синтетика, бес келіден астамы гашиш жəне 7 келіден жоғары марихуана есірткілері болып шықты.Сала мамандары нашақорлыққа қарсы күресте ең алдымен жастармен алдын алу жұмыстарына баса мəн берілетінін атап өтті.
– Биылғы жыл Ішкі істер министрлігімен «Құқық бұзушылықтардың алдын алу жылы: Полиция заң мен тəртіп сақшысы» деп жарияланған. Жыл сайын құқық қорғау органдары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп түрлі шаралар ұйымдастырады. Мəселен, маусым айында есірткі қолдану жəне олардың заңсыз айналымымен күрестің халықаралық күніне орай салауатты өмір салтын насихаттау жəне нашақорлыққа қарсы бағыттағы айлық жүзеге асырылады. Облыс əкімінің орынбасары Алтынай Əміреновамен нашақорлыққа қарсы шаралардың кешенді жоспары бекітіліп, осы маусым айында өткізілетін болды. Айлық шеңберінде облыс аумағында жүзден астам түрлі профилактикалық шаралар ұйымдастырылады.
– Іс-шараның басты мақсаты – халықтың назарын есірткінің таралуы мен қолданылу қаупіне аудару, жастардың психоактивті заттарды қолдануға деген теріс көзқарасын қалыптастыру, салауатты жəне қауіпсіз өмір салты дағдыларын дамыту, өз денсаулығына ұқыпты қарауды үйрету, дұрыс таңдау жасау мен өмірлік басымдықтарды белгілеуге бағыттау болып отыр, – дейді Ақмола облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Думан Сабыржанов.
Мұнымен қоса есірткіге қарсы айлық ортақ іске елдің əрбір азаматы өз үлесін қоса алатынын еске салуға бағытталыпты. Басқарма басшысы полиция қызметкерлерінің есігі тек профилактикалық шаралар кезінде ғана емес, кез келген уақытта азаматтарға көмек беруге ашық екенін атап өтті. Бұл орайда полиция қызметкерлері есірткі қылмыстары мен нашақорлық мəселелеріне қоғамның назарын аударуға, есірткіге қарсы күрес жүргізетін құқық қорғау органдарына деген халық сенімін арттыруға, əсіресе жастар арасында есірткіге қарсы дүниетанымды қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек. Ірі көлемде жұмыс істейтін есірткі бизнесі жүйесін анықтап, тамырына балта шабу тəртіп сақшыларынан асқан біліктілік пен жауапкершілік жүгін талап етеді. Бұл орайда қармаққа тек ұсақ шабақтар ғана емес, заңсыз есірткі тасымалын жүргізіп отырған жоғарыдағы «көкелердің» құрықталуын ұйымдастыру үшін аса үлкен əзірлік қажет. Мəселен, жақында өңір полицейлері синтетикалық есірткі дайындайтын аса ірі есірткі зертханасын анықтап, оны жойып жіберді. Полиция ұзақ уақыт бойы бақылауға алған аса ірі синтетикалық есірткі өндірісі заңсыз есірткі айналымын көптен бері жүзеге асырып келген болып шықты. Жүргізілген жедел іздестіру шараларының жəне тергеу амалдарының арқасында полиция сарбаздары заңсыз айналымнан тыйым салынған есірткі заттарын əзірлеуге арналған 200 келіден астам шикізатты тəркілеп алды.
– Прокуратура үйлестіруі жанындағы Ақмола облысындағы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарма қызметкерлерімен Елорда мен оның айналасындағы аудандарда синтетикалық есірткі дайындайтын есірткі зертханасын ұйымдастырған тұлғалар қолға түсті. Заңсыз бизнестің ұйымдастырушысын жедел тергеу тобы Астанада құрықтады. Сонымен бір мезетте Целиноград ауданына қарасты Талапкер ауылында да арнайы операция басталған еді. Мұнда тəртіп сақшылары арнайы бөлімшелер сарбаздарының қолдауымен тағы да үш бірдей оқиғаға қатысты адамдарды ұстады,– дейді Ақмола облыстық полиция департаментіндегі баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнəр Пинчук. Талапкер ауылындағы тергеу шаралары барысында полицейлер 200 граммға жуық синтетикалық есірткі тəркілеген. Сонымен қатар тінту барысында бірнеше ұялы телефон, электронды таразылар мен есірткі құрамы бар өсімдіктер салынған ыдыстар, оларды өсіруге арналған құрылғылар мен 9,5 миллион теңгеден астам қаражат табылды.
Сондай-ақ тергеушілер Астана қаласында да аса ірі көлемдегі есірткі зертханасының ұйым дастырылу фактісін анықтады. Жедел тергеу тобы синтетикалық есірткіні əзірлеуге арналған прекурсорлар мен басқа да химиялық заттарды тəркілеп алған. Полиция аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғап, əрбір ұсталған адамдардың міндеті мен рөлін анықтауға кірісті. Тергеу кезінде барлық ұсталған адамдар қамауға алынған. Полиция есірткі бизнесіне тосқауыл қою үшін барлық тиісті шараларды жүзеге асырып, алдағы уақытта нашақорлықпен күрес бағытында жұмыстардың барынша кең көлемде жалғаса беретінін алға тартты. Ғасыр дертіне айналған нашақорлықпен күресте тек тəртіп сақшылары ғана емес, тұтас қоғамның да аса үлкен жауапкершілігі болуы тиіс екенін естен шығармасақ дейміз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ