Қазақстан үшін білім мен ғылым – тек әлеуметтік сала емес, ұлттың болашағы мен мемлекеттің тірегі саналады. Бұл қағида еліміздің Конститу циясынан бастап, Мемлекет басшысының жолдауларында да нақты көрініс табады.
ҚР Конституциясы, «Білім туралы» жəне «Ғылым туралы» заңдары азаматтардың сапалы білім алуын, ғылыми қызметпен айналысуын жəне шығармашылық еркіндігін қамтамасыз етуді мақсат етеді. Бұған қосымша, 2020 жылдан бастап «Педагог мəртебесі туралы» заң күшіне еніп, мұғалімдердің құқығы мен кəсіби жағдайын жақсартуға бағытталған нақты нормалар қабылданды. Бірақ сарапшылардың айтуынша, заңнамалық базаның болуы – нақты нəтиже беруге кепіл емес. Білім беру жүйесінде жиі орын алатын реформалар, оқу бағдарламасының тұрақсыздығы, ғылымға бөлінетін қаржының мардымсыздығы – бұл саланың жүйелі дамуына кедергі болып отыр. 2023 жылы елімізде ғылымға бөлінген қаржы 200 млрд теңгеден асты. «Ұлттық ғылыми кеңестер», «Жас ғалымдар жобасы» сынды бастамалар арқылы зерттеу институттары мен университеттерге қолдау көрсетіліп келеді. Дегенмен, ғалымдардың пікірінше, бұл қаражаттың тиімді бөлінуі мен нақты нəтижеге жұмыс істеуі – басты мəселе. Физика-математика ғылымдарының кандидаты Асылбек Төлеуов: – Бізде ғылымға бөлінген қаражат көп жағдайда бюрократиялық есептерге кетеді. Нағыз зерттеумен айналысатын ғалымдарға жетпейді. Ал дарынды жастар грант таппай, шетелге кетіп жатыр, – дейді. Заң жүзінде мұғалімнің жүктемесі азайтылып, жалақысы өсті. Бірақ ауылдық жерлерде пəн мұғалімдерінің жетіспеушілігі, материалдық-техникалық базаның əлсіздігі, оқушылар арасындағы білім теңсіздігі – шешімін таппаған мəселе. Білім саласы бойынша сарапшы Айнұр Қасымованың айтуынша, реформалар жиі ауысқан сайын мектеп пен мұғалім тұрақтылықтан айырылады: – Бір бағдарламаға үйреніп үлгермей жатып, екіншісі келеді. Бұл – білім сапасына тікелей əсер етеді. Ұстаз бен оқушының арасында сенім, тұрақтылық болмаған жерде нəтиже болмайды, – дейді ол. Білім мен ғылым – заңмен бекітілген басым бағыт. Бірақ олардың дамуы тек құжатпен шектелмей, нақты іске асуы тиіс. Бұл салаға бөлінген əр теңге, қабылданған əр шешім – ұлттың болашағына салынған инвестиция.
Самал АСҚАР, «Заң газеті»