«Таза Қазақтан» республикалық акциясының басталғанына шілде айында 1 жыл 2 ай болды. Ал 2024 жылдың қараша айында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет бекіткен 2024– 2029 жылдарға арнаған экологиялық мәдениетті дамытудың «Таза Қазастан» тұжырымдамасының қабылданғанына 7 ай толды. Өзгеріс туралы айту үшін бұл уақыт біреуге аз көрінгенімен, біреуге жеткілікті уақыт.
Экология жəне табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаевтың айтуынша, 2024 жылдан 2025 жылдың шілдесіне дейін «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында елімізде 874 шара өткізілген. Олардың қатарында «Таза кəсіп – таза аймақ», «Киелі мекен», «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ», «Жер сағаты», «Құстардың халықаралық күні» сияқты халықаралық акциялар да бар. Онда 1 млн 414 мың тонна қоқыс қалдықтары жиналып, елді мекендерде 2,4 млн-нан астам ағаш отырғызылыпты. «Таза Қазақстан» бастамасы тек қоқыс жинаумен немесе ағаш отырғызумен шектелмейді. Бұл əлдеқайда терең жəне ауқымды жоба. Оның басты мақсаты – қоғамда экологиялық білім мен мəдениетті қалыптастыру. Біздің басты міндетіміз – əр азаматтың, əсіресе жас ұрпақтың табиғатқа деген көзқарасын өзгерту. Біз қоршаған ортаны қорғау, оған ұқыпты қарау жай ғана міндет емес, күнделікті өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналуына ұмтыламыз», – деген спикер балаларға ағаш өсіру дағдыларын үйрету жұмыстары қолға алынғанын да атап өтті. Мəселен қалаларда экобокстар мен фандоматтар орнатылады, олар қайта өңделген заттар үшін бонустар төлейді. Тамызға дейін пилоттық режимде Астана мен Жезқазғанның 129 мектебінде қоқысты бөлек жинауға арналған 1000-нан астам экобокс орнатылады. Қазіргі уақытта 63 жоба мақұлданды, бұл жыл сайынғы өңдеу қуатын 1,1 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Оның ішінде 14 жоба 52,4 млрд теңге сомасына қаражат алды, ал 106,9 млрд теңгеге тағы 23 жоба сараптаманың соңғы сатысында тұр. Бірқатар жобалар іске асыру кезеңіне өтті, кейбіреулері бойынша жабдықтарды монтаждау жүргізілуде. Экология жəне табиғи ресурстар вице-министрінің сөзіне қарағанда, елімізде жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам коммуналдық қалдықтар жиналады. Алайда оларды қайта өңдеу деңгейі былтыр 25,8 пайызды ғана құраған. «Таза Қазақстан» тұжырымдамасындағы нысаналы көрсеткіштер бойынша, с 2029 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу 25-тен 38 пайызға, экологиялық тəрбиені нығайту іс-шараларына тартылған оқушылар үлесі 15-тен 40 пайызға, ал азаматтардың экологиялық өмір сапасына қанағаттану деңгейі 55,8-ден 64,7 пайызға ұлғаюы тиіс.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»