FinAcademy-ны құруға белгілі салық сарапшысы Дмитрий Казанцев бастамашы болды. Бұл идеяны қазақстандық бизнес өкілдері белсенді түрде қолдады және олар жобаны жастарды оқытуға гранттар беру арқылы қаржыландырмақ. Оқу бағдарламасы бір жылға есептелген. Оқуды аяқтағаннан кейін студенттер дәстүрлі түрде емтихан тапсырып, диплом алады.
«Əріптестеріме жастарды қаржылық сауаттылыққа оқыту тегін болатынын айтқанымда, олар мені қолдады. Біз бір бағытта қарап, қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тəрбиелеудегі миссиямызды көріп отырғанымызға қуаныштымын. Олар жақын арада шешім қабылдап, жауапкершілікті өз мойнына алуы керек. Өйткені, қаржы мəселесі барлығын толғандыратын маңызды мəселе екенін түсінеді», – дейді Дмитрий Казанцев. Оның айтуынша, Алматыда еліміздің қаржы секторы, банк өкілдері, белгілі кəсіпкерлер бас қосқан жиында халық арасында қаржылық сауаттылықты тиімді дамыту мəселесі талқыланған. Жиында халықтың қаржылық сауаттылығы елдегі макроэкономикалық жағдайға қалай əсер етеді; адамдар негізді шешім қабылдауға қалай үйренуге болады деген сияқты əртүрлі өзекті тақырыптар сөз болды. 16 мен 23 жас аралығындағы жастарға арналған тегін қаржылық сауаттылық академиясының оқыту бағдарламасы оқу жылы принципіне негізделген. Оның ұзақтығы – 9 ай. Ол 7 оқу үлгісі, үй тапсырмасы жəне қорытынды емтиханнан тұрады. Оқу бағдарламасы қаржылық сауаттылық, бизнес, кəсіпкерлік негіздері, салық жүйесін, инвестицияларды, бюджетті жəне т.б. зерделеу ақша тапқысы келетін, жинағысы жəне ұлғайтқысы келетін заманауи адам түсінуі керек нəрселердің барлығын қамтиды. Онда нəтижеге көңіл бөлінеді. Студент үй тапсырмасын 3 рет орындамаса, оқудан шығарылады. Ал үздік студенттер білім алуға немесе кəсіп ашуға арналған гранттарға ие болады. Дмитрий Казанцевтің сөзіне қарағанда, 23 жастан асқан жастардың да Fin Academy-да оқуға мүмкіндігі бар. Олар үшін де квота қарастырылған, бірақ олар өз кезегін күтуі керек. Қазірдің өзінде квотамен білімін жетілдіруге ынталы адамдар көп. Білімге тең қолжетімділік үшін академияда оқыту онлайн режимінде жүргізіледі. Бұл ретте студенттерге қосымша құрал-жабдық, ноутбук немесе басқа да заттарды сатып алудың қажеті жоқ. Смартфон мен ондағы Telegram қосымшасы жеткілікті. Яғни, бəрі ыңғайлы жəне өте қарапайым. Бірінші топ дəстүрлі түрде 1 қыркүйекте сабақты бастайды, келесі топқа жазылу тура екі айдан кейін ашылады.
Е.КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»