Әр саладағы жаңа бастамалардың қолға алынуына азаматтар пікірі мен көпшіліктің қалауы түрткі болатыны белгілі. «Халық үніне құлақ асатын Үкіметтің» басты қағидасы да осыған негізделген.
Айталық, халыққа құқықтық көмек көрсету шеңберінде осы жылдың мамыр айынан бастап тəжірибеге енгізілген «Цифрлық консультант» та – сол азаматтар үнінің шындыққа айналуының бір көрінісі. «Əділет» жəне «Е-Заң көмегі» жүйелеріне енгізілген сервис азаматтарға типтік үлгідегі құқықтық сұрақтар бойынша автоматты түрде ақыл-кеңес береді, осылайша мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтып, азаматтарды да əуре-сарсаңнан құтқарады. Сондай-ақ құқықтық нормалар шығармашылығы саласында да цифрлық шешімдер əзірленіп жатыр. Əділет министрлігі авторлық құқықтарды ұжымдық негізде басқару үшін зияткерлік меншік бойынша Бірыңғай цифрлық платформа құру туралы заң жобасына бастамашылық жасады. Сервис жоспар бойынша келер жылы іске қосылмақ. Əділет органдарының еліміздің құқықтық жүйесіндегі рөлі маңызды. Əсіресе, құқықтық рəсімдердің ашықтығын, қолжетімділігі мен жеделдігін арттыратын заманауи құралдар тиімді құқық қолдану практикасын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл салада цифрлық шешімдерді енгізу Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң жəне тəртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асуда. Мемлекет басшысы барлық салаларды цифрландырудың тұтас жүйесін құру қажеттігін атап өткені мəлім. Соған орай Үкімет мемлекеттік органдарда жасанды интеллект технологиясын енгізуге білек түре кірісті. Бұл жұмыс барлық жерде жүргізілуде. Əділет органдарын цифрландыру – бүгінде құқықтық жүйені реформалаудың негізгі бағыттарының бірі жəне заң үстемдігін қамтамасыз етудің маңызды құралы. Осы ретте «Цифрлық консультант» жобасын дер кезінде енгізілген орынды қадам деп бағалаған дұрыс. Көпшіліктің көңілінен шыққан бұл жоба қазірдің өзінде талай азаматтың мəселесін шешіп, дұрыс жол көрсетуімен құнды болып отыр.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»