Әлемнің қандай елі болсын, экстремизм мен терроризм қаупінен сақтандырылмаған. Замана дерті тұтас әлем жұртшылығын, соның ішінде Қазақстан қоғамын да алаңдатқан аса өзекті мәселелердің біріне айналған. Діннің атын жамылып, әлемде бейбітшілікке қауіп төндіріп тұрған терроризм – құқық қорғау, құзырлы мемлекеттік органдар мен ұлттық қауіпсіздік қызметіне дейін тізе қосып әрекет ететін маңызды әрі жауапты міндет.
Бұл тек мемлекеттің қауіпсіздігіне ғана емес, сонымен қатар, əрбір отбасының амандығына, балаларымыздың болашағына тікелей қатер төндіріп отырғаны рас. Сондықтан, терроризмнің табиғатын түсініп, оның алдын алу жолдарын нақтылаудың маңызы зор… Экстремизмге нақты анықтама берсек, бұл – қоғамдық тəртіп пен тыныштыққа қарсы бағытталған, радикалды көзқарастар мен зорлық-зомбылықты насихаттайтын идеология. Экстремистер өз мақсаттарына жету үшін күш қолданудан да тайынбайды. Кейінгі кездері əлем елдерінде дəстүрлі діндердің де атын жамылып, бейбіт күннің берекесін қашырған, қоғамда алауыздық тудырған діни экстремистік топтардың қылмыстық əрекеттері жиілеп кетті. Ал экстремизм ұғымымен қатар жүретін терроризм қоғамда одан да зор қауіп төндіретін аса үлкен əрі қаупі жоғары түйткілдің біріне айналғанын жалпы қоғам жұртшылығы сезіне бастаған. Қорқыту, үрей туғызу арқылы саяси немесе басқа да мақсаттарға қол жеткізуді көздейтін зорлық-зомбылық əрекеттер тұтас елдің тəуелсіздігіне де қатер төндіретінін атап өтпеске болмайды. Террорис тік шабуылдар, əдетте, бейбіт тұрғындарға қарсы бағытталып, қоғамда тұрақсыздық пен үрей бұлтын туғызады.
Мәселенің тамыры тереңде
Бүгінгі таңда экстремизм мен терроризмнің тамыры тереңге кетіп, қоғамның қорқынышы мен алаңдаушылығын туғызуда. Олардың пайда болуына көптеген фактор əсер етіп отыр. Мəселен, елдегі саяси тұрақсыздық, əлеуметтік əділетсіздік, жұмыссыздық, кедейлік, жастардың маргиналдануы, діннің бұрмалануы жəне жастардың діни сауатсыздығы – ел ішінде іріткі тудыруға алғышарт жасайтын аса өзекті мəселе. Бүгінде «діни экстремизм» термині жиі айтылып жүр. Дінді желеу етіп, шынайы дінге еш қатысы жоқ, адамгершілікке жат əрекеттер жасалып жатқанын күнделікті өмірден көріп отырмыз. Мұны сала мамандары да мойындайды. – Əсіресе, оң мен солын танып үлгермеген, қоғамның ең осал əрі тез иланғыш əлеуметтік тобына жататын жастар арқылы жымысқы əрекеттерін таратушылар көп. Өкінішке қарай, жастар көбіне деструктивті діни ағымдардың арбауына тез ілігіп кетеді. Бұған интернет пен əлеуметтік желілердің де ықпалы аса зор. Түрлі жалған уағыздар, агрессияға жетелейтін контенттер TikTok, Telegram, VK сияқты платформалар арқылы жылдам тарап жатқаны жасырын емес.
Жастардың таным көкжиегі, діни білімінің таяздығы оларды экстремизм жолына жетелейтін басты себептердің біріне айналып отыр, – дейді Ақмола облысы Дін істері басқармасының «Конфессияаралық қатынастарды талдау жəне дамыту» орталығының басшысы Нүркен Тілеубаев.
Дерек пен дәйек
Көп жағдайда терроризммен байланысты оқиғалар бізден алыс, болуы мүмкін емес деп ойлайтын халықтың қарасы көп болатыны сөзсіз. Дегенмен, соңғы жылдарда елімізде діни экстремизм мен терроризмге қатысты фактілердің бой көрсетуі сақтандыру шараларын бір сəт те естен шығармау керектігін ұқтырады. Мəселен, Түркістан облысында 17 жастағы жасөспірім терроризмді насихаттағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылған. Ол əлеуметтік желіде экстремистік идеяларды таратып, тыйым салынған ұйымның материалдарын достары арасында таратқан. Өкінішке қарай, Ақмола облысында да діни бағыттағы радикалды топтардың қасақана əрекеттері бұрнағы жылдармен салыстырғанда жиілей бастаған. Оның бірі, тіпті, мектептегі білім беру мекемесінде орын алғаны қоғамдық резонанс тудырды. Сандықтау ауданында 33 жастағы мектеп мұғалімі ғаламтор арқылы радикалды бағыттағы сайттарға кіріп, Сириядағы лаңкестік ұйымдардың үгіт-насихатына ілескен. Кейін əлеуметтік желілер арқылы өз парақшасында экстремистік бейнероликтер мен жазбалар жариялап, таратқаны үшін «терроризмді насихаттау» бабы бойынша 6 жылға сотталды. Бұл фактілер жастардың интернет кеңістігінде қаншалықты осал екенін, ата-аналар мен құқық қорғау органдарының, сонымен қатар, жалпы қоғам қырағылығының қажет екенін көрсетеді.
Ата-аналар мен қоғам не істеуі керек?
Мамандар мұндай қауіптің алдын алу үшін бірінші кезекте əрбір ата-ана мен білім беру мекемелерінің балалар тəрбиесіне аса зор мəн беру қажеттігін ескертеді. – Балаларымызды бұл қауіптен сақтау – ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті. Қауіпке тек сырттай бақылаушы болмай, оны түп-тамырымен жоюға бағытталған нақты əрекеттерге көшу қажет. Ол үшін келесі кеңестерді назарда ұстаған жөн. Балаларыңызбен сенімді, ашық қарым-қатынас орнатып, олармен жиі сөйлесіп, достары, қызығушылықтары, уайымдары туралы біліп жүрген жөн. Интернеттегі əрекеттерін де бақылап тұрған дұрыс. Қандай сайттарға кіріп жүргенін, қандай видеолар көріп, кіммен сөйлесіп жүргені де назарда болуы тиіс. Баланы жастайынан медиа жəне діни сауаттылыққа баулу қажет. Жалған ақпарат пен шынайы мəліметтің ара-жігін ажыратуды үйрету – кейінге қалдыруға болмайтын маңызды мəселе. Балаларға өздерінің жеке деректерін бөтендерге бермеу қажеттігін де ерте бастан түсіндіру керек. Сондай-ақ, күмəнді топтар мен сайттарға кірмеу, бейтаныс адамдардың ұсыныстарынан сақ болу қажеттігін ұқтыру қажет. Ең дұрысы, компьютер мен гаджеттерге ата-аналық бақылау орнатқан жөн, – деп толықтырды Нүркен Найзабекұлы.
Тәрбиені рөлі және рухани құндылықтар
Бұл «Тəрбие басы – тал бесік» деген дана сөздің күні бүгінге дейін өз құндылығын жоймайтынын айғақтаса керек. Өйткені бүгінгі бала – ертеңгі елдің иесі. Сондықтан, олардың бойына бала кезден мейірімділік, төзімділік, өзара сыйластық, əртүрлі діндер мен ұлттарға құрметпен қарау сынды адамгершілік құндылықтарды сіңірудің маңыздылығы аса жоғары. Бұл тек мектептің ғана емес, отбасындағы тəрбиенің де үлкен бөлігі екені даусыз. Балалардың радикалды ағымдардың ықпалына түсуінің алдын алу үшін, ең алдымен, олармен үнемі байланыста болу қажет. Олар үшін біз – бағыт сілтейтін шамшырақпыз. Ал шамшырақ сөніп қалса, олар қараңғылықта жол таппай адасатыны анық. P.S. Бүгінде экстремизм мен терроризм жаһандық сипат алған, бірақ əр отбасының табалдырығына дейін жетуі мүмкін аса зор қауіпке айналды. Алайда бұл дертпен күрес тек құқық қорғау органдарының емес, əрбір ата-ананың, білім беру мекемелері мен діни орындардың, мемлекеттік мекемелер мен БАҚ-тың, жалпы барша қоғамның ортақ міндеті екенін естен шығармасақ екен. Тек жұмыла əрекет еткенде ғана жастарымызды, яғни, ел ертеңін аса зор қауіптен сақтап қалмақпыз.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ