Мемлекет басшысы Судьялардың IX съезінде сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге, инвестициялар мен бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасауға, сондай-ақ әділеттілік және заң үстемдігі қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған сот реформасының маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Бұл реформаның негізгі элементі кассациялық соттарды енгізу болды.
Жоғарғы Соттағы кассациялық сатының үлгісі азаматтардың сұранысын толық қанағаттандырмады. Азаматтық және қылмыстық істердің тек 5 пайызы ғана кассациялық қайта қарауға жетеді екен.
Осы реформаның аясында елордамызда қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш тәуелсіз кассациялық соттар құрылып, 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап өз жұмысын бастады.
Кассациялық сот — сот істері мен материалдарын кассациялық сатыдағы сот ретінде қарайды, сот практикасын зерделейді және оны жинақтау қорытындылары бойынша төмен тұрған сот сатыларының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықтың сақталу мәселелерін қарайды.
Бұл маңызды оқиға сот жүйесінің дамуындағы жаңа кезеңді білдіреді және мемлекеттің сот төрелігін жүзеге асырудың жоғары стандарттарын қамтамасыз етуге ұмтылысын көрсетеді.
Көпшіліктің пікір-ұсынысын ескерген Мемлекет басшысы сот төрелігіне толыққанды қол жеткізуді қамтамасыз ету, қылмыстық қудалау саласына тартылған адамдардың құқықтарын қорғау бойынша құзырлы органдарға тапсырма бергені есімізде. Расында, күнделікті тәжірибе көрсеткендей барлық қылмыстық істердің мән-жайын мұқият, үздіксіз тексергенде ғана әділдік орнығады. Бұл сотқа мемлекеттегі қауіпсіздікке деген сенімнің негізі. Сондықтан, кассациялық соттың жаңа моделі азаматтардың құқығы мен мүддесін үздіксіз, жан-жақты, сапалы қорғаудың тетігі деп бағалағанымыз дұрыс. Жаңа соттар іс бойынша түпкілікті шешім қабылдайтын сот жүйесінің буыны болады.
Кассация жұмысының басты мақсаты-жазықсыз азаматтардың сотталуына жол бермеу. Сонымен қатар, кінәлілер үшін әділ жаза тағайындау да соттың басты міндеті болып табылады.
Кассациялық соттың жұмыс істеуімен Жоғарғы Соттың қызметі де айтарлықтай өзгереді. Істерді қарауға қатысты барлық ауыртпалық жаңа соттарға жүктелгендіктен, енді Жоғарғы Сот республика соттарында ортақ тәжірибені жетілдіруге көбірек ден қояды. Бұл заңнаманы қолдануда орын алатын олқылыстарды анықтап, шешуге көмектеседі.
Кассациялық саты жұмысының тиімділігін қамтамасыз етіп, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырады деп білеміз.
Қызылорда қалалық сот әкімшілігінің
жетекші маманы Л.Әбдуәли