12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Әке үмітін ақтаған ұл

   Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық полиция бөлімі бастығының  бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Жанболат Мұқашевпен жұмыс орнында келісілген уақытта кездесіп, сұхбат құруға  уағдаластық. Әр сөзін себезгіден аққан судай мұқият таразылап, салмақтап айтып, сабырлы қалпында бабымен баяндап, қадап сөйлеп, орнықты пікірін айтуымен ерекшеленіп тұратын сырбаз жігіт сансыз қоңырау мен бөлмесіне қызмет барысында кеңес алып, құжаттарға қол қойдыру мақсатымен келген әріптестеріне де бағыт-бағдар бере отырып,  тынымсыз жұмысының арасынан сыналап менімен әңгімелесуге де  уақыт бөлді.   

     «БІР  БАЙЛЫҒЫМ БАЛАЛЫҚ, КЕШЕ БОЛДЫ, БҮГІН ЖОҚ»

   Жанболат Мұқашев ата-дәстүріміз бен отаншылдық қасиетіміздің  әз ұясы іспетті шежірелі мекен, Батыс Қазақстан облысы бойынша күйшілердің Отаны атанған Жаңақала ауданының орталығы Жаңақала ауылында 1987 жылы 15 наурызда дүниеге келді. Табиғатынан алғыр, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, тау қопарар қайраты зор  марқұм  әкесі Абай Хамидоллаұлы 1972 жылы Алматы  жоғары милиция мектебін үздік дипломмен бітірген соң, 1972-1997 жылдары Жаңақала АІІб-де аға мемлекеттік автоинспектор болып қызмет атқарып, полиция майоры шенінде зейнеткерлікке шыққан болатын.Анасы Жұмағаным Бекетова  ұзақ жылдар Жаңақала аудандық тұтынушылар одағында қызмет жасап, мемлекеттік қызмет пен отбасының жауапкершілігін тең арқалаған ардақты ана, аяулы жар.

  «Адамның негізі балалық шақта қалыптасады десек, ұлттық салтымыз бен дәстүрімізді дәріптеп, мәдениетімізді мақтаныш көретін, әдет-ғұрпымызды әдіптейтін, ата-бабаларымыздың жүріп өткен ұлағатты жолын қастерлейтін отбасында тәрбиелендім. Ата-анам  алаңсыз білім алуыма жан-жақты жағдайымды  жасай отырып, еңбекқорлыққа, білмекке құштарлыққа, жауапкершіліктің жүгін сезінуге баулып өсірді. Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде замандастарымен жұмылып қызмет еткен әкемнің  ғұмырлық ұстанымы – Отан мен отбасы алдындағы жауапкершілікке адалдығы дер едім», — деген Жанболат Абайұлы әңгімесін әріден бастады. Бойындағы осынау ізгі қасиет  әкемнің буырқанысқа толы, ағысы қатты өмір жолында алға бастырар бағдаршам болды. Сонау 1932-ші жылдың алапат аштығының қанды шеңгелінен отбасын құтқармақ болған атам  Хамидолла мен әжем Амандық Жымпиты жерінен ауа көшіп, Ресейдің Орынбор облысының Илек ауданы, Димитрово ауылына қарасты Цвилинга елді мекеніне тұрақтап, осы жерде төрт ұлы мен екі қызын өмірге әкеліп, өсіріпті. Атам өмірден өткен соң  ерге бергісіз қайратты әжем балалары жат жұртта өзге тілде сөйлеп, бөгде ділді бойларына сіңіріп алмаса  екен деп дер кезінде   олардың болашағын ойлап,  елге, яғни, Батыс Қазақстан  облысының Шыңғырлау ауданына  қоныс аударыпты. Тұла бойында адалдық пен имандылық тұнып тұрған әжем бізді тума-туыспен араласуға, көпшіл болып, қайырымдылық жасауға, жат әдеттерден аулақ болуға баулыды.  Әжем жарықтық егде тартқан жасына қарамастан көрпе-төсек жасап, жүн түтіп, мамырлатып үйрек-қазын өсіріп, үйдің тірлігінен қол үзбей, еңбек етудің үлгісін бізге жарқырата көрсетіп кетті.

    Ресей жерінде кіндігі кесіліп, балалық шағы, жігіттік  жетілуі сол жерде өткен, атажұртта  азаматтық толысудың баспалдағымен өрлеген әкем саналы ғұмырының табысты болуының түп негізі – адал еңбек пен  отбасы бақытында деп ұғынды.  Әкем мен анам  қырық жылға жуық отасқан уақыттың  ішінде бір-біріне аяулы жар, қамқор дос, сыйлас құрбы, өмірлік жолдас, тілеулес ерлі-зайыпты бола білді. Шүкіршілік етер қанағатпен адал өмір сүрді және осы қасиетті жалғыз ұлы менің,  Шолпан, Құралай есімді апаларым мен Орынгүл қарындасымның өміріне айнымас қазық етті. Берекелі шаңырақта төрт ұл-қызды тәрбие мен білім нәріне бөлеп, өрбітті. Шаттық пен ынтымақтың, иман мен жарасымдылықтың, дархан көңіл мен қонақжайлылықтың кәусар бұлағынан сусындап, отбасында  ата-анамыздың мейіріміне малынып өстік.  Қабағымен қағып, ишарасымен ұғындыра білетін әкем өмірден өтіп кеткенше  бізге дауыс көтеріп сөйлеген жан  емес еді.  Тәртібі тастай әкем кішкене кезімізден біздің рухани тұрғыдан бай болып,  кітапты көп оқып, теледидардан жаңалықтар қызметі мен танымдық хабарларды қалт жібермей көруімізді мейлінше қатты қадағалайтын. Әкеміздің бойына сүйекпен сіңген  мәдениетті де сыпайы, адал да әділ, еңбекқорлық қасиетін бүгінде өзіміздің ұрпағымызға үлгі етіп, дәріптеп отырамыз. Белшешпей еңбек еткен әкемізді милиция қызметінде болған кезінде үйден сирек көретінбіз. Сол кезде  аяулы анамыз әкеміздің дос-жолдастары, ағайын-туыстары мен әріптестері алдында беделінің биік, абыройының асқақ болып, жұмысының ілгері басуына өз ақыл-парасатымен үнемі қолдау қөрсетті. Әкемізге қызмет барысында алыс-жақыннан келетін мәртебелі меймандарға әрқашан ұсынықты қолынан шыққан берекелі дастарқанындағы дәмді тағамы мен шуақ шашқан ақжарқын қабағын ұсынды. Дастарқанда дәмнен алдымен әкеміз ауыз тимей, тамаққа қол созбай өскен, отағасының сөзін заң деп қабылдайтын  отбасы ретінде қалыптастық. Анам әманда біздерге бағыт-бағдар сілтегенімен, соңғы шешімді әкеме қалдырып, «Әкең біледі!» дейтін.«Елін сүйер сеніңіз, өз отбасын сүйе алған» деп Қасым Аманжолов ақын айтпақшы, әкеміз бен анамыздың тәрбиесінің арқасында  санасы ұлттық ар-намыспен суарылған ағайынды төртеуміз бүгінде бір-бір шаңырақтың отағасы мен отанасымыз.

«МАМАНДЫҚ ТАҢДАУЫМА ТҮРТКІ БОЛҒАН ӘКЕМ ЕДІ»

— Оқушы кезімнен сурет салуға бейімім болғандықтанкөзім әрдайым жоғары талғаммен жасалған сауатты, мағыналы көрнекіліктерге, суреттерге түсетін де сондайда сыршыл да сұлу, сындарлы дүниелерді тудырған шебердің кім екенін білуге ынтығып, өзімді қамшылап, жақсы суреттер салуға шабыттандырушы едім, — деген Жанболат Абайұлының көзінен бақытты өткен балалық шағына деген сағыныштың табы лап ете түсті.  

–  Жасөспірім кезімде сурет саласының маманы болсам деп армандаушы едім.   Мектеп қабырғасында сурет, сызу, орыс әдебиеті пәнін зор ынтамен оқып, көлік жүргізуге, техниканың тілін меңгеруге  аса құштар болғандықтан, 2004 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан  аграрлық-техникалық  университетіне оқуға түсіп, 2008  жылы аталмыш оқу орнын «Көлік, көлік техникасы және технологиялары» мамандығы бойынша  үздік дипломмен бітірдім.

   Бұла күші бұлықсып, тұла бойын кернеп тұратын жастың көкірегі  арман мен мақсатқа   толып, шөпілдеп кемерінен асып тұруын заңдылық десек,  оған үлкендер тарапынан лайықты қолдау жасалып, дұрыс бағыт беру, қиялына қанат бітірудің маңызы зор екендігіне жылдар өткен сайын көзім жетуде,-деп  Жанболат Мұқашев әңгімесін жалғастырды. Ширек ғасыр Ресейде тұрған әкем  халқымыздың сүбелі сөзін сүйегіне сіңдірген,  ана тіліміздің мәртебесі асқақ болса екен деп шыр-пыры шығатын,  туған тілімізді  орыс тілін араластыра шұбарлайтындарға жаны қас адам болатын. Тереңнен толғап, жүректі қозғайтын әсерлі әңгімесі арқылы біздерді адамгершіліктің биік шыңы адалдыққа, кісіге қылдай қиянат жасамауға тәрбиелеген, қайнаған еңбек жолында пісіп, қоғамда салиқалы ой, сара жол көрсетіп, өмірі өнегеге, көңілі нәрге толы, мінезі сабырлы да әділ болған әкем марқұм 2008 жылы жоғары оқу орнын аяқтаған маған «Полиция қызметкері боласың!» деп мәселені төтесінен қойды.

   Отбасымыздың тірегі, арқасүйеріміз әкемнің «Ұлым! Мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету жолында  маңдайының терін төгіп, абыройлы қызмет етіп жүрген  менің  және әріптестерім,  Жаңақала аудандық ішкі істер бөліміндегі жерлес ағаларыңдай жұртшылықтың бостандығы мен құқығын қорғаушы тәртіп сақшысы болғаныңды қалаймын!» деген  бір ауыз сөзі мен үшін заң іспеттес еді. «Басында  әке айтпаса ақыл-жарлық, ағайын табылмаса ой саларлық. Қаласаң босқа өткізген қайран дәурен, түбінде  тартқызбай ма ол бір зарлық?», — деп  хакім  Абай айтпақшы, бүгінде болашағыма дұрыс бағдар беріп, жол сілтеген әкеме алғысым шексіз. Жан жүрегіммен қалаған мамандығымды игеріп, осы салада қызмет ету  мен үшін әрі абырой, әрі  жанның рахаты. «Жеті рет өлшеп бір кесетін», абдырап-аптықпайтын мінезім тура әкеме ұқсайды.Артық сөйлемей-ақ қабағымен қағып, айбарымен ықтырып, бізге білім мен тәрбиені тел еккен ардақты әкемнің арманы – менің өз жолын қуып, тәртіп сақшысы мамандығын игергенімді көру болатын. Әкемнің аманатын арқалай жүріп, үмітін ақтадым деп білем, — деген жас жігіттің жүзінен өзін өмірге әкеліп, тәрбиелеген әкесіне деген мақтаныш лебі көрік бергендей әсер алдым.

АБЫРОЙ  БИІГІНДЕГІ ПОДПОЛКОВНИК

    2009 жылдың 26 қаңтарынан бастап әкенің аманатын арқалаған Жанболаттың   ҚР Ішкі істер органдарындағы қызметі басталды.2009 жылы екі ай  ҚР ІІМ-нің Атырау қаласындағы училищесінің тыңдаушысы ретінде машықгерлік тағылымдамадан өтті.2009-2024 жылдар аралығында  Жаңақала АПб жол полициясы тобының мемлекеттік автоинспекторы, әкімшілік полиция бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары тобының учаскелік инспекторы, әкімшілік полиция бөлімшесінің азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының инспекторы, әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы болып туып-өскен, кіндік кескен Жаңақаласында  адал еңбек еткен, «Адамдық  борышың  – халқыңа  қызмет  қылу» деп ұғынған алғыр жігіт  қызметте өрлеп, 2024 жылдың  15 тамызында  Жәнібек аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осы жылдар аралығында кәсіби тұрғыдан үздіксіз білімін жетілдіріп, Батыс Қазақстан  Еуразия академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады.

    — Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету,  қоғамдық орында қылмысқа жол бермеу міндеті жүктелетін ауыр да жауапкершілігі терең жұмысымда кәсіби тұрғыда шыңдалуыма 30 жыл бойы Жаңақала АІІб-де аға мемлекеттік автоинспектор болып қызмет атқарған полиция майоры, өмірлік ұстазым,«ойласа – ойдың төрінен, сөйлесе – сөздің өрінен» табылатын байсалды жан,  әрдайым маған  «Еңбекқор,  әділ де адал,  өмірлік ұстанымыңа берік бол!» деп  өмірден өткенәкем  мен онымен үзеңгілес қызмет жасаған полиция  подполковнигі, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері  Ғайботолла Сәрсектің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз десем, қызмет барысында Жаңақала аудандық полиция бөлімінің бастығы,  полиция  полковнигі Қайрат  Хасенов, еңбек жолын алғаш бастаған уақытта  тәлімгер болған Жаңақала АІІб-нің аға мемлекеттік автоинспекторы  Берік Кереев, полиция  подполковниктері Ержан  Макишев, Айшуақ Сейітқазиев, Жәнібек аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция  майоры Мейрамхан  Бапаховтың  зор септігі тиді. Осы әріптестерім тек мені ғана емес, бөлімдегі өзге де қызметкерлерге адамдармен қарым-қатынас жасау, іс-құжаттарын толтыруда өз тәжірибесін, ақылын аямай, үнемі  көмегін беріп келді. Олардың тәжірибесінен  тағылым алудан, кәсіби маман ретінде үйренуден  жалыққан емеспін, — дейді Жанболат Абайұлы.

    Ұжымның жүйке-жұлыны, негізгі уығы оның әлеуеті мықты мамандары екендігі белгілі. Бүгінде еңбек өтілі  жиырма төрт жылды  құраған тәртіп сақшысы  осы аралықта тоғыз басшымен жұмыстас болған екен. Қарапайым халыққа тұрақты жұмыс, қалыпты тұрмыс, бейнетіне сай зейнет, ұрпағының амандығы, елдің тыныштығы, адал еңбегін арам қолдардың олжаламағаны, төккен терінің зая кетпегені,  «Мен осы елдің  азаматымын»  деп масаттанатындай  қауіпсіз өмір сүруі қажет десек,  мемлекет пен қоғамның қауіпсіздігін қорғау жолында толымды еңбек етіп жүрген Жанболат Абайұлының берекелі шаңырағының шамшырағы, ақылына көркі сай, білімді де білікті, сабырлы да салмақты, инабатты да парасатты, мейірімді де жайдарлы, кең пейілді, отбасының ұйытқысы Жанкүміс Исатайқызы –  жарының адал серігі,  ата-енесінің қадірменді келіні, Жантөре, Ердәулет, Алдияр, Аяла, Әміре есімді  ұл мен  қызды  өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған аяулы ана. «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген,  жұбайының қызметте жетістікке жетуі, айналасына абыройлы болуы отбасының  ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы болып отырған Жанболаттың аяулы анасы екеуіне тікелей байланысты  екенін терең ұғынған Жанкүміс  отағасының жеткен жетістіктеріне дәйім көңілі марқайып, тынымсыз жұмысына  әркез қолдау жасап, жігерлендіріп  отырады.

   «Жәнібек ауданындағы криминалдық жағдай жалпы алғанда тұрақты. Жерлестеріміздің тарапынан полиция қызметкерлеріне деген құрмет пен бірлесе көмек көрсетуге деген ұмытылысты әркез байқаймыз. Жыл басында құрылған жоспарға сай профилактикалық  есепте  тұратын  тұлғалардың тарапынан қылмыс немесе құқық бұзушылықтарды болдырмау, алдын алу мақсатында  кешенді жұмыстар тұрақты жүргізілуде. 2024 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша 33 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.  Тіркелген 8 ұрлық 100%(пәтер ұрлығы – 1, мал ұрлығы – 7)    түгелдей ашылды.  2024 жылдың өткен мерзімінен осы күнге дейін Жәнібек АПб қызметкерлерімен мал ұрлығының алдын алу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып, тұрғындар арасында, ШҚ, мал бағатын бақташылармен кездесулер өткізіліп, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындар мен шаруа қожалықтарының өз жеке малдарын еркін жайылысқа және ауыл іштеріне, көлік қатынасатын тас жолдар үстіне бағымсыз қалдырғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 408- бабымен ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу бойынша барлығы 342 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, хаттама тұрғызылды. Жалпы саны 1.899.479 теңге мөлшерінде айппұл салынды және ол толық өндірілді.Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жоспарға сай ауданымызда «Учаске», «Құқықтық тәртіп», «Тұрмыс», «Тасмалдаушы», «Қауіпсіз жол», «Пробация» атты жедел профилактикалық іс шаралар жүргізіліп, құқық бұзушылықтар анықталуда», — деп  атқарып отырған қызметіне  жан-жақты шолу жасаған Жанболат Мұқашевтың жұмысын терең меңгергендігі  сөйлеген сөзінен айқын аңғарылып тұрды.   

  Бағзы заманнан  «Елдің  ісі – ердің  мойнында» деп ер иығына  ауыр жүк артқан жерлестерінің көңілінен шығып, адал еңбегімен әріптестерінің арасында абыройға бөленген  Жанболат Абайұлы қызмет атқарған жылдар ішінде қызметтік міндетін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені  үшін Жаңақала, Жәнібек АП бөлімінің, БҚО Полиция департаментінің басшылығы атынан алғысхатпен, Құрмет грамотасымен марапатталып, бірнеше жыл қатарынан БҚО ПД қызметкерлері арасындағы жауынгерлік қарудан атудан облыстық чемпионаттың күміс және қола жүлдегері атанды.

   Еселі еңбегімен  ортасынан ерекшеленіп, кәсіби білімі мен білігін үнемі ұштап, іргелі  істерге ұмтылысымен мемлекетіміздің  мерейін асыруға атсалысып, тасқындаған табыстың  эстафетасын  жалғап жүрген Жанболат Мұқашев таяуда ғана ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» II, III  дәрежелі төсбелгісін кеудесіне жарқырата тақты. Адалдықты ғұмырының темірқазығына балаған  тәртіп сақшысының болашағы жарқын болсын деп тілеймін!

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

Батыс Қазақстан  облыстық  тарихи-өлкетану музейінің

Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жәнібек ауданы,

                                                                                                Батыс Қазақстан  облысы 

.

Білікті маман Мамытов

Мақаламыздың кейіпкері – Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімі бастығының ...

Рақымшылық Заңының маңызы зор!

Қазақстанда кезекті рақымшылық заңы қабылданды. Бұл ел тәуелсіздігін алғаннан...

Кәсіподақтар Президент реформаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді

Жұма күні, 11 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының...