12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Білікті маман Мамытов

Мақаламыздың кейіпкеріБөкей ордасы аудандық полиция бөлімі бастығының  тәрбие және кадр саясаты жөніндегі  орынбасары, полиция  подполковнигі  Тимур Сейітбайұлы Мамытов. Ішкі  істер құрылымы саласында еңбек жолын  учаскелік полицейдің көмекшісі болып бастап, біраз жыл Жәнібек аудандық полиция бөлімінде  жедел аға кезекші инспектор, мемлекеттік техникалық инспекция тобының аға мемлекеттік автоинспекторы,жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы,көші-қон қызметі тобының аға инспекторы және БҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекция  бөлімінің инспекторы болып  абыройлы қызмет атқарды. Еліміздің тыныштығын сақтауда өзінің ізгі борышын  абыроймен, қызметтік міндетін  адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижеге жеткені үшін «Генералдар кеңесі»  республикалық  қоғамдық бірлестігінің атынан Құрмет Грамотасымен, өңіріміздезаңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне, қылмысқа  қарсы күреске, мемлекетіміз азаматтарының  конституциялық  құқықтары мен бостандықтарын қорғауғақосқан үлесі үшін бірнеше рет  БҚО Полиция департаментінің, Жәнібек ауданы әкімінің, АПб басшылығының алғыс хатымен марапатталған.

—  Тимур Сейітбайұлы! «Ұя  жақсы, тек онда балапан боп сиясың, шықпас еді қырандар қия алмаса ұясын» деген,  өскен ортаңыз,  балдәурен балалық  шағыңыз,  ата-анаңыз туралы айтсаңыз?

«Балалық  тәтті түс қой, тәтті түс қой, түс екеш түстің өзі  қақтығыс қой. Аңғармай алақаннан шашып алған, бір уыс балалығың  ақ күміс қой», — деп ақын жырлағандай,   балалық дәуренім Жамбыл облысының Тараз қаласында өтті. 1985 жылдың 7 ақпанында  ерлі-зайыпты Сейітбай мен  Роза Мамытовтардың отбасында дүниеге келдім.  Баланың тұңғышымын. Жеке кәсібін дөңгелетіп отырған шаңырағымызда  екі ұл, екі қыз алаңсыз өстік.  «Ғалам жайлы  ғажап сырлар шертеді, ертегіні тәуір  көрем мен тегі. Осы күні  ойлап көрсем жасымда, шешем маған айтпапты еш ертегі» деген ақын  Жүрсін Ерманның өлеңі бар емес пе, мен керісінше асыл әжемнің бесік жырында тербеліп, ертегісіне елітіп өскен бала болдым. Жамбыл облысының Меркі ауданында тұрған, бүгінде екеуі де  марқұм болған  Молдағазы атам мен Мубар әжеме айтар алғысым зор. Қалада өссем де каникулға шықсымен «Меркі, қайдасың?» деп ауылға  тартып кететінмін. Мал шаруашылығымен айналысатын  атама  қолқабыс жасап, ауылдың тірлігін  бір кісідей үйреніп алдым. «Келер күн келер екен не дайындап, қараңғы қарағанмен болжай алман» деп дана Абай айтқандай, тәуелсіздіктің елең — алаң өтпелі кезеңінде қап арқалап, отқа да, суға да түсіп, күн мен желге қақталып, заманның, уақыттың барлық қиындығын, қияметін қасқайып тұрып қарсы алып, жоқтан бар жасап, отбасын асырап, сақтаған  әйел-аналардың қатарында менің де анам бар болатын. Әйтпесе «Арық атқа қамшы ауыр, жыртық үйге тамшы ауыр» болған  сонау тоқсаныншы жылдары нар жүгін көтерер «Мен» деген азаматтардың өзі шайқалып кеткен еді ғой. Үмітін ертеңгі нұрлы күнмен байланыстырып, бізге зор сенім артқан анашымның, «Жаңбыр-жаңбырдың арасында жан баққан»  кезде қайсарлығымен, еңбекқорлығымен еңсесі биік шыққан,  балаларына ақыл-кеңесін аямай, ешқандай таршылық көрсетпей өсірген әкемнің арқасында алаңсыз өстік.

 — Жазушы Рахымжан Отарбаевтың  «Қазір ғой ақылдың  көбейіп, арманның азайғаны» деген сөзіне сүйенсек,  мақсат пен ой-қиялдың  бастауы болған бала кезіңізде кім болуды армандадыңыз?

Адамның негізі балалық шақта қалыптасады ғой. Тараз қаласындағы №48 мектептің табалдырығын  1992 жылы аттадым. Болашақ маман болып қалыптасуымда оқушы жанын аялап, өз жанын аямаған  ұстаздарымның өлшеусіз еңбегі жатыр. Мектепте дене шынықтыру пәнін сүйіп оқыдым. 8-сыныпқа дейін Тараз қаласындағы орта мектепте білім алған соң, 2000-2003 жылдары Шымкент қаласындағы Суворов  атындағы  республикалық әскери мектеп-интернатта білім алдым. Темірдей тәртіпке, жинақылыққа, төзімділікке, ұшқырлыққа, жауапкершілікке, өзара жанашырлыққа тәрбиелейтін әскери салада алған білімім мен дағдымның өмірлік мұратыма айналған  тәртіп сақшысы қызметімде  тигізген көмегі ұшан-теңіз.  Бала кезімнен  полиция қызметкері болуды, нақ соның ішінде «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара», «Жол қауіпсіздігі – өмір   кепілдемесі» демекші, көлік  қозғалысының қызметін  қадағалайтын МАИ қызметкері болуды армандадым. Еңбекқорлық, алдыңа қойған мақсатқа жетуге ұмтылу  жолындағы табандылық қасиеті адамды өзін-өзі  қамшылап, алға жылжуға итеремелейді емес пе?! Әскери  мектеп-интернатты аяқтаған соң  2003-2005 жылдары Б. Момышұлы атындағы Шымкент заң колледжінде  оқып, «Кәсіби білікті заңгер»  мамандығы біліктілік дипломына ие болдым. Мамандық таңдау жолындағы арманым орындалып, 2008 жылы Ақтөбе қаласындағы қазақ-орыс халықаралық университетінің заңтану  факультетін «Жоғары кәсіби білікті заңгер», 2020 жылы  Жәңгір хан атындағы  Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін «Көлікті пайдалану және  жүк қозғалысы мен тасымалдауды ұйымдастыру» мамандығы бойынша бітірдім. Жан жүрегіммен қалаған мамандығымды игеріп, осы салада қызмет ету  мен үшін әрі абырой, әрі  жанның рахаты.

   — «Кеудем бір мұңға шып толып, арқалап кеттім ауыр жүк» демекші, туған жеріңізден Батыс өңіріне қай жылы келдіңіз?

2005 жылы Батыс Қазақстан облыстық Ішкі Істер департаментінің жолдамасымен Жәнібек аудандық ІІб-не жұмысқа орналастым. Бөлім басшысы Бейбіт Зиналиевтің бұйрығымен учаскелік полицей Жақсылық Жұмаевтың көмекшісі болып тағайындалдым. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету,  қоғамдық орында қылмысқа жол бермеу міндеті жүктелетін ауыр да жауапкершілігі терең жұмысымда кәсіби тұрғыда шыңдалуыма  Жақсылық Жұмаев, Жәнібек аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып еңбек еткен полиция  подполковнигі Нұрғали Наурызәлиев, полиция  подполковнигі Еркін Қуанышқалиев, бөлім бастығының орынбасары,полиция  подполковнигі Берік Төлеуовтің  зор септігі тиді. Берік  Төлепұлы адамдармен қарым-қатынас жасау, іс-құжаттарын толтыруда өз тәжірибесін, ақылын аямай  үнемі  көмегін беріп отыратын. 2005-2006 жылдары учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, 2006-2007 жылдары  жедел кезекші, 2007-2011  жылдары аға жедел кезекші, ал, 2011-2013  жылдары аудандық ішкі  істер бөлімінің  әкімшілік  полиция  бөлімшесінің  аға  жол және техникалық  автоинспекторы, 2013-2019 жылдары аудандық ішкі істер бөлімі мемлекеттік техникалық инспекция тобының аға мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқардым. Осы қызметімде  менің алдымда  аға  мемлекеттік  инспектор  болып еңбек еткен  Асылхан Кәрімовтен кәсіби маман ретінде үйренуден  жалықпадым. 2019-2021 жылдары Жәнібек аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, 2021-2022 жылдары Жәнібек  аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, 2022-2024 жылдары БҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекция  бөлімінің инспекторы болып қызмет атқардым. Жәнібек аудандық полиция бөлімін  басқарған полиция полковнигі Төлеген Ерғалиев, полиция полковнигі Манарбек Қаташев,  полиция подполковнигі Асқар Әбдірахманов,  бөлім басшысының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Данияр Рақышев, БҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция майоры Олжас Ибрайымов, әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекциясы бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Ербол Аманғалиев, БҚО полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының жол және техникалық инспекция  бөлімінің инспекторы, полиция подполковнигі Берік Дүйсеғалиевтің  осынау қызметімді атқарған кезімде тигізген көмегі әркез жадымда тұрады.

 —  Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімі бастығының  тәрбие және кадр саясаты жөніндегі  орынбасары болып тағайындалғаныңызға, жалпы ауданда осы штаттың ашылғанына бір жылға жуықтапты. Жалпы  лауазымдық міндетіңізге  тоқтала кетсеңіз.

  — Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің кәсіптік ядросын тұрақтандыру, қызметтік ұжымдарды біріктіру, жеке құрамның ішінде саламатты, моральдік-писхологиялық ахуалды қалыптастыру, тәртіп пен заңдылықты нығайту, қызметкерлердің мәдениетін жоғарылату жедел-қызметтік міндеттерді сапалы шешуге жұмылдыру мақсатында жаңадан  штат ашылып, 2024 жылдың 2 ақпанынан бастап Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімі бастығының  тәрбие және кадр саясаты жөніндегі  орынбасары  қызметіне тағайындалдым.«Полиция – халыққа жақын болу қажет» деген қағидамен жұмыстанып келеміз. Жерлестеріміздің тарапынан полиция қызметкерлеріне деген құрмет пен бірлесе көмек көрсетуге деген ұмытылысты әркез байқаймыз. Мемлекетіміздің ішкі істер құрылымы қызметкерлеріне қойып отырған  қатаң талабы пен темірдей тәртібіне сай болу басты міндетіміз деп ұғынамыз.   Ішкі істер министрлігінде қалыптасатын кадр саясатының орындалуын қамтамасыз етіп, АПб-де кадрларды іріктеуді және орналастыруды жүргізу, алқа шешімдері, ІІМ жоспарлары, сондай-ақ, департаменттің міндеттері мен функцияларында жоспарланған шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді ұйымдастырып, штаттық-қаржы тәртібінің сақталуын бақылаймын. Жеке құрамның арнайы-тактикалық, атыс, дене шынықтыру және   жауынгерлік  күрес  тәсілдері,  сондай-ақ,  құқықтық, қызметтік, психологиялық дайындығын (БҚО ПД АЖДБ-ның инспекторларымен) бірігіп өткізуді ұйымдастырамын. Ұжымда моральдық-психологиялық қалыпты ахуалды қалыптастырып, жеке құрам арасында әлеуметтік-құқықтық жұмысты ұйымдастыру, қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету тікелей міндетім болып табылады.

  БҚО  Полиция департаменті  кадр саясаты басқармасының бастығы, полиция полковнигі  Қадыржан Ерсайынұлының тарапынан ұстаздық бағыт-бағдар мен ағалық қамқорлықты үнемі сезініп келемін.  Бөкей ордасы аудандық полиция бөлімінің бастығы,  полиция  подполковнигі  Бақберген Молдағалиев пен оның бірінші орынбасары, полиция  подполковнигі  Дәурен Сертековпен бірге ұжымдағы қырыққа таяу қызметкермен қоян-қолтық бірлесе жұмыстанудамыз.

  «Жігіттің қосы оңбай, ісі оңбайды» деп отбасы құндылығын  алдыңғы орынға қоятын халықпыз ғой,  отбасыңыз туралы айтып берсеңіз?

     — Жұмысыңда жетістікке жетуің, айналаңа абыройлы болуың – сыйластығына  сызат, сеніміне селкеу кірмеген бақытты  отбасыдан бастау алатын байлық деп есептеймін өз басым. Таразда дүние есігін ашқан өзім Жәнібекте бақытымды таптым. Жарымның есімі – Әсел, мамандығы – заңгер. Тамерлан, Әлихан есімді ұлдарымының анасы. Тамерлан 11-сыныпта, Әлихан  5 — сыныпта оқиды.  Әселмен бірге өмірдің  күнгейі мен көлеңкесін, ащысы мен тұщысын бастан өткеріп, бас айналдырар бақытты шақтар мен айтыс пен тартысқа толы өмірдің  көңілге кірбің ұялатар сәттерін де бірге бастан  кешіріп келеміз. Қырық рулы, қарға тамырлы  қазағымыздың даналарының ағайынның алалығынан ауыздағының кететіндігін  айтқан өсиеті үнемі есте болып, бауырмалдық, жомарттық, уәдеге беріктік, қайырымдылық қасиеттерді  өміріміздің өлшеміне айналдыра білдік.  Өмірде кездесетін тосқауылдарға сынбай, тұнық көңіліміз лайланған, жүрегімізге жүк артылған, көңілге қаяу түскен кезімде жасымай, мақтау-марапатқа тасымай, «Адам» деген үлкен әріппен жазылар ардақты сөзді қастерлеп, азаматтық болмысыма кіршіксіз қылау түсірмесем екен деймін әрқашан. Еңбек жолымды бастаған, сүйген адамымды жолықтырған, балаларымның нағашы жұрты тұратын  Жәнібек өлкесі, ақпейіл адамдары мен үшін  ерекше ыстық. Тұңғыштардың Отаны Бөкей ордасы ауданына да қалтқысыз қызмет ету парызым.

     — Әңгімеңізге рахмет!

Меңдігүл ФАЗЫЛОВА,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

 Батыс Қазақстан  облыстық  тарихи-өлкетану музейінің

Жәнібек аудандық музей бөлімінің меңгерушісі

Жәнібек ауданы,

Батыс Қазақстан  облысы 

Әке үмітін ақтаған ұл

   Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек аудандық полиция бөлімі бастығының...

Рақымшылық Заңының маңызы зор!

Қазақстанда кезекті рақымшылық заңы қабылданды. Бұл ел тәуелсіздігін алғаннан...

Кәсіподақтар Президент реформаларын жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді

Жұма күні, 11 шілдеде Астанада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының...