Ғұмырын ұлтына, елінің өркендеуіне, жастардың тәрбиесі мен отандық ғылымның дамуына арнаған Жанатбек Ишпекбаевтың өмір жолы көпке үлгі.
Жанатбек Ешенқожаұлы – Қазақстан Жоғары мектебі Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қытай Халық Республикасының Ханьшань педагогикалық институтының құрметті профессоры, Ш.Уəлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
«Тəуелсіз мемлекеттер достастығында саяси консенсусты қалыптастыру» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған ғалым ғылыми ізденістері мен педагогикалық қызметінің нəтижесінде 2011 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық профессоры атағына ие болды. Оның қаламынан туған 6 монография, ондаған оқу-əдістемелік құрал мен 100-ден астам ғылыми мақала Қазақстан ғылымына сүбелі үлес болып қосылды. Оның еңбектері Scopus дерекқорына еніп, авторлық патенттермен қорғалған.
Жанатбек Ешенқожаұлының «Мəңгілік Ел осылай сомдалған» жəне «Мəңгілік Ел қазағына хат» атты монографиялары – тəуелсіз Қазақстанның тарихи шежіресін, рухани-мəдени қалыптасу жолын терең зерделейтін, ұлттық сана мен болмысты ғылыми негізде байыптайтын еңбектер. Аталған еңбекте қазақ ұлтының тамырынан бүгінге дейінгі тарихи эволюциясы, қоғамдық санасы мен интеллектуалдық əлеуеті философиялық, сая си, мəдени тұрғыда зерделенген. Бұл еңбек үшін Жанатбек Ишпекбаев Шоқан Уəлиханов атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Жанатбек Ешенқожаұлының еңбек жолы Абай атындағы ҚазПИ-дің қарапайым оқытушысынан басталған. Одан бері ректор көмекшісі, тəрбие жұмысы жəне əлеуметтік даму жөніндегі проректор, ректор кеңесшісі, бүгінде – Ректор Аппаратының басшысы қызметін абыроймен атқарып келеді. Сонымен қатар, ол – Саясаттану жəне əлеуметтік-философиялық пəндер кафедрасының профессоры, тəрбие жəне рухани даму саласында терең теориялық негіздерге сүйенген бірегей бағдарламалардың авторы. Оның бастамасымен құрылған «Абай мектебі» ұйымы мен екі жылда бір өтетін «Абай əлемі» фестивалі – студент жастардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, рухани тəрбиенің үздік үлгісіне айналды. Мемлекеттік тілді дамытуға арналған бастамаларда да ғалым алдыңғы шепте жүр.
Бүгінгі күнге дейін қазақ тілінің мəртебесін арттыру бағытында оқу құралдарын əзірлеп, терминологиялық сөздіктер авторлығына атсалысып, тіл мəдениетінің дамуына мол үлес қосты. Осы еңбегі үшін кезінде «Ахмет Байтұрсынұлы» төсбелгісімен марапатталды.
Жанатбек Ешенқожаұлы – бүгінгі ұрпақтың ғана емес, болашақтың да жүрегіне ой салып, ұлт мұратына бағыт беретін азамат. Ол – өз халқының жанын ұққан, рухын таныған, тарихын зерделеген, ертеңіне сенген тұлға. Оның еңбектері мен ой-толғамдары – қазақ ғылымының ғана емес, ұлттық руханияттың асыл қорына айналды. Осылайша, Жанатбек Ешенқожаұлы мерейлі 60 жасқа үлкен жетістікпен жетіп отыр. Қазақ ғылымының дамуына атсалысқан арда азаматтың еңбекқорлығы жастарға өнеге болғай.
Ақбота ЕРБОЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»