Қазір ауыр есірткі түрлерімен қатар, дəріханалар арқылы таралатын құрамында улы заттары бар дəрі-дəрмектердің көбірек болуы да аса үлкен мəселеге айналды. Қолға оңай түсетіндіктен, жастар арасында мұндай дəрілерді еш қиындықсыз сатып алып, есірткіге əуестенушіліктің арты нашақорлық дертіне əкеліп соғуда.
Адам өмірінде бұл тек медициналық қауіп қана емес, жыл сайын көптеген адамды нашақорлықтың құзына қарай итермелейтін аса үлкен қатер болғандықтан, қоғам тарапынан қорқыныш тудырған мəселе. Есірткіге тəуелділік адамның жасына, əлеуметтік жағдайы мен біліміне де қарамайтындығын ескерсек, мəселенің тым өзекті екені айдан анық көрінеді. Мамандар мұндай қауіпті дəрі-дəрмектердің тек дəріханалар мен емдеу мекемелерінде ғана емес, үйлердің подъездерінде, мектептерде, тіпті қарапайым отбасыларда да кеңінен таралып, дамып жатқанын айтып, қауіп бұлтының төніп тұрғанын атап өтті. Түйткілді мəселе Ақмола өңірінде де аса өзекті болып тұр. Бұған замана індеті – нашақорлық дертіне шалдыққан адамдардың бұрнағы жылдармен салыстырғанда еселеп артуы айқын дəлел. Тек жыл басынан бері ғана облыс аумағында дəріханалардан заңсыз түрде алынған рецептуралы психотропты препараттарды сатып алған 53 адам қолға түскені мəлім болды. Б ұ л аса ауыр есірткі түрлерімен қатар дəріхана арқылы таралатын нашақорлықтың да іс жүзінде аса үлкен қарқынмен дамып келе жатқанын айғақтап береді. Ерекшелігі сол, ауыр есірткі түрлері қолға оңай жолмен түспейтіндігімен əрі бағасының қымбаттығымен қолжетімсіз болса, дəріхана арқылы таралатын есірткіні жастардың оңай жолмен алуға болатындығы аса зор қауіп тудыруда. Өйткені, дəріханалық препараттарға тəуелділікке ұшы раудың арты көп жағдайда аса ауыр есірткі түрлерін тұтына бастайтын алғашқы қадамға айналатыны мəлім. Бұл өз кезегінде одан əрі нашақорлыққа тəуелділікке жеткізетіні белгілі. Өңір прокуратурасы мен құқық қорғау органдарының мамандары дəріханалар арқылы ашық саудаға түсіп, есірткіге еліткендердің «оңай олжасына» айналатын препараттар жастардың болашағына аса зор қауіп төндіріп жатқанын ашық айтты.
– Өкінішке орай, бəрі кəдімгі қарапайым дəріханалар арқылы емін-еркін түрде сатылып жатқан дəрі-дəрмектер есебінде кеңінен таралып жатқанын атап өтпеске болмайды. Мəселен дəріханаларда самсап тұрған трамадол таблеткаларының құрамында кодеин шəрбаты аса мол. Мұндай дəрі-дəрмектер дəріханалар арқылы балаларға дейін қолжетімді. Есірткіге еліткендер қауіпті дəрі-дəрмектерді заңды өрескел түрде бұза отырып дəріханалардан-ақ сатып ала алады. Сонымен қатар «Бармақ басты, көз қысты» жолымен де қажет адамды тұтынушы еш қиындықсыз тауып, құрамында есірткісі бар дəрілерді қолға түсіре алады, – дейді Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов. Сала мамандарының пікірінше дəріханалар арқылы таралатын құрамында есірткісі бар дəрі-дəрмектерді тұтынудың алғашқы кезеңінде адамның бар тəні босаңсығандай сезініп, рахаттана бастайды. Одан əрі тұтыну мөлшері де көбейе береді. Одан əрі ағзаның өзі мұндай дəрі-дəрмектерге əбден еті үйреніп, əдеттегідей қалыпты жағдайға айналады. Тіпті, есірткі құрамды дəрілерді тұтыну ешқандай да əсер етпейтіндей күй кешеді. Сондықтан да дəл осындай сəттерде есірткіге тəуелділікке ұшыраған адамдардың көпшілігі дəріханалық жолмен таралатын дəрі-дəрмектерді қойып, айтарлықтай күші жоғары, тіпті заңмен тыйым салынған есірткі заттарын іздей бастайтыны мəлім болды. Мұндай мəселелер дəріханаларда тек рецептік жолмен ғана берілетін дəрі-дəрмектердің тамыр-таныс арқылы, кейде ештеңе сұрамастан босатылып, бақылаусыз түрде сатылуымен байланысты. Бұл өз кезегінде заңның өрескел түрде бұзылғанымен қоймай, қоғамның қауіпсіздігіне аса зор қатер төндіре бастайды. Əсіресе, дəрі-дəрмектің күмəнді түрлері жасөспірімдер мен қоғамның əлжуаз топтарынан шыққан жастардың қолына түскен жағдайда оның өмірі мен денсаулығының талқанын шығаруы əбден мүмкін екені түсінікті. Елімізде адам ағзасына аса қатты əсер ететін, атап айтқанда психотропты немесе басқа да есірткінің ауыр түрлері ерекше қатты қарқынмен таралып əрі дамып жатқанын ескерсек, оның ең алғашқы сатылары яғни дəріханалық жолмен таралатын нашақорлықтың тамырына балта шабу қажеттігі айқын сезіледі. Бұл орайда аса күшті əсер ететін психотропты жəне есірткі заттарының заңсыз сатылуына айыппұл түрінде, ал фармацевтикалық саланың қызметкерлері үшін лицензия əрекетін мүлде тоқтатуға дейінгі жауапкершіліктің қарастырылғаны дұрыс. Мұндай жаза есірткі заттары мен дəрі-дəрмектерін сатпастан бұрын дəріхана фармацевтерінің жауаптылығын көтеруге ықпал етеді. Ал егер дəріханадағы құрамында есірткі заттары бар дəрі-дəрмектер кəмелет жасына толмаған балаларға аса ірі көлемде сатылған жағдайда жазаны одан сайын қатаңдатқан жөн. Есірткінің емін-еркін дəріханалар арқылы таралуына немқұрайдылықпен қарау жүздеген, тіпті мыңдаған тағдырдың өмірін тозаққа айналдыратынын ұмытпайық. Облыс прокуратурасы дəріханалық нашақорлықтың таралуына бейжай қарамауға үндеуде. – Қоғамның əрбір мүшесі өзінің жақын адамдарының, болмаса басқа жандардың нашақорлыққа тəуелділікке тап болғанын білген жағдайда үнсіз қалмай, бірден əрекет етіп, оның емделуіне, қоғамға қайта оралуына барынша қолдау көрсету қажет. Əсіресе, есірткіге тəуелділікке ұшырататын емдік препараттардың рецептісіз сатылу фактілерін байқаған жағдайда дереу хабарлаудың аса маңызды екенін естен шығармаған жөн. Ертерек дабыл қағылған жағдайда адам тағдырын араша лауға мүмкіндік болмақ, – дейді Руфат Бауыржанұлы.
P.S. Расында да нашақорлық дертінің алдын алуда оның басталуының алғышарттарын, яғни дəріханалық жолмен таралуына тосқауыл қою аса маңызды болып отыр. Бұл орайда заң қағидаларының қатаңдатылуы мен солқылдақ тұстарының түзетілгені жөн. Тек сонда ғана қоғамда, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында емін-еркін сатылып жатқан дəріханалық нашақорлықтың тамырына балта шабылады деген үміттеміз…
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ