Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде өткізген кеңесте онымен күресті Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Президентіміздің пікірінше, заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабу керек.
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мемлекеттік мекеме ұйымдардың қызмет заңдылығының орнықтылығына байланысты шыққан сот шешімдері қоғамда біршама серпіліс туғызғанын атап өтуге болады.
Кез-келген мекемедегі Мемлекеттік қызметкер басқаларға үлгі-өнеге көрсетуі керек екенін Мемлекет басшысының өзі қайта-қайта қадап айтса, екінші жағынан олардың құқық бұзушылық және қылмыстық жауапкершілігі заңнама талаптары арқылы айқындалған.
Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық санатындағы заң бұзушылықтарға барып жүргендердің басым көпшілігі ірілі-ұсақты лауазым иелері болып жатқандығы көңіл қынжылтады. Ендеше, бұл бағыттағы жұмысты барынша ширату қажет. Қысқасы, жемқорлардың жолын кеспей мемлекеттің қарышты қадам жасауы қиын. Әрі қарапайым адамдар да олардың жең ұшынан жалғасқан жымысқы тірлігін көріп-білгендіктен, болашаққа сенімін жоғалтады немесе заңның баршаға ортақтығына кәдімгідей күмән келтіреді.
Жалпы, құқықтық мемлекет құруға шындап бет бұрған мына тұста заңдылықтың бұрмаланбауы басты мәселе болып табылады. Осыны жете ұғынып, жауапкершілігін сезінген Түркістан облысының ауданаралық соты өзінің қарауына түскен мемлекеттік сатып алу, тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, қоршаған ортаны қорғау және басқа да маңызды мәселелердің заңдылық тұрғысында жүзеге асуына, әділ сот шешімінің шығуына айрықша ден қойып келеді.
Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүлде мүмкін емес екенін атай отырып, мұны мемлекет қауіпсіздігіне төнген қатер деп санайды. Сондықтан, сыбайлас жемқорлық қылмыстары қоғамның жегі құрты екендігін естен шығармағанымыз абзал.
Шоқан Күзербаев,
Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының бас маманы.