spot_img
spot_img

Бірлігі бекем ұжымның жеңісі көп

«Ынтымақты елдің ырысы мол», «Береке көзі – бірлікте» дегенді данышпан бабаларымыз тегін айтпаған. Расында да, бір мақсатқа ұйысып, бір мүддеге біріккен ұжымның алмайтын асуы, бағындырмайтын биігі жоқ. Алматы қалалық сотындағы аға буын мен кейінгі буын арасындағы жарасымды әріптестік, достық қарым-қатынас сол бірлік пен татулықтың нақты көрінісіндей.

Республикадағы басқа соттарға заңды қолдану, озық тәжірибе қалыптастыру, сот жұмысын тиімді ұйымдастыру, жоғары шеберлікті дамыту бойынша үлгі-өнеге көрсетіп келе жатқан Алматы қалалық сотының ауыз толтырып айтарлық жетістіктері жетерлік. Судьялар үнемі жаңа жобалардың басы-қасында жүрсе, сот қызметкерлері сот жұмысын заманауи талаптарға сай жетілдірудегі жаңашылдықтардың жаршысына айналған. Содан да болар, кез келген жаңалықтың, саладағы соны рефрманың алғаш сыналатын алаңы да – Алматы қаласының соттары екені мәлім.

Сөзіміз жалаң болмау үшін, биыл үшінші жыл қатарынан тойланғалы отырған Судья және сот қызметкері кәсіби мерекесіне де Алматы соттарында еңбек етіп жүріп бастама көтергенімді айта кеткен орынды. «Судьялардың өз кәсіби мерекесі болуы керек!» деген ұсынысты бірнеше жыл қатарынан көпшілік назарына ұсынғанда, өзге әріптестеріміз де бұл ойдың орынды екенін, еліміздегі мәртебелі мамандық саналатын судьялар мен сот қызметкерлерінің төл мереесінің белгіленбеуі үлкен кемшілік екенін айтып, пікірлес екендерін көрсетіп еді. Ақыры, айтылған ұсыныс орта жолда қалмай, 2022 жылдан бері 24 маусым – отандық судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде тойланып келеді.

Биыл үшінші жыл тойланғалы отырған төл мейрамды Алматы қалалық сотының ұжымы үлкен жеңіспен, керемет жетістікпен атап өткелі жатыр. Олай дейтінім, жақында республика судьяларының кезекті спартакиадасы еліміздің төрт өңірінде өткені белгілі. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты мен Судьялар одағы қолдау көрсеткен бұл шара барша судьялардың спорт алаңдарында танысып, бақ сынауына, әріптестік байланысты нығайтып, командалық рухын нығайтуға бағытталған. Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Алматы, Жетісу, Жамбыл облысының соттарынан құралған командалар Тараз қаласында спорттың тоғыз түрінен бас сынады. Оңтүстік өңірдегі алты аймақтық соттың судьялары тартысқа түскен бұл шара өте көңілді, әділ әрі қызықты өтті. Осы сындарлы сайыста Алматы қалалық сотының судьялары байрақты бірінші орынды қанжығаларына байлады.

Мәселен біздің бірлігі бекем командамыздың сайыпқыран қыз-жігіттері спорттық жарыста 6 рет жүлдегер атанып, 5 рет екінші орынды және бір рет үшінші орынды иеленді. Соның ішінде біздің команданың футболшы жігіттері бірінші орын алса, волейболдан додаға түскен әріптестеріміз де үздік екенін дәлелдеп, жеңіс тұғырынан табылды. Бұдан бөлек, арқан тартуға шыққан алматылық судьялар да бірінші орынға лайық деп танылса, шахматтан, дойбыдан, үстел теннисінен де әріптестеріміз команда қоржынына бір-бірден олжа салды. Шахматтан, бильярдан, үлкен теннистен, үстел теннисінен, тоғызқұмалақтан екінші орын иеленіп, команда мәртебесін көтерген әріптестеріміз де барша марапатқа лайық. Қоржынның салмағын арттырған үшінші жүлденің біреуі бильярдан түсті.

Міне, жарысқа үлкен жауаптылықпен қарап, керемет дайындықпен келіп жеңімпаз тұғырынан көрінген барша судьялар Алматы қалалық сотының ұжымдық беделін асқақтатқаны анық. Төл мерекелері алдында осындай жоғары нәтижеге жеткен қалалық сот судьяларының жетістігі әріптестеріміздің өзіне жүктелген жауаптылықты жақсы сезініп, команда жеңісі үшін бар күш-жігерін жұмсағанын көрсетеді. Мерекеге орай барша судьялар мен сот қызметкерлеріне спорт алаңында ғана емес, күнделікті өмірде де жеңістеріңіз мен жетістіктеріңіз көп болсын деп тілеймін!

Нұржан Қарабаев,

Алматы қалалық сотының судьясы

Арқанжол қауіпсіздігінің жасырын тұстары

Биіктіктегі құтқару операциялары қалай өтеді? Арқанжол тоқтап қалса не...

За кулисами безопасности канатных дорог

Как проходят спасательные операции на высоте? Что произойдёт, если...

Қылмыстық теріс қылық санатының енгізілуінің жазалар жүйесіне әсері

Қылмыстық заңнаманы қолданудың отандық тәжірибесіндегі қылмыстық жауаптылықты жүзеге асырудың...

«SkinCare» мастер-класс

Алматы қаласында орналасқан Жетісу комьюнити орталығында, Боткин көшесі, 18/1 мекенжайында косметолог...

Дарынды бала ұлт болашағы

«Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін - білім» деп М....