Қазақтың мерген қызының мерейтойына 80 киіз үй құрылды, осылайша этноауыл бой көтерді. Ғасырлық тойға жиналған қонақтар қазақтың ұлттық ойындарын тамашалап, алтыбақанда ойнап, қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Биыл Кеңес Одағының Батыры, қазақтың мерген қызы Әлия Молдағұлованың туғанына — 100 жыл. Ұлы есімді ұлықтау мақсатында Ақтөбе өңірінде жыл басынан бері мәдени-танымдық, рухани шаралар ұйымдастырылып жатыр. Ең ауқымдысы 12 және 13 маусым күндеріне жоспарланған.
Бүгін Қобда жерінде «Әлия — қаһармандық дастаны» атты кең көлемді іс-шара ұйымдастырылды. Мерейтойға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, облыс әкімі Асхат Шахаров, батырдың туыстары мен өзге де мәртебелі меймандар қатысты.
Аймақ басшысы көпшілікті ұлт мақтанышының мерейтойымен құттықтады.
«Қобда өңірі — талай батыр мен тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті мекен. Солардың ішінде Әлияның орны ерекше. Әлия апамыздың ерлігі — бүгінгі ұрпақ үшін биік рухтың, жігердің, патриотизмнің нағыз үлгісі. Оның есімі тарих беттерінде алтын әріппен жазылып, халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.
Бүгінгі іс-шара өткенге тағзым, ерлікке көрсетілген құрмет. Бұл — жас ұрпаққа үлгі боларлықтай, олардың бойына отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру жолындағы маңызды шара», — деді өңір басшысы.
ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысушыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан айтулы күнмен құттықтап, Әлия Молдағұлованың ерлігін ұрпақ жадында мәңгі қалдыруға атсалысып жүрген жандарға алғысын білдірді.
Қонақтар Әлия Молдағұлованың өмірі мен ерлігі өрнектелген театрландырылған көріністі тамашалады. Бұлақта туып өскен қаршадай қазақ қызының ғұмыры сахналық қойылымда ерекше бейнеленген. Спектакль тарихты ғана емес, батыр қыздың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті, ерлік пен елдікті, рух пен күшті айырықша көрсетті.
Мерекелік көңіл-күй концерттік бағдарламамен жалғасты. Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония әртістері мен қобдалық өнерпаздардың жарқын нөмірлері көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен бірге этноауылдағы Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанованың өмір тарихынан түрлі деректер қамтылған көшпелі музей-киіз үйге кіріп шықты. Сондай-ақ, ұлттық спорт түрлері – бәйге мен қазақ күресінде бақ сынаған спортшылардың шеберлігін тамашалады. Айтып өтейік, 7 шақырымдық құнан бәйгеде Түркістан облысы Созақ ауылынан келген шабандоз мәреге бірінші жетсе, Ойыл ауданы — екінші, Шалқар ауданы — үшінші орынды иеленді.

Шарадағы жылы атмосфераға, көрсетілген құрметке және батыр есімін ұлықтап, еске алған сәттерге Әлияның туыстары разы.
«Әкем Әлияны жиі еске алатын. Ол бала кезінен-ақ басқа балалардан ерекшеленетінін айтатын. Әлия шапшаң, жауапкершілігі мол, білімге құштар болған. Әкем оның қамқорлығы мен мейірімділігін үнемі айтып отыратын. Жасына қарамастан, ол өзгелерге жанашырлық танытып, көмектесе білген екен. Біз ол туралы ұзақ тебірене аламыз — Әлияның бойында шексіз жылулық, қуат, рух күші бар еді. Ол біздің отбасымыздың жадында өшпес із қалдырды. Ол біз үшін жай ғана батыр емес, ол — отбасымыздың бір бөлшегі, мақтанышымыз, жан жарамыз және мәңгілік сағынышымыз», — дейді Әлия Молдағұлованың ағасы Бисембай Хабиевтің қызы Ария Хабиева.