– Сүйіндік Тасеменұлы, Сенаттағы маңызды комитеттің төрағасысыз. Осы комитеттің бастамасымен қаралып, қабылданған заңдарға тоқтала кетсеңіз. Олар қаншалықты елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етпек?
– 2024 жылы Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті Мемлекет басшысының еліміздің экономикалық өсуін қамтамасыз ету, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталған бірнеше заңды қарастырды. Былтыр 30 желтоқсанда қол қойылған «Биржалық сауда және кәсіпкерлік мәселелері туралы» заңды атап өтуге болады. Заңның мақсаты – биржалық сауданы реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ инвесторлар құқығын қорғаудың жаңа механизмін енгізу арқылы инвестициялық климатты жақсарту. Заңның негізгі бағытының бірі – тау-кен өндірушілердің тауар биржасы арқылы сатып алу рәсімінен жалтаруын болдырмау және отандық өндірушілердің ашық сауда құралдарына қолжетімділігін арттыру. Бұл жаңашылдықтар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды қамтамасыз етеді, ол арқылы ірі бизнес отандық тауарларды сатып алу мен реттелген сатып алу ережелерінен айналып өтіп, «қалталы» тауар биржаларын қысқартуға бағытталған. Сондай-ақ, комитет тұрғын үй саясатын реформалау мәселесі бойынша заңды қарастырды, ол тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Заңда «Отбасы банк» акционерлік қоғамын ұлттық даму институтына айналдыру қарастырылған, оның негізгі міндеті – азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша тұрғын үй қатынастарын дамыту; жалға берілетін тұрғын үйді бұрын сатып алу құқығынсыз берген жағдайда оны жекешелендіру құқығын беру; жесірлерді толық емес отбасы санатынан әлеуметтік осал топтар ретінде бөлу; тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын анықтау және т.б.
Сенат мақұлдаған Экспорттық-кредиттік агенттік және минералдық емес тауарларды (жұмыс, қызмет) экспорттауды ілгерілету мәселесі бойынша заң шеңберінде экспортты ілгерілету үшін қажетті құралдарды біріктіретін толыққанды институт құрылды. Бүгінде «Қазэкспорт» акционерлік қоғамының базасында Экспорттық-кредиттік агенттік бар, ол Қазақстан Республикасының Үкіметі шешімімен арнайы құқықтық мәртебеге ие. Барлық қаржылық құралдар ЭКАмен бюджет және өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. 2023 жылы маусым айында қаралған «Теплоэнергетика туралы» заңның мақсаты – жылуэнергетика саласының сенімді және үздіксіз жұмыс істеуінің экономикалық және құқықтық негіздерін қалыптастыру, осы саладағы құқықтық реттеудің тиімді заңнамалық негізін жасау, қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жою және қажетті құқықтық реттеуді қамтамасыз ету. Заңда жылуэнергетика саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту және жаңа бақылау түрлерін енгізу қарастырылған. Атап айтқанда қашықтан бақылау, бекітілген жылдық тізім бойынша жоспарлы тексерулер жылына бір реттен аспауы тиіс. Жоспардан тыс тексерулер, тергеу жүргізу талаптары айқындалды. Бұл энергия кәсіпорындарының және тұтынушылардың энергетикалық жабдықтарының тиісті техникалық жағдайын, пайдалану шарттарын және жұмыс режимдерін сақтауды қамтамасыз ету үшін қажет. Сонымен қатар, комитет мемлекеттік бақылау және статистика мәселелері бойынша заңды, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық реттеуді алып тастау жөніндегі заңды қарап, қабылдады. Олар мемлекеттік бақылау және статистика, деректерді басқару, халықты әлеуметтік қорғау жүйесін, сондай-ақ әкімшілік реформаларды жетілдіруге және артық заңнамалық реттеуді алып тастауға бағытталған. Тағы да бірқатар заңдар қаралып, мақұлданды.
– Бюджетті жоспарлау мәселесі бүгінде өзекті. Өйткені, бұл шара елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторы. Сіздер үнемі бюджеттің орындалуын қарап бекітесіздер. Осы тұрғыда қандай мәселелер барын айтып өтсеңіз. Біздің бюджет қаншалықты дұрыс жоспарланады? Елдің мұқтажы, өзекті мәселелер қаншалықты ескеріледі?
– Бюджеттік жоспарлау республикалық бюджетті тиімді жүзеге асыру мен орындалуын қамтамасыз етудің құралы болып табылады. Бюджетті әзірлеу азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз ету, сапалы және динамикалық экономикалық өсуді мақсатты түрде арттыру, мемлекеттік қаржының тұрақтылығын қамтамасыз ету, орта және ұзақ мерзімді кезеңде бюджет саясатының ықтимал тәуекелін бағалау, қазіргі заманға бейімделген экономикалық модель құру міндеттерін көздейді. 2025–2027 жылдарға ар — налған республикалық бюджеттің параметрлері бюджет ережелерін сақтау және бюджет шығыстарын әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарына шоғырландырылуы ескеріле отырып айқындалды. Бюджет шығысы негізінен мемлекеттік әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындау, ғылым мен білім, медицина саласында адами капиталды дамыту арқылы қолдауға бағытталады. Дәстүр бойынша үш жылдық кезеңде бюджет шығысының ең үлкен үлесін әлеуметтік сала шығысы құрайды. 2025–2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жоспарланған қаражаты аясында әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмекпен қамту; орта, арнайы орта және мектепке дейінгі білім беруді дамыту; жоғары білім мен ғылымды дамыту; денсаулық сақтау; туризм мен спортты дамыту; мәдениет және ақпарат саласын жетілдіру көзделген. Сонымен қатар, бюджеттік жоспарлаудың сапасы бірқатар сұрақ туындату да. Мысалы, бюджеттік қаражатты игерудің нақты болжамдары мен талдауының болмауы, бірінші жылы басталған қаржыландырудың екінші және үшінші жылдарда жүзеге асырылуы қажеттілігіне әкеп соқтырады. Осыған байланысты, тиісті талдаусыз екінші және үшінші жылдары мемлекеттік қаражаттар бөлінеді және әдетте, олар үлкен сомада болады. Бюджеттің кіріс бөлігі әлі де шикізат бағытында қалып отыр. Экономика мұнай экспортына тәуелді, бұл тұрақсыздыққа және әлемдік мұнай бағаларының өзгерістеріне жалтақтауға алып келеді. Яғни, елдің нақты секторын, оның ішінде өңдеу өнеркәсібін дамытудың ауылы алыс. 2025 жылы нақты сектор экономикасына арналған шығыстар жалпы шығыстардың 8,2%-ын құрайды. Нақты сектор экономикасына арналған шығыстардың төмендеу үрдісі байқалады. Мәселен, 2025 жыл – 2,1 трлн теңге, 2026 жыл – 1,4 трлн теңге, 2027 жыл – 1,3 трлн теңге. Бұл қаражат мемлекеттік қолдау шарасына, республикалық жолдарды дамытуға, экологияға, цифрландыруға, су ресурстарын басқаруға, саудаға бағытталмақ. Қазақстанның Ұлттық қорынан кепілді трансферт тарту жоспарлануда. Алайда, Ұлттық қордан тартылатын қаражаттың көп бөлігі мақсатты трансферт ретінде жоспарланған (2025 жылы 3,250 трлн теңге). Бұл сома «Жайлы мектеп», Астана қаласының жаңа көлік жүйесі, LRT, республикалық автомобиль жолдарын дамыту, өңірлерді дамыту, жергілікті жолдарды дамыту, су жүйелері мен су бұру, газ құбырын дамыту, су ресурстарын басқару және басқа да жобаларға бағытталады. Барлығы 884 жобаны жолға қою жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 52 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Сонымен қатар, әкімшілік шараларды күшейту арқылы бюджетке түсетін түсімдерді үнемі арттыру мүмкін емес екенін атап өту қажет. Бұл жерде экономиканы дамыту, бизнеске қолайлы жағдай жасау және азаматтардың салық жүйесіне қатысуға деген ынтасын арттыру маңызды. Қазір салықтық әкімшілендірудің сервистік моделіне көшу белсенді түрде жүзеге асырылуда.
– Еліміздің экономикасы шикізатқа бағытталғанын айттыңыз. Расында өңдеу саласы ақсап тұр. Соның салдарынан импортқа тәуелдіміз. Байқауымызша, бюджеттің осы бағытқа жұмсайтын қаржысы жылдан-жылға азайып бара жатқандай. Керісінше әлеуметтік төлемдерге бөлінетін қаржы көбейген. Әлде қателесеміз бе? Егер солай болса, мұның себебі неде? Осы жайлы Үкіметтен сұрадыңыздар ма?
– Былтыр мамыр айында біздің Комитетіміз отандық өңдеуші өнеркәсіпті дамыту тақырыбында парламенттік тыңдаулар өткізді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша соңғы бес жылда өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі 11,4%-дан (2018 ж.) 12,1%-ға (2023 ж.) дейін өсті. 2019–2023 жылдар аралығында өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2 есе артты, 2018 жылы 10,4 трлн теңгеден 21,6 трлн теңгеге дейін өсті. Өндіріс көлемінің физикалық көрсеткіші осы бес жыл ішінде 24,4%-ға өсті, орташа жылдық өсу қарқыны 4,5% болды. Алайда, өңдеуші өнеркәсіптің алға басуын қамтамасыз ету үшін мұндай динамика жеткіліксіз. Тек валдық көрсеткіштердің өсуіне ғана емес, сонымен қатар саланың сапалы жаңаруын қамтамасыз ету қажет. Осыған орай, парламенттік тыңдаулардың қорытындысы бойынша Комитет Үкіметке тиісті ұсыныстар жолдады, оның ішінде мұнай-газ химия өнеркәсібі туралы заң әзірлеу мәселелері де қамтылған. Айта кетейік, 2021 жылы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң қабылданды, оның қаралуына біздің комитет тікелей қатысқан болатын. Бұл заң өнеркәсіптік саясаттың негізгі принциптерін айқындап, өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесінің өсуіне ықпал етті. Сонымен қатар, «Бизнестің жүргізілуі» туралы заң аясында комитет өңдеуші өнеркәсіпті жеткілікті көлемде және сәйкес бағадағы шикізатпен қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер енгізді.
– Экономиканың бел омыртқасы деп жүрген кәсіпкерліктің жалпы ұлттық өнімдегі үлесі мардымсыз. Кәсіпкерлер үшін қосымша құн салығы үлкен мәселе болып тұр. Бұл мәселенің оңынан шешілуі үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Біздің комитетіміз шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға және осы саладағы заңнаманы жетілдіруге ерекше көңіл бөледі. Өткен сессияда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тақырыбында парламенттік тыңдаулар өткізді. Оған Үкімет мүшелері, сарапшылар және кәсіпкерлер қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша Үкіметке шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау және тиімді құқықтық реттеу мақсатында мемлекеттік саясатты трансформациялау туралы ұсыныс жолдады. Сонымен қатар, 2024 жылдың қазан айында комитет мүшелері «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының басшылығымен кездесіп, шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы заңнаманы жетілдіру, соның ішінде мемлекеттік қолдау шаралары мәселелерін талқылады. 2024 жылы Сенатта Бизнесті жүргізу мәселесі бойынша заң жобасы қабылданып, оның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған үлкен блок қаралды. Бұдан бөлек, бизнеске әкімшілік жүктемені азайту, ескірген талаптарды қысқарту және артық рұқсат құжаттар мен рәсімдерді жою қарастырылды. Айта кетейік, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2024 жылғы маусым айына дейін шағын және орта кәсіпкерліктің ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 38%-ды құрады. Қазіргі салық саясаты және қосымша құн салығы туралы, сондай-ақ Мемлекет басшысының жаңа Салық кодексін барлық факторларды ескере отырып мұқият талқылау және оны қысқа мерзімде қабылдау жөніндегі тапсырмасы бар. Осыған байланысты, Салық кодексі Сенатқа түскен кезде комитет тарапынан қаралатын болады.
– Ақтау портына қатысты мәселе көтердіңіз. Осы мәселені тереңдетіп айтып кетсеңіз. Жалпы ел экономикасына бұл мәселенің оңынан шешілуі қаншалықты әсер етеді?
– 2013 жылы қол қойылған Транскаспий халықаралық көлік маршрутын дамыту бағытындағы үйлестіру комитетін құру туралы келісімнің аясында 2017 жылдан бастап халықаралық бірлестік өз жұмысын бастады. Бірлестіктің құрамына Қазақстан, Қытай, Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Украина, Румыния, Болгария, Сингапур, Литва, Польша мемлекеттерінің теміржол, теңіз әкімшіліктері және де көлік логистикалық операторлары кіреді. Ал, Германия, Австрия, Венгрия, Латвия, Эстония елдері бірлестікке қызығушылық танытуда. Аталған бірлестік жұмысының нәтижесінде Қытай-Қазақстан-Әзірбайжан-Грузия-Түркия-Еуропа елдері бағытында контейнерлік транзиттік және экспорттық жүк тасымалдау бойынша көлік тасымалдау қызметі тұрақты түрде жұмыс істей бастады. Бүгінгі таңдағы орын алған геосаяси жағдайларға орай логистикалық тізбектің өзгеруіне байланысты, аталған «Орталық дәліз» Ресей, Беларусь елдері арқылы өтетін «Солтүстік дәлізге» балама ретінде дүниежүзілік маңызға ие болды. Жуырда ғана Абу Дабидің орнықты даму апталығы» саммитінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев коммуникациялық мүмкіндіктерді одан әрі кеңейту мақсатында Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту маңыздылығын тағы да атап өткен болатын. Алайда, бүгінгі таңда аталған дәліздің толыққанды жұмыс істеуіне Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі кері әсерін тигізіп отыр. Тек 2023 жылдың маусымынан 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңде теңіз деңгейінің төмендеуі деректер бойынша 50 см құрады. Айта кету керек, Ақтау порты акваториясындағы деңгейдің 10 см төмендеуі құрғақ жүк кемелерінің орта есеппен 130-150 тн, ал танкерлердің 200 тоннаға жүкті кем тиеуіне әкеліп соғады, бұл өз кезегінде жүк тасымалдау табыстылығының (рентабельность) төмендеуіне әсерін тигізеді. Каспий теңізі порттарының үздіксіз жұмысы Транскаспий халықаралық көлік маршрутының қалыпты жұмыс істеуі үшін шешуші рөл атқарады. Осыған байланысты дәліздің негізгі «тар жерлерін» жоюға бағытталған Қазақстан, Әзірбайжан және Түркия аумақтары бойынша 2022–2027 жылдарға арналған тар жерлерді синхронды жою жолымен «орта дәлізді» дамыту бойынша жол картасы жасақталып, іске асырылуда. Аталған жол картасына сәйкес, порт акваториясында теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті навигациялық тереңдіктерді құру үшін Ақтау теңіз портының акваториясында және кіреберіс каналдарында теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу талап етіледі. «Ақтау порты акваториясында теңіз түбін тереңдету» жобасы Қазақстан Республикасының Теңіз инфрақұрылымын дамытудың 2024– 2028 жылдарға арналған кешенді жоспары жасақталып, сараптаманың оң қорытындысын алынды. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша жұмыс көлемі үш кезеңнен тұрады және де құны 20 млрд теңгені құрайтын 1-кезең 2025 жылы басталуы тиіс. Алайда бүгінгі таңда бұл бағытта жұмыстың атқарылуына қаражат көзі қаралмағаны анықталып отыр, бұл өз кезегінде жобаның уақытында іске аспай қалуына және тұтастай алғанда Транскаспий Халықаралық көлік маршрутының тұрақты жұмыс істеуіне кері әсерін тигізеді.
– Парламент Сенатында қандай мәселелер көтеріп жатырсыз? Сіздің ұсыныстарыңыз қаншалықты заңға енуде?
– Ағымдағы сессия барысында комитет автомобиль жолдары желісін дамыту мәселелері бойынша Үкімет сағатын өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, ШОБ және азаматтық авиация саласын дамыту мәселелері бойынша дөңгелек үстелдер өткізу жоспарлануда. Жоғарыда аталған іс-шаралардың қорытындысы бойынша ұсыныстар мен ескертулер қажет болған жағдайда заң шығару қызметінде ескерілетін болады. Сонымен қатар, комитет мүшелері «Машина жасау саласын дамыту мәселелері» туралы заң жобасын әзірледі. Бүгінгі таңда аталған заң жобасы Үкіметке жолданды. Заңның мақсаты – машина жасау саласындағы заңнаманы жетілдіру, отандық машина жасаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін күшейту, жаңа технологияларды енгізу және экспорттық әлеуетті арттыру, өндірістің технологиялық процесін жетілдіру және ішкі елдегі құндылықтың өсуін қамтамасыз етуді көздейді.
– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


