Еліміздің ішкі нарығында шикізатты қайта өңдеу көлемін ұлғайту мақсатында қазақстандық тауарларды өндіру кезінде отандық шикізатты қолдануға басымдық беру қажет. Өкінішке қарай, қазақстандық тауар өндірушілерді бұған ынталандыратын шаралар жеткіліксіз. Бұл жөнінде Парламент Сенатының жалпы отырысында айтылды.
Дәстүрлі жиында сенаторлар бастамашы болған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екі оқылымда қаралып, мақұлданған болатын. Сөз басында айтылған мәселені аталмыш құжатты талқылауға қатысқан сенатор Сағындық Лұқпанов ортаға салған еді. Оның айтуынша, отандық шикізатты тауар өндіруге пайдалануға ынталандыру мәселесі осы заңда да ескерілмеген. Қамтылмай қалған өзге де мәселелер бар. Ол жөнінде сәл кейінірек. Ал, жалпы бұл заң отандық өндірушілерді қолдау тұрғысында батыл қадам деп айтуға болады. Заң тұтасымен қазақстандық тауар өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы ақпаратқа қол жеткізудің бірыңғай нүктесін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларының атаулылығын арттыруға бағытталған. Қазақстандық тауар өндірушілердің жаңа тізілімінің артықшылығы цифрлық деректерді пайдалану, отандық тауар өндірушілерді цифрлық верификация және өндірісті бағалау арқылы сәйкестендіру. Бұл орайда күш-жігерді тек қана тізілімде тұрған қазақстандық тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсетуге шоғырландыру жоспарланып отыр. Оның аясында қолжетімді қаржыландыруды ұсыну, яғни қаржы институттары арқылы жеңілдікпен несиелеу, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, өңдеуші өнеркәсіптің отандық тауарларының экспортын ілгерілету, оларды өткізуге жәрдемдесу, шикізатпен қамтамасыз ету және тағы басқа шаралар жүзеге асырылады. Заң шеңберінде сонымен қатар қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастыру және мониторингілеу, өнеркәсіпті дамытуға бағытталған шарттарды жоспарлау және кепілдендірілген сатып алу шарттарын жасау тәртібі қарастырылып, өндіріс шарттары, өндірістік және технологиялық операциялар, сатып алулары елішілік құндылық мониторингіне жататын жүйе құраушы кәсіпорындар ұғымы айқындалып отыр. Жиын тізгінін ұстаған палатa спикері Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, құжат қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау саласындағы тетіктерді одан әрі жетілдіруді көздейді. Дегенмен, жоғарыда айтылғандай заңда бірқатар маңызды мәселелер ескерілмей қалды. Олардың қатарында өңдеуші өнеркәсіпте жұмыс істейтін және Тізілімге кіретін отандық кәсіпорындар үшін салықтық жеңілдіктер беру шарасы бар. Лұқпанов мырзаның айтуынша, бұл нақты тауар өндірушілер үшін айтарлықтай қолдау болар еді. Сондай-ақ, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске пайдалы қатты қазбалар (ТПИ) саласындағы жер қойнауын пайдаланушылар үшін елішілік құндылықты дамыту бағдарламаларын және ұзақ мерзімді кепілдендірілген сатып алу шарттарын бекіту жөніндегі міндеттемелерді белгілеу бөлігіне түзетулер енгізу мәселесі тұр.
Осының бәрі заңды іске асыру шеңберінде заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау кезінде назардан тыс қалмау керек. Мәселен, тізілімді жүргізу ережелері мен өндіріс шарттарын, өндірістік және технологиялық операциялар қабылдануы тиіс. Бұл қағидаларда оқшаулау деңгейін арттыру жөніндегі шаралар және кәсіпорындардың өндірістік қызметін растау жөніндегі тиімді критерийлердің қабылдануы өзекті. Министрлік осы ережелерді әзірлеу кезінде бизнес қауымдастықтың пікірін ескеруі керек.
Дәстүрлі емес медицинада құқықтық жауапкершілік жоқ
Жалпы отырыста құзырлы орындар басшыларына жолданған депутаттық сауалдарға өзек болған мәселелер де маңыздылығымен назар аудартты. Соның бірі сенатор Бибігүл Жексенбай көтерген дәстүрлі емес медицинаға қатысты құқықтық реттеудің жоқтығы пациенттердің денсаулығына қауіп төндіріп, көрсетілетін қызметтердің сапасын төмендетумен қатар, медициналық білімі жоқ тұлғалардың емдеу ісіне араласуына жол ашып жатқандығы. Өйткені, дәлелденбеген немесе қауіпсіз емес емдеу әдістерін қолдану адам денсаулығының нашарлауына, аурудың асқынуына әкелуі мүмкін және бұл денсаулық сақтау саласына қосымша ауыртпалық тудырады. Ал, бақылау және жауапкершілік механизмдерінің жоқтығы пациентке зиян келтірілген жағдайда, жауапкершілікке тарту және зардап шеккендердің құқықтарын қорғау мүмкіндігін азайтады. Халықаралық тәжірибе болғанына қарамастан, Қазақстанда дәстүрлі емес медициналық қызметті реттейтін нормалар 2006 жылы жойылғаннан кейін бұл сала мүлде құқықтық кеңістіктен тыс қалған. Бұл жағдай тиісті дайындығы мен бақылауы жоқ жосықсыз мамандардың қызмет көрсетуіне мүмкіндік беруде. Сондықтан дәстүрлі емес медицина саласындағы қызметтердің сапасын арттыру үшін осы саланы заңнамалық реттеу шараларын қабылдауды қарастыру; лицензиялау және сертификаттау жүйесін енгізу, дәлелдерге негізделген рұқсат етілген әдістер мен практикалардың тізілімін жасау керек.
Ұлттық кәсіптер классификаторын қайта реттеу қажет
Сенатор Айгүл Қаппарова үкімет назарына салған мәселе цифрлық сектордағы еңбекті заңдастыру үшін жаңа мамандықтарды тану шарасын ұсынуымен маңызды болды. Оның айтуынша, бүгінде мыңдаған қазақстандық осы уақытқа дейін мемлекет мойындамаған және Ұлттық жіктеуішке енгізілмеген жаңа цифрлық және заманауи кәсіптермен айналысады. Бұл мамандарды құқықтықжәне әлеуметтік қорғаудан айырады, кадрларды жүйелі даярлауға кедергі келтіреді және салықтың ашықтығын төмендетеді. Қазір елімізде мыңдаған адам ресми классификаторда жоқ мамандық иесі ретінде жұмыс істеп жүр. Алайда олардың көбі көлеңкелі секторда жұмыс істейді, кәсібі ресми тіркелмеген. Бұл – еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерден айырылған үлкен аудитория. Бүгінде «IT маманы», «цифрландыру саласы», «интернет технологиялары» деген кең ұғымдар өз ішінен жүздеген түрлі жеке мамандықтарға бөлінген. Бұл мамандықтардың әрқайсысы нақты кәсіби қызмет, нақты құрал мен нақты нарықтық сұранысқа ие. 1 миллионнан астам адамның бейресми түрде және олардың біліктілігінің мойындалмай жұмыс істеуі ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл осындай жұмысшыларды әлеуметтік қорғауды қиындатады және адами капиталды тиімсіз пайдалануға әкеледі. Сондықтан нарықта тұрақты сұранысқа ие цифрлық және заманауи мамандықтарды Ұлттық кәсіптер классификаторына енгізу керек. Сала сарапшылары мен қауымдастықтарымен бірлескен сараптамалық топ құру, бейресми секторда жұмыс істеп жүргендердің дағдыларын тану тетіктерін дамыту қажет. Салық және әлеуметтік жүйеге бейімделіп, NEET санатындағы жастарды интеграциялау, оларды өз әлеуетін кәсіби түрде дамытуға ынталандыру керек. Еңбек нарығының заманауи құрылымын қамтитын жаңа статистикалық есеп құралдары енгізілуі тиіс.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»