Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жүзеге асырылуда. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – халық арасында табиғатқа жанашырлықты қалыптастыру, қоршаған орта тазалығына жауапкершілікпен қарауға үндеу және қоғамдық орындарда ұқыпты мінез-құлықты насихаттау.
Аталған акция аясында Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен 37, 60, 68 мекемелерінің қызметкерлері және қалалық пробация қызметінің ұжымы сенбілікке шықты. Шара барысында департамент пен мекеме аумақтарындағы қоқыстар жиналып, санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, табиғатты көгалдандыру мақсатында ағаш көшеттері отырғызылып, абаттандыру жұмыстары қолға алынды.
– Тазалық – тәртіптің бастауы. Қоршаған ортаны қорғау – әрбір азаматтың парызы. Мұндай игі бастамалар арқылы қоғамда экологиялық сана қалыптасады, – дейді іс-шараға қатысқан қызметкерлер.
Осындай ауқымды экологиялық акциялар ұжымдық жауапкершілік пен елге деген қамқорлық сезімін нығайтуға зор үлес қосатыны сөзсіз. ҚАЖ қызметкерлері бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.