1991 жылы Қазақстан өз егемендігін алып, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптаса бастады. Бұл тарихи кезең еліміздің құқықтық негіздерін қайта қарап, дербес даму жолына түсуге мүмкіндік берді. Егемендік алғаннан кейінгі ең маңызды қадамдардың бірі – Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау болды.
1995 жылғы 30 тамызда қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды.
Мемлекеттігіміздің бір белгісі, Қазақстанның құқықтық негізін жасаған Ата Заңымыздың қабылданғанына да 30 жыл уақыт болыпты. Еліміздегі оң өзгерістер мен дамудың бастауы да осы Конституцияда жатыр.
Мемлекетіміздің Конституциясы – бұл біздің бірлігіміздің, татулығымыздың кепілдігі, биліктің барлық буынының жолға қойылған, тиімді жұмысы, еңбек ету, лайықты өмір сүру және жан-жақты үйлесімді даму үшін адамның құқықтары мен бостандықтарын бекіту, ұлтаралық келісім мен елдің гүлденуі болып табылады. Конституция Қазақстан азаматының өмір сүруге, сөз еркіндігіне, шығармашылық еркіндігіне сонымен қатар дін ұстанымы еркіндігіне, еңбекке, демалысқа, денсаулық қорғауына, ақысыз орта білім алуына және жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмау құқығына кепіл береді. Әрбір қазақстандық азамат біздің Конституциямызда жария етілген демократиялы құндылықтардың сақталуына жауапты. Татулығы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі біздің Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің қамтылғанын айғақтайды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік.
Бұл құжат Қазақстанның негізгі заңы ретінде адам құқықтары мен бостандықтарын, билік тармақтарының қызмет ету тәртібін, мемлекеттік басқару құрылымын нақты белгілеп берді.
Конституция — Қазақстан азаматтарының құқықтары мен міндеттерін айқындайтын, ел бірлігін нығайтатын, тұрақтылықтың кепілі саналатын басты құндылық.
Бүгінгі таңда Конституция — еліміздің қоғамдық және саяси өмірін реттейтін басты құрал. Онда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» деп жазылған. Бұл нормалар еліміздің даму бағытын, адам мен азаматтың мүддесін бәрінен жоғары қою принципін көрсетеді.
Конституция нормативтік-құқықтық актілердің иерархиясында ең жоғарғы сатыда тұрады, ол Негізгі Заң, өйткені оған басқа барлық заңдар негізделеді. Конституцияға қарама қайшы келетін нормалар заңсыз деп танылады.
Елдің әлеуметтік, экономикалық өркендеуі оның Конституциясының қаншалықты алдыңғы қатарлы екендігімен тығыз байланыста болатыны сөзсіз.
Қазіргі Жаңа Қазақстан – әлемдік қауымдастықта өз орнын айқындаған, саяси тұрақты мемлекет. Мұның бәрі – Конституцияда көрсетілген қағидаттардың жүйелі түрде орындалуының нәтижесі.
Сондықтан Ата заңымызды құрметтеу – әр азаматтың борышы әрі ел болашағына қосқан үлесі.
Жалағаш аудандық сотының судьясы А.Мизанбаев