Құқықтық мемлекет құру жолында сот жүйесінің алатын орны ерекше. Сот – әділдік пен заңдылықтың кепілі.
Алайда сот әділ шешім шығарып қана қоймай, сол шешімнің нақты орындалуы да өте маңызды. Себебі орындалмаған сот шешімі – қағаз жүзіндегі ғана әділдік. Сондықтан сот актілерін орындаудың маңыздылығын ешқашан елеусіз қалдыруға болмайды.
Сот шешімдері мен өзге де актілерді орындау қағидасы біздің мемлекетіміздің негізгі міндеттемелеріне жатады және ҚР Конституциясында белгіленген.
Ата Заңның 13-бабына сәйкес әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқылы. Бұл конституциялық норма өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгіну құқығын ғана емес, егер борышкер сот шешімімен белгіленген өз міндеттемелерін орындамаса, сот шешімін орындауға ұмтылу құқығын да көздейді.
Судьялардың өкілеттіктерін жүзеге асыру кезіндегі сот шешімдері мен талаптарын барлық мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдары, жеке және заңды тұлғалар орындауға міндетті.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 241-бабының 2-тармағына сәйкес соттың шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiн атқару парағы жазылып беріледі. Атқару парағында қандай мәлімет көрсетілуі керектігі жайлы да сол бапта толық жазылған.
Статистикалық мәліметтерге сүйінсек, Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотымен 2024 жылдың 12 ай уақыт аралығында 10 074 атқару парағы әзірленіп, сот орындаушыларға жолданған, олардың ішінде орындалуда — 3 395 атқару өндірісі, орындалып, аяқталғандардың саны – 5 210.
Ал 2025 жылдың 1 кварталында 2 478 атқару парағы әзірленіп, сот орындаушыларға жолданған, олардың ішінде орындалуда – 1 583 атқару өндірісі, орындалып, аяқталғандарды саны – 697.
Сот актілерін орындау – құқықтық тәртіп пен әділеттілік орнауының басты кепілі. Әрбір азамат пен заңды тұлға сот шешімін орындауды өз міндеті әрі азаматтық борышы деп түсінуі қажет. Тек сонда ғана біз шынайы құқықтық мемлекет құра аламыз.
Гүлшат Ашебекова
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты әкімшісі басшысының орынбасары