Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Тағы да қайталап айтамын: біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», — деген болатын. Ал құқық қорғау органдарының басшыларымен өткізген кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және Тәртіп» қағидатын қоғамның идеологиялық әрі саяси нұсқаулығына айналдыру қажеттігін ерекше атап өтті. Нәтижесінде Президенттің: «Әділетті Қазақстан – Заң мен Тәртіп үстемдік құратын ел», — деген сөзі еліміздің болашағы мен бағытын айқындайтын маңызды тұжырымға айналуда. Бұл – жаңа қоғамдық келісімнің іргетасын құрайтын әрі әділетті мемлекеттің негізі болатын терең мазмұнды постулат.
Құқықтық мемлекеттің ең басты белгісі – заңның үстемдігі. Заң — қоғамдағы барлық азаматтар үшін ортақ және тең. Президенттің айтуынша, егер барлық азаматтардың заң алдындағы теңдігі сақталмаса, онда әділетті мемлекет құру мүмкін емес. Бұл – демократиялық, ашық және әділ қоғамның басты шарты.
Кез келген елдің дамуы мен тұрақтылығы азаматтардың заңды құрметтеуіне, оны сақтауына және әділеттіліктің үстем болуына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекет басшысының «Заң және Тәртіп» қағидатын қоғамның идеологиялық негізіне айналдыру бастамасы – уақыт талабынан туындаған, болашаққа бағытталған нақты қадам.
Тәртіп – тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, ол — бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Азаматтардың заңды құрметтеуі, заңсыздыққа жол бермеуі және әділетсіздікке төзбеуі тәртіптің сақталуына ықпал етеді. Қоғамда тәртіп орнаған жағдайда ғана сенім мен тұрақтылық қалыптасады. Ал бұл — ел дамуының алғышарты.
Мемлекет басшысының атап өткеніндей, заң алдында бәрі тең болуы тиіс: қарапайым азаматтар да, шенеуніктер де, бизнес өкілдері де. Бұл қағида іс жүзінде жүзеге асқанда ғана әділдікке негізделген қоғам құруға болады.
Президент құқық қорғау органдарына, әсіресе полиция мен прокуратураға халықпен тығыз әрі ашық жұмыс істеуді тапсырды. Бұл өз кезегінде халықтың құқықтық мәдениетін арттырып, құқық қорғау органдарына деген сенімді күшейтеді. Қоғамда «Заң бәрінен биік» деген ұғым нақты әрекеттер арқылы дәлелденуі тиіс. Жауапсыз әрекеттер, сыбайлас жемқорлық, әділетсіз шешімдер — мұның бәрі құқықтық мемлекеттің беделіне нұқсан келтіреді.
«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы жай ұран емес. Бұл — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толық көлемде қамтамасыз ететін мемлекет қалыптастыру жолындағы нақты бағдар. Жаңа қоғамдық келісімнің негізінде заңға бағыну, тәртіпті сақтау және әрбір азаматтың мемлекет алдындағы жауапкершілігі жатуы тиіс.
Бұл жолда тек құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат белсенділік танытып, әділеттілікке, тәртіпке үлес қосуы қажет. Заңға бағыну — бұл қорқыныштан емес, ішкі сенім мен мәдениеттен туындауы тиіс.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және Тәртіп» қағидатын идеологиялық және саяси бағыт ретінде ұсынуы — жаңа Қазақстанның құндылықтар жүйесін жаңғыртудың маңызды көрінісі. Бұл бастама — заң үстемдігіне негізделген әділетті қоғам құрудағы нақты әрі батыл қадам. Барша азаматтардың заң алдындағы теңдігі мен заңды сақтау мәдениеті – еліміздің болашағын айқындайтын басты шарт. Әділетті мемлекет құру — баршамыздың ортақ мақсатымыз және міндетіміз.
Ақбота Ерболқызы