Міржақып Дулатұлы – қазақтың көрнекті жазушысы ғана емес, жалынды ақын, тарихшы, ғалым, журналист, әрі аудармашы, әрі қоғам қайраткері.
Бүгінде оған арнап «Оян, қазақ» атты фильмнің түсірілуі де бекер емес. Қазіргі Қостанай облысы, бұрынғы Торғайдың тумасы атаанасынан ерте айырылып, тағдырдың тауқыметін жастайынан көріп өсті, ауыл молдасынан хат танып, ауылда оқиды. Ауыл балаларын оқытып жүріп, өзі өмір сүріп жатқан қоғамның аянышты тағдырына куә болды. Міржақып қалың қазақты сауаттылыққа, өршілдікке бастауды мақсат тұтты. Патша өкіметінің отаршылдық саясатына әбден қанық болған ол қазақтың басына төнген қауіптің бірден бір шешімі – оқу деп ұқты. Осылайша, өз бетінше ілім іздеп, білімін жетілдірген соң, халықтың санасын оятуды көздеген еді. Осы мақсатта қазақ әліпбиінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлымен бірігіп, туған ұлтының келешегі үшін күресуді жөн санады. Қанша қиын болса да, туған халқының ізгілігі үшін ақиқаттың ауыр жолына қадам басты. Осы мұратқа жету жолында 1907 жылы Петербургте шыққан «Серке» газетіне «Жастарға» деген өлеңін, «Біздің мақсатымыз» деген мақаласын жариялаған. Бұл мақалада Міржақып өзі куә болған қазақ қоғамының қиын тағдырын, оның себептерін ашына айтып, отарлаушылық саясат турасында сөз қозғаған. «Мақаланың бүркеншік атпен жариялануы автордың қудаланбауына себеп болды»,– делінеді деректерде. Дегенмен, осы ауыр да қиын, қасиетті де қасіретті жолды таңдаған турашыл, тәуекелшіл жазушы ғұмырының соңында «халық жауы» деген қара дақты жамылып, жазықсыз өлім жазасына кесіліп кетті… Қазақты «қазақ» деудің өзін көп көріп, «қырғыз» деп атаған отаршылдық дәуірде өмір сүрген ақынның жан тебіреністері, асқақ рухының ұшқындары өлеңдерінен де әсте байқалады. Автордың: «Алыстан Алаш десе аттанамын, Қазақты қазақ десе мақтанамын», – деуі сөзіміздің айғағы. Тәңірдің өлшеп берген қысқа ғана ғұмырын елінің игілігіне арнап, халқы үшін қасіретті күндерді басынан кешірген ұлтымыздың ұлы тұлғасының өмірінің соңында «халық жауы» атануы неткен өкінішті! Бірақ, патша өкіметі қаралаған Міржақыпты туған елі ақтап та алды, ұлықтай да білді. Оның есімі қазақ тарихында алтын әріппен жазылып, қазақтың төл әдебиетінің төрінен орын алды. Бұл – ақынға деген құрмет қана емес, елін сүйген ардақты ердің есіл еңбегінің еленуі деп білемін.
Қымбат ҚАСЫМБЕК, 11 сынып оқушысы АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ