Қаржылық сауаттылық – әр адамға қажетті өмірлік дағды. Алайда оны қалай меңгеруге болады? Бұл сұраққа жауап беру үшін біз 12 жылдық тәжірибесі бар қаржы кеңесшісі Ақмарал Кунашевамен сұхбаттастық. Ақмарал ханым өз тәжірибесі мен қаржылық сауаттылықтың маңыздылығы жайлы әңгімелеп берді.
ТАБЫСҚА БАСТАЙТЫН БАСПАЛДАҚ
– Мен қаржы саласына 2012 жылы 16 қазанда қаржылық кеңес алу арқылы келдім. Ол кезде медицина саласында еңбек етіп жүргенмін. Жұмысым көп болса да, жалақым аз еді. Баспанам болмағандықтан туыстар мен таныстардың үйлерінде тұрдым, кейін жалдамалы пәтерлерден бөлме жалдап жүрдім. Бірақ арман-мақсаттарым көп болғандықтан, өзімді дамыту жолында үнемі ізденісте жүрдім: кітаптар оқып, семинарлар мен тренингтерге қатысатынмын. Жалақым жеткіліксіз болғандықтан қосымша жұмыстар да істедім. Мысалы, жарнамамен айналыстым, инъекция жасап қызмет көрсеттім. Сондай-ақ таныс құрбыларыммен бірігіп кішігірім сауда жасадым: киім, тамақ саттым, бірнеше желілік компаниялардың өнімдерін тараттым. Бұл қосымша жұмыстар мен табыстар маған адамдармен қарым-қатынас жасау, кәсіпкерлік және сату саласында үлкен тәжірибе мен дағдылар берді. Осы тәжірибелерден кейін менде жаңа мақсаттар пайда болды – қаржылық сауаттылықты меңгеру, мамандығымды өзгерту, баспана алу, үлкен табысты жұмыстарға орналасу.
ҚАРЖЫЛЫҚ ДИАГНОСТИКА ДЕГЕН НЕ?
– Маған қаржы бойынша кеңес алуға келген әрбір адамға Қаржылық диагностикадан білгеніммен бөлісемін. Қаржылық диагностика – адамның қаржылық жағдайын нақты сандармен бағалау. Бұл кірістер мен шығыстарды, қаржылық қауіпсіздік қорын, болашаққа арналған инвестицияларды және жалпы қаржы бюджетін есептеуді қамтиды. Көп адамдар өздерінің қаржылық бюджеттерін тұрақты түрде ай сайын сандармен есептемегендіктен, қаржылық жағдайларын білмей жатады. Осы себепті артық несиелер алып, оларды уақытында төлей алмай, қаржылық қиындықтарға тап болады. Қаржылық диагностика жасау арқылы адам өз бюджетіне нақты талдау жасап, қаржылық жағдайын реттеуге мүмкіндік алады. Бұл әдіс қаржылық тәуекелдерді азайтып, қаражатты тиімді басқаруға көмектеседі.
КӨПШІЛІКТЕ ЖИНАҚ ҚАРАЖАТ ЖОҚ
Қазақстандағы халықтың қаржылық сауаттылық деңгейі соңғы жылдары біршама жақсарғанымен, әлі де болса жетілдіруді қажет ететін тұстар бар. Адамдардың қаржы құралдары туралы түсінігі артып келеді, әсіресе инвестиция, жинақтау, сақтандыру сияқты салаларға қызығушылық көбейген. Дегенмен, халықтың басым бөлігі бюджет жүргізуді, шығындарды жоспарлауды немесе артық шығыннан сақтануды толық меңгермеген. Көпшілік қаржылық сауаттылықты тек жоғары жалақы немесе бизнеске қатысты деп ойлайды. Шын мәнінде, кез келген табыс деңгейінде қаржыны тиімді басқару — тұрақтылыққа жетудің басты шарты. Қазақстанда әсіресе табыс пен шығынды дұрыс есептемеу, артық несие алу, жинақ жасау әдетінің болмауы жиі кездеседі. Осы себепті қаржылық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастап үйрету аса маңызды деп ойлаймын.
КЕРЕК КЕҢЕСТЕР
1. Жоспарлау: кез келген табыс пен шығынды алдын ала жоспарлау қаржылық тұрақтылыққа жетудің негізі. Күнделікті, апталық немесе айлық бюджет жүргізу арқылы ақшаңыздың қайда кетіп жатқанын нақты көре аласыз.
2. Жинақтау: кенеттен туындайтын жағдайлар үшін (мысалы, денсаулық мәселелері, жұмыссыздық, шұғыл шығындар) қаржылық қауіпсіздік жастығын (резерв қорын) қалыптастыру өте маңызды. Жалақыңыздың кем дегенде 10%-ын үнемдеп отыру осы қорды қалыптастырудың тиімді әдісі.
3. Инвестиция: қаржыңызды көбейту үшін оны тиімді жолдармен инвестициялау қажет. Бұл тек акциялар мен облигацияларға ақша салу емес, сонымен қатар білім алу, дағдыларды дамыту, немесе жаңа табыс көздерін табу секілді инвестицияларды да қамтиды. Қаржылық диагностика жасау бұл өз табысыңыз бен шығындарыңызды нақты есептеп, қаржылық жағдайыңызды анықтауға көмектеседі.
Жоспарлауды бастау үшін келесі әрекеттерді орындауға болады:
• Ай сайынғы табысты есептеу.
• Міндетті шығындарды (тұрғын үй, тамақ, несие төлемдері) анықтау.
• Қажетсіз шығындарды қысқарту.
• Жинақ жасау дағдысын қалыптастыру.
• Қаржылық мақсаттар қою (мысалы, демалысқа жинақтау, несие жабу немесе инвестиция жасау).
Ең бастысы – табысыңыз қаншалықты аз болса да, қаржылық жоспарды ертерек бастаған дұрыс. Қаржылық қиындықтарға әкелетін қателіктер Табысқа сай емес өмір сүру. Көп адамдар табысына қарамай, артық шығындарға жол береді. Бұл әсіресе, несие мен бөліп төлеу арқылы қымбат заттар алғанда байқалады. Жоспарсыз несие алу. Нақты қаржылық жағдайын есептемей несие алатындар жиі қиындыққа ұшырайды. Әсіресе, бірнеше несиені қатар алып, оны жаба алмай қалу жиі кездеседі. Жинақ жасамау: Күтпеген шығындарға дайын болмау – қаржылық қиындықтардың басты себебі. Инвестиция жасауда білімнің жетіспеуі: Жылдам байлыққа жету мақсатында күмәнді қаржылық схемаларға қатысу да жиі кездеседі. Эмоционалды шешімдер: Кейде адамдар үлкен сомадағы қаражатты ойланбай жұмсап, кейін өкініп жатады. Менде «Табыс қанша болса да, оны дұрыс басқармасаң, қаржылық тұрақтылыққа жете алмайсың» деген түсінік болды. Бұрын мен қосымша табыс көздерін тауып, әртүрлі салаларда еңбектенсем де, ақшамды дұрыс басқармадым. Көбінесе жоспарсыз жұмсап, жалақымның соңында қаржы тапшылығына тап болатынмын. Кейіннен қаржылық жоспарлау мен жинақтау дағдыларын меңгерген соң ғана өзімнің қаржылық жағдайымды реттей алдым. Бұл тәжірибе маған табыстан гөрі оны дұрыс басқарудың маңызды екенін көрсетті. Бүгінде мен кез келген қаражатты жоспарлап жұмсаймын және табысымның бір бөлігін міндетті түрде инвестиция мен жинаққа бөліп отырамын. Қаржылық тұрақтылық – тек табыспен емес, оны басқару қабілетімен келеді.
Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»


