Қазақстанның мемлекеттік рәміздері 1992 жылы 4 маусымда бекітілді. Бұл күн – еліміздің тәуелсіз ел ретінде өз нышандарын бекіткен тарихи сәт.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Марат Әбсаттаровтың пайымынша: «Ту – ұлттың азаттығы мен бірлігін білдіреді. Қазақ даласында байрақтың орны ерекше болған. Кезінде хандар ақ ту көтеріп, елді жаудан қорғауға шақырса, батырлар жекпе-жекке шыққанда өз туларын желбіреткен. Ал қазіргі көк туымыз – бейбітшіліктің, тұрақтылық пен тәуелсіздіктің символы. Елтаңбада көне түркі мәдениетінің іздері бар. Бұл – қазақ халқының тамыры тереңде жатқанын айғақтайды. Ал Әнұран – халықтың рухын көтеретін ең маңызды нышан. Бірақ қазіргі қоғамда рәміздерге деген шынайы құрметтің әлсірегенін байқаймыз» – дейді тәуелсіздік белгілері туралы. Саясаттанушы Ғазиз Құлахметтің айтуынша, патриотизм мен ұлттық рәміздерге құрмет көрсету мәдениеті бір-бірімен тығыз байланысты: «Бізде патриотизм туралы көп айтылады, бірақ оның шынайы көрінісі қандай? Әдетте, патриотизмді тек әскери шерулер мен ресми жиындарда рәміздерді қолданумен ғана байланыстырады. Бірақ патриотизм – бұл одан да ауқымды түсінік. Ол – туған жерді сүю, ана тілді ардақтау, ұлттық дәстүрлерді дәріптеу. Егер біз осы құндылықтарды сақтай алмасақ, мемлекеттік рәміздерге деген құрмет те әлсірейді. Бүгінде кейбір азаматтар туды қате пайдаланып, оны коммерциялық мақсатта қолданады. Мұндай жағдайлар заңмен реттелгенімен, басты мәселе – халықтың санасында. Біз ұлттық сана-сезімімізді күшейтуіміз керек» – дейді. Қазір мемлекеттік рәміздерге құрмет туралы айтқанда заңдық жауаптылық ретін алға тартатындар көп. Шын мәнінде, рәміздерге деген сүйіспеншілік әркімнің өз жүрегінде. Мемлекеттік құндылықтарға деген көзқарасты заңның пәрменімен өлшеуге болмайды.
Самал АСҚАР, «Заң газеті»


