2024 жылы еліміздегі табиғи газдың игілігін көрген халықтың саны 61,8 пайызға жетті. Егер елімізде 6 386 елді мекен бар екенін ескерсек, оның 1 846-сында ғана бұл игілік қолжетімді болып отыр.
Сондықтан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов Қызылорда облысында 236 елді мекеннің 38-і, Түркістан облысында 831 елді мекеннің 477-сі, Жамбыл облысында 371 елді мекеннің 277-сі, Алматы облысында 384 елді мекеннің 157сі, Жетісу облысында 358 елді мекеннің 65-і ғана газдандырылғанын мәселе етіп көтерді. Оның айтуынша, еліміздің 5 өңірінде газдандыру деңгейі 20 пайыздан да аз. «Президенттің әлемдік деңгейде абырой-беделі мен ұтымды саясатының арқасында елге триллиондаған инвестиция тартылып жатыр. Солардың бірі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісі. Жоба құны шамамен – 3,1 трлн теңге. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі ең ірі инфрақұрылымдық жобасының бірі. Жоба арқылы Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау, Алматы облыстарын газбен қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ, көптеген жұмыс орындары ашылады. Еліміздің әр ауылына газ келіп, мұқым жұрт мәз болатын күн туатынына сенеміз. Осы ретте, Үкімет елді мекендерді газдандыру жұмысын әрі қарай жандандыру қажет», – деген еді Мәжілістің жалпы отырысында Мархабат Жайымбетұлы. Осы хатқа жазбаша берген жауабында Роман Скляр: «Үкімет жаңа газ құбырларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту, халық пен кәсіпорындарға газдың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып отыр. Өңірлерді газдандыруға қаражат бөлу қазіргі бюджет тапшылығын ескере отырып, қолжетімді ресурстар шегінде жүзеге асырылады. Биылға арналған республикалық бюджетте газдандыруға 65,9 млрд теңге қарастырылған, жергілікті бюджеттен 24 млрд теңге бөлінеді. Тұтастай алғанда, бұл 2025 жылдың соңына қарай еліміздің газдандыру деңгейін 62,6%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді», – деді. Роман Васильевичтің сөзіне қарағанда, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» екінші желісін салуға қатысты 2024 жылғы 30 қыркүйекте «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен Қатарлық UCC Холдинг компаниясы арасындағы Бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу 2024 жылғы желтоқсанда аяқталды, 2025 жылғы І тоқсанда мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алу жоспарланып отыр. Сәуір айында құрылыс-монтаждау жұмысы басталады. I кезең 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Қазір тараптар инвестициялар туралы келісім жобасы мен газ тасымалдау туралы келісімнің егжей-тегжейін пысықтап жатыр. Бұдан басқа да магистральды газ құбырларын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылдан бастап «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Талдықорған-Үшарал» МГ салу жобасын іске асырып жатыр, оның құны 131,7 млрд теңгені құрайды. Негізгі жұмыстар биыл аяқталады. Объектіні пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланып отыр. Жиынтық түрде аталған жобаларды іске асыру 13 млн адамды үзіліссіз табиғи газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Ерлік КЕБЕКБАЙ, «Заң газеті»


