Салауатты өмір салтын қалыптастыру – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Бүгінгі таңда дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселесі өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Себебі, тұрақты түрде спортпен шұғылдану – адамның физикалық және психологиялық денсаулығын жақсартудың тиімді жолы. Дене шынықтырумен айналысу адам ағзасының төзімділігін арттырып, түрлі аурулардың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар жүйелі түрде спортпен шұғылдану еңбек өнімділігін арттырып, адамның көңіл-күйін жақсартады. Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Шахарбек Рахман Қуанышұлы бізге өңірдегі осы мәселелер төңірегінде әңгімелеп берді.
Бұқаралық спортқа жіті көңіл бөлінген
– Алматы облысында бұқаралық спортты дамытуға, спорттық резервті даярлауға бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2024 жылы облыста «Алатау лигасы» құрылды. Бұл жоба үш спорт түрін – футбол, баскетбол және волейболды қамтиды. «Алатау лигасының» нәтижесінде спорт клубтарында 10 – 15 мың адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданып келеді. Бұл қоғамда спорт мәдениетінің жоғары деңгейде қалыптасуына ықпал етіп, оң нәтиже көрсетті. Сондықтан «Алатау лигасын» жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Нәтижесінде, облыста дене шынықтырумен және спортпен айналысатындар саны 642 276 адамды құрайды. Оның ішінде ауылдық жерлерде – 504 633 адам. Бұл көрсеткіш облыс халқының жалпы санының 41,4%-ын құрайды (облыс тұрғындарының саны – 1 551 350 адам). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 083 адамға артық (2023 жылы – 602 193 адам, 39,5%). Бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Алатау лигасынан» бөлек, «ArtSport» платформасы аясында спорт секцияларына қатысушылар арасында лигалық жарыстар ұйымдастырылады. Бұл жарыс «ArtSport» бағдарламасындағы балалар мен жасөспірімдердің дайындық деңгейін анықтауға, сондай-ақ аймақтық командаларға қосу үшін спортшыларды іріктеуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жарыс ережесін әзірлеу және басым спорт түрлерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Балалар спортын дамыту бағытында ерекше жоба ретінде «Жеңіс жолы» лигасын атап өткім келеді. Бұл жоба облыстық және ұлттық құрамаға резервтерді дайындауға, сондай-ақ бәсекеге қабілетті спортшыларды тәрбиелеуге бағытталған. «Жеңіс жолы» лигасы 5 олимпиадалық спорт түрлері бойынша өтеді – грек-рим күресі, еркін күрес, бокс, дзюдо, таеквондодан. Қазіргі уақытта бұл жарыстың ережесі әзірленіп жатыр. – 2024 жылғы 27 тамызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының қорытынды жиналысында балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, олимпиадалық спорт түрлерін одан әрі қолдаудың маңыздылығын ерекше қозғады. Осы тапсырма аясында қазіргі таңда Туризм және спорт министрлігі Олимпиадалық және бұқаралық спорт түрлерін талдай отырып, басым спорт түрлерін анықтау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл жағдайда басым спорт түрлерін қаржыландыру бірінші кезекте жүзеге асырылады.
Атқарылып жатқан жұмыс көп
– Облыста кәсіби спортшыларды даярлау жүйесі кешенді түрде ұйымдастырылып, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Қарасай ауданында орналасқан «Олимпиада лық даярлау орталығы» – спортшыларымыз үшін маңызды база. Бұл орталық заманауи жабдықтармен қамтылған, жоғары білікті жаттықтырушылар мен спорттық медицина мамандары қызмет көрсететін маңызды нысан. Сонымен қатар облыста халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Аталған кешендер Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылы, Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласы, Шелек ауылы, Қарасай ауданының Қаскелең қаласы, Талғар ауданының Талғар қаласы, Кеген, Балқаш және Райымбек аудандарының ауылдарында ашылды. Нәтижесінде, облыстағы 1000 адамға шаққандағы спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз етілу көрсеткіші 50,14%-ды құрайды. Халықаралық аренада ел намысын қорғайтын үздік спортшыларды ынталандыру мақсатында қазіргі таңда 242 облыс спортшысына 51 000 теңгеден 500 000 теңгеге дейінгі Алматы облысы әкімдігінің стипендиясы тағайындалған. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында облыстағы 25 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 67 спорт түрінен 23 986 бала (оның ішінде 13 597 бала ауылдық жерде) тегін түрде спортпен шұғылданады. Спортшылардың оқу-жаттығу жиындарына қатысуы, қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі облыстық басқарманың бақылауында. Алдағы уақытта жоғары нәтижеге қол жеткізген спортшыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Алатау жастары» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» АҚ-мен келіссөздер жүргізілуде.
Аружан МАУЛЕНБАЙ, «Заң газеті»


