Былтыр Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 141,4 млрд АҚШ долларын құрады. Сауда және интеграция министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Арман Шаққалиев министрлік жаһандық сын-қатерлерге қарамастан қызметтің барлық бағыты бойынша оң қорытындымен аяқтағанын жеткізді.
«Өткен жылы сауданың өсуі 9,1 пайызды құрады. Сауда саласына 884,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 14,6 пайызға көп. Ішкі тауар айналымы да тұрақты оң динамикада қалып отыр. Мәселен, 2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі тауар айналымы 14,1 пайызға өсіп, 69,6 трлн теңгені құрады. Қазақстанның сыртқы тауар айналымы 141,4 млрд АҚШ доллары болды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,6 млрд АҚШ доллар артық өскен», – деді министр. 2019 жылы Сауда және интеграция министрлігі құрылғалы шикізаттық емес экспортты қолдау және сауда жағдайын жақсартуға қатысты жұмысты бірінші орынға қойды. Бір ғана мысал, сол жылы тауар айналымы 97,8 млрд АҚШ долларын құраса, 2024 жылы 141,1 млрд АҚШ долларын құрап, сыртқы сауданың жоғары деңгейде тұрақты болуына жеткізді. Ал 2019 жылы шикізаттық емес тауарлардың экспорты 15,1 млрд АҚШ доллары болса, былтыр 40,2 млрд АҚШ долларына артты. Қазақстан саудада Ресей, Түркия, Қытай, АҚШ, Германия, Франция, Оңтүсткі Корея, Жапония және Орталық Азия елдері мемлекеттермен тұрақты серіктестік орнатып отыр. Мұның ішінде Ресеймен тауар айналымы елдің сыртқы экономикалық қызметінде маңызды орын алады, бұл экспорт пен импорттың едәуір бөлігін қамтамасыз етеді. 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында тауар айналымы 24,2 млрд АҚШ доллары болды. Ресейге экспортталатын негізгі тауарлар – жер асты қазба байлықтары, яғни көбісі түсті металдар. Ал Ресейден Қазақстанға импорт 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында 5,3% өсті, яғни 16 млрд АҚШ долларын құрады. Импортталатын негізгі тауарлар қатарында табиғи газдан бөлек, түсті металл, бидай, т.б. өнімдер бар. Сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы да тұрақты өсу динамикасын көрсетіп отыр. Былтырғы сауда айналымы қос ел арасында 30,1 млрд АҚШ доллары болды. Ал Қытайға экспортталатын негізгі тауарлар қатарында мыс, мұнай, уран, табиғи газ бар. Керісінше, Қытайдан Қазақстанға импорт 2024 жылы 1,5%-ға төмендеп, 15,2 млрд долларды құрады. Сарапшылардың айтуынша, Қытайдан импортталатын тауарлар – телефон аппараттары, жеңіл автокөліктер, есептеу машина лары, автокөлік корпустары, жол және құрылыс техникасы. «Бүгінгі күні Қазақстанның сыртқы саудадағы ең үлкен әріптесі – Қытай. Әрине, Ресеймен тұрақты байланыс бар, бірақ олар кейінгі жағдайға қатысты көп санкцияға іліккен соң біздің шикізаттық өнімге сұранысы азайды. Себебі, Ресей екі-үш жылда өз өндірісін қорғаныс саласына қарай бұрып, бейбіт өмірге қажетті тауарларды шектеді. Әзірге сауда байланысында екінші орында Ресей тұр. Ал Қытайға экспорттау жағына келсек, шикізатпен қоса, тамақ өнімдері кетеді. Импорт жағынан техникалық жабдықтар келеді. Ресейге көмір мен металл жіберсек, ол жақтан көп дайын өнімдер мен қондырғылар алынады. Сондай-ақ Орталық Азия мен Түркиямен де сауда саясатында тығыз қатынастамыз десек болады», – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаев. Сарапшының сөзінше, сыртқы сауда қатынасында мүдделі шет мемлекеттермен арадағы сауда айналымы үшін теміржол мен көлік, сондай-ақ кеме қатынасы өте маңызды рөл атқаратынын ескермей болмайды.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ


