Қазақстан Республикасының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы заңымен ел азаматтарына қарыздарынан заңды түрде босатылу мүмкіндігі берілді. Аталған заңның қолданысқа енгеніне екі жыл болды. Алдымен банкроттық ұғымын түсіндіріп өтсек, бұл — борышкердің төлем қабілетсіздігін ресми түрде мойындауды көрсетеді. Азаматтар жоғарыда аталған заң талабына сай, банкроттық рәсімінің соттан тыс және соттық түрлерін пайдалана алады. Қарыз көлемі аз, сондай-ақ, борышкердің атына ешқандай мүлік тіркелмеген жағдайда соттан тыс банкроттық қолданылады. Қазақстан Республикасының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы заңында соттан тыс банкроттыққа өтініш беру талаптары нақты белгіленген.
Ал сот арқылы банкроттық ірі қарыздар мен мүлік болған кезде жүзеге асырылады. Бұдан әрі нақтыласақ, сот арқылы банкроттық қарызды өз мүлкімен төлей алу мүмкіндігі бар борышкерлерге қолданылады. Олардың мүлкі сатылымға қойылып, содан түскен ақша кредиторларға беріледі. Қарыз сомасы мүліктің құнынан артық болған жағдайда кредиторлар өздеріне тиісті өтемақыны ғана алады. Борышкер атындағы жалғыз мүлік, мысалы, баспана алынбайды, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
Сотқа банкроттық туралы өтініш қарыз 1 600 айлық есептік көрсеткіштен артық мөлшерде болған және ол бір жылдан аса төленбеген жағдайда беріледі. Өз атында дүние-мүлкі бар немесе кредиторы жеке тұлға борышкердің қарыз сомасы бұдан да кем болуы мүмкін. Бұл рәсім қалай орындалады десек, борышкер өзін сот тәртібімен банкрот деп жариялау үшін тұрғылықты жері бойынша сотқа жүгінеді. Өтінішке кредитордың мекенжайы мен телефон нөмері, қарыз сомасы, төлем уақытының өтуі туралы, сондай-ақ, кредиторларға мәселені шешу үшін жүгінгенін растайтын құжаттар, соңғы үш жылдағы қарыздардың тізімі, мүлік болған жағдайда оның хаттамасы мен бағалау есебі қоса тіркеледі.
Он жұмыс күні ішінде борышкер өтініші сотта қаралып, оны қабылдау немесе қабылдамау мәселесі шешіледі. Қабылданған жағдайда сот тағайындаған қаржы басқарушысының қорытындысы негізінде өтініш қанағаттандырылады немесе одан бас тартылады. Сот шешімі борышкердің пайдасына шығарылса, қаржы басқарушысы алты ай ішінде оның мүлкін сатады. Қажеттілік туса банкроттық рәсімі тағы алты айға ұзартылады.
Шет елдерде өзі немесе жақыны емделу қажеттілігін қоспағанда борышкерлер мүлікті сату, кредиторлармен есеп айрысу уақытында елден кете алмайды. Банкрот мәртебесіндегілер пайыздар мен айыппұлдарды қоса алғанда, несиені төлеуден заңды түрде босатылады. Кей азаматтар несие төлеуден құтылсақ болды деп ойлауы мүмкін, олар банкроттықтың да өз салдарлары барын білулері тиіс. Біріншіден, сот шешімі бойынша немесе соттан тыс тәртіпте банкрот мәртебесі берілген борышкерлер бес жыл ішінде несие рәсімдей алмайды. Екіншіден, оларға банкте кепілгер болуға тыйым салынады. Үшіншіден, банкроттыққа жеті жылдан кейін ғана өтініш бере алады. Төртіншіден, банкрот мәртебесін алғандардың қаржылық жағдайы үш жыл бойы уәкілетті органмен бақыланады. Сондықтан, борышкерлердің Банкроттық туралы заңмен көзделген төлем қабілеттілігін қайта қалпына келтіру мүмкіндігін пайдалануға ұмтылғандары өздеріне тиімді болар еді. Оның шарттары сот банкроттығына қойылатын талаптарға ұқсас келеді. Тек өтініш банкроттыққа емес, төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге деп берілу керек, айырмашылығы осында. Бұл ретте борышкерге банкрот мәртебесі берілмейді.
Айгуль Капарова,
Наурызбай аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы