Қазіргі таңда қоғамның алдында тұрған басты мәселелердің бірі – кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу, оның алдын алу болып табылады.
Статистикаға жүгінсек қоғамдық тәртіпті бұзатын, құқық бұзушылықты, қылмысты жасайтын, сондай-ақ ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған жасөспірім балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққанын көрсетеді. Алайда, кейбір ата-аналардың өз балаларының тағдырына алаңдаушылық танытпай, олардың үйден және мектептен тыс бос уақыттарында немен айналысып, шұғылданып жүргендерін бақыламауларынан, қадағаламауынан орын алатын жағдайлар да кездеседі. Яғни, ата-аналар мен оқу орындары тарапынан тиісті бақылаудың болмауы да құқық бұзушылыққа, қылмысқа итермелейтін фактор болып табылатыны анық.
Әсіресе, жасөспірім құқық бұзушылық пен қылмысты ішімдік және есiрткi, психотроптық заттардың әсерінен жасайтындар көптеп кездесетіні де құпия емес. Мәселен, түнгі ойын-сауық орындарында жасөспірімдер алкогольдік ішімдіктің түрлісін ішіп, есiрткi, психотроптық заттарды қолдану әсерінен әр-түрлі құқық бұзушылыққа, қылмысқа баратын жағдайлар жиі кездеседі, өйткені ішімдік пен есірткі, өз кезегінде, оларды қылмыс жасауға итермелейді, ықпал етеді.
Елімізде кәмелетке толмаған жасөспірімнің ата-анасының бақылауынсыз түнгі уақытта тұрғынжайдан тыс жерде жүруінің өзі әкімшілік құқық бұзушылыққа жатады, ол үшін тіпті әкімшілік жаза да қарастырылған. Мәселен, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 442-бабына сәйкес, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы – заңды өкілдеріне үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады делінген.
Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы – заңды өкілдеріне ескерту жасауға әкеп соғады.
Ал осы көрсетілген әкімшілік жазалар қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер – заңды өкілдеріне жеті айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатынын ескеру қажет.
Алайда, жоғарыда айтылған ережелерді, тиым салуды жасөспірімдердің барлығы бірдей сақтай бермейді. Сол себептен кей жағдайларда, ата-анасының бақылауы жеткіліксіз болу салдарынан жасөспірімдер тұрғынжайдан тыс жерге кетіп, әр-қилы құқық бұзушылықтар мен қылмысқа барады.
Мәселен, Жамбыл облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 2024 жылдың 11 айында 51 тұлғаға қатысты 42 қылмыстық іс келіп түскен. Оның басым көпшілігі Р Қылмыстық Кодекстің 188-бабымен (ұрлық), 188-1-бабымен (мал ұрлау), 122-бабымен (он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау), 191-бабымен (тонау) қозғалған істер.
Ал әкімшілік құқық бұзушылық бойынша 2024 жылдың 11 айында сотқа 60 іс келіп түскен. Оның басым көпшілігі Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 127-бабы 3-бөлігімен (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау, 442-бабымен (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша қозғалған істер.
Өкінішке орай, тәжірибе көрсеткендей, кәмелетке толмаған кейбір жасөспірімдер қылмыс пен құқық бұзушылықтың арты неге əкеліп соғатынына аса мəн бере қоймайды, түсінбейді, жеткілікті ұқпайды. Сол себептен, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қылмысын ерте кезеңде алдын алудың және оны болдырмаудың негізгі құралы ретінде әрбір отбасында ата-ананың балаларына дұрыс тәрбие беруі, жүріс-тұрысына күнделікті бақылау жүргізуі, өсіп келе жатқан жасөспіріммен жақын және ашық түрде сөйлесіп, оның айналасындағы достары мен таныстары туралы хабардар болуы қажет.