Азаматтық істі қараған кезде белгілі жағдайларда талап қою оңайлатылған іс жүргізу арқылы қаралып, шешім шығарылуы мүмкін. Соттың оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарған шешімі — сот тараптарды шақырмастан, электрондық форматта шығаратын актісі. Судья оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен істерді талап қою қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде қарайды және ол ұзартылуға жатпайды.
Талап қоюда: талап қою берілетін соттың атауы; тараптардың атауы; азаматтың құқықтары мен бостандықтарын немесе талап қоюшының заңды мүдделерін және талап қоюшының талаптарын бұзудың немесе бұзу қаупінің мәні; талап қоюшы өзінің талаптарын негіздейтін мән-жайлар, сондай-ақ осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелердің мазмұны; егер бұл заңда белгіленсе немесе шартта көзделсе, жауапкерге жүгінудің сотқа дейінгі тәртібін сақтау туралы мәліметтер; тарап (тараптар) қабылдаған, татуласуға бағытталған әрекеттер туралы мәліметтер, егер мұндай әрекеттер қабылданған болса; егер талап қою бағалауға жатса, талап қоюдың бағасы, сондай-ақ өндіріп алынатын немесе дауланатын ақшалай сомалардың есебі; талап қоюға қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетілуге тиіс.
Алиментті өндіріп алу туралы дауларды қоспағанда, балалардың құқықтарын қозғайтын даулар бойынша істер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралуға жатпайды. Сот тараптарды істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде қарау туралы ол қабылданған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық пошта мекенжайы немесе ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша, сондай-ақ хабарламаның тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдалана отырып хабардар етеді. Істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуде қараумен келіспеген тараптар – азаматтық іс қозғалғаны туралы хабарламаны алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде сотқа дауды талап қою ісін жүргізу қағидалары бойынша жалпы тәртіппен қарау туралы өтінішхат, ал жауапкер құжаттар мен дәлелдемелерді қоса бере отырып, талап қоюға пікір (қарсылық) ұсынуға құқылы.
Оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралған іс бойынша сот кіріспе және қарар бөліктерден тұратын шешім шығарады. Сот шешімінің көшірмесі тараптарға жіберіледі не шешім шығарылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей беріледі. Егер жауапкер оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен шығарылған шешіммен келіспеген жағдайда, ол шешім көшірмесін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде осы шешімнің күшін жою туралы арыз беруге құқылы.
Арыз, егер жауапкер талап қоюдың келіп түскені және оның оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қаралатыны туралы тиісті түрде хабарландырылмаған және шешімнің мазмұнына әсер ете алатын пікірді, сондай-ақ дәлелдемелерді ұсына алмаған жағдайда беріледі. Шешімнің күшін жою туралы арызды сот ол сотқа келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды. Егер сот шешімнің күшін жоюдан бас тартқан жағдайда, шешімге бір ай мерзімде апелляциялық шағым берілуі, прокурор апелляциялық өтінішхат келтіруі мүмкін.
Д.Е. Мустафин, Ұлытау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы