12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Кассациялық сот — демократиялық принциптерді нығайтудағы маңызды қадам

«Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас» дейді бабаларымыз. Расында, көпшілік болып кеңесіп жасалған істе кемшіліктің болмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Соның ішінде кассациялық сотты жаңғырту мәселесі біраздан бері қоғам ішінде талқыланып жүргені белгілі. Отандық бизнес өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейіннен бұл мәселеге жан-жақты үңіліп, сот саласын жандандыру, кассациялық сатының жұмысын қайта қарау бойынша құзырлы органдарға тапсырма берген болатын. Осы бағытта жүргізілген ауқымды жұмыстар нәтижесінде елімізде дербес үш кассациялық соттың құрылатыны айқындалды.
Сот саласына серпін берген бұл бастамалардың қолға алынуы 2024 жылғы 5 шілдеде «Қазақстан Респубикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңының қабылдануы түрткі болды. Жақында Президент «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» заңға енгізілген жаңа өзгерістерге қол қойды. Бұл заң кассациялық соттың қызметіне қатысты барлық қадамдарды заңдық тұрғыдан реттеуге көмектеседі.
Республика судьяларының ІХ съезіне қатысқан Мемлекет басшысы кассациялық соттың жұмысына айрықша тоқталды. «Кассациялық соттар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтады», – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде дербес кассациялық соттардың жұмысын жүйелеп, білікті, тәжірибелі судьяларды іріктеу бойынша іргелі іс-шаралар жүзеге асырылуда. Сонымен бірге, сот құрылымы кассациялық соттарға қатысты жаңашылдықтарды халыққа таныстыру, түсіндіру бойынша да ауқымды жұмыстарға бастамашы болып отыр. Қазіргі кезде әрбір сотта кассациялық соттардың қызметін, жұмыс тәртібін талқылауға байланысты дөңгелек үстел, семинарлар өтіп, судьялар жаңашылдықты әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында жан-жақты насихаттауда. Бұл заңдағы жаңашылдықтарды халық біліп қоймай, өз құқығын қорғауда тиімді пайдалана алуы үшін де керек.
Жалпы Астана қаласында құрылатын үш дербес кассациялық сот 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмысына кіріседі. Мұндай жаңашылдық Жоғарғы Соттың да функциясын өзгерткенін айта кеткеніміз жөн. Яғни, келер жылдан бастап Жоғарғы Сот істерді тек ерекше жағдайларда: Жоғарғы Сот судьясының ұсынуы немесе Бас Прокурордың наразылығы бойынша ғана қайта қарауы мүмкін. Бұдан бөлек, енді Жоғарғы Сотқа республика соттарының сот төрелігін іске асыруы кезінде заңдылықты сақтау мәселелерін қарау, сот практикасы мәселелері бойынша түсініктеме беру, заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізу, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру, олқылықтарды, заң қайшылықтарын жою міндеті жүктеліп отыр.
Ал кассациялық соттар енді «таңдап қарау» принципімен емес, «жаппай қарау» қағидасына сай істерді қарайды. Жұмыс сапасын қамтамасыз ету үшін кассацияда істерді қарау мерзімі ұзартылды. Бірақ ол 6 айдан аспауы керек.
Кассациялық соттар сот тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге, құқықтық дауларды шешуде әділдік пен бейтараптықты нығайтуға және құқық қорғау органдары мен азаматтардың құқықтарын тиімді қолдануға бағытталған. Бұл институт елдегі құқықтық мәдениетті арттырып, заң үстемдігін нығайтады. Сондай-ақ кассациялық сот – әділдікті қамтамасыз етудің, құқықтық дауларды қарауда қателіктерді болдырмаудың кепілі. Сайып келгенде, бұл реформа елдің құқықтық дамуы мен демократиялық принциптерді нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Махамбетова Сұлушаш Сәбитбеккызы, Ақтөбе облысы Шалқар аудандық сотының судьясы

Судьялар съезінің маңызы зор!

Биылғы жыл Қазақстан Республикасы судьялар съезінің ІХ рет өтуімен...

Сенім  – заңды білуден басталады

Бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі –  сабырсыздық, шыдамсыздық, яғни...

Істерді оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарау

Азаматтық істі қараған кезде белгілі жағдайларда талап қою оңайлатылған...

Мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар

АПК-нің 27-бабының 1-бөлігіне сәйкес мемлекеттік сатып алудан туындайтын даулар...

Көлікті мас күйде басқарудың жауапкершілігі жоғары

Жол көлік оқиғаларын барынша азайту қазіргі таңда қоғамның алға...