Жазда жаңбыры, қыста қары толастамайтын Астананың ауа райы айтпаса да түсінікті. Ел жүрегі саналған бас қаланың келбеті де жыл сайын сұлулана түскендей. Бірақ былайғы жұртқа біліне бермес осындай көркемдіктің астында көзге көрінбейтін еңбегі бар азаматтар көп. Олар – қала тазалығын сақтап, аймақты күніне бірнеше тонна қоқыстан арылтып отырған жандар. Әне, бірі жаяу жүргіншілер жолындағы қоқыс толы жәшіктерді босатып алуда. Енді бірі – жол жиегіне желмен келіп тығылған әр түрлі затты сыпырып әлек. Айтпақшы, қараша басынан бері қары ұшқындай бастайтын елорданың тазалығына қажетті еңбек күшінің 10 есе артатынын біз ескеріп жүрміз бе? Мұздыаяқ болып, қар аршу, мұз ою жұмыстарында жанталаса еңбек ететін осы бір азаматтардың адал жұмысы расымен қоғамдағы көп жалқауға үлгі болары хақ.
Біз тіршілік тіршілікпен үлкен қаланың тазалығына үлес қосып жүрген мекемеге бас сұқтық. «Астана Тазалық» деп атау беріп, ат қойған серіктестіктің негізгі міндеті қандай? Мақаламызда осы жайлы азды-көпті баяндап көрмекпіз.
Жоғарыда айтқандай, қыс түсісімен айына 26-34 мм қар түсетін қалада қарбалас көбейеді. Мекеме басшылығының айтуынша, мұндай мезгілде серіктестік жұмысшылары күшейтілген режимде жұмысқа кіріседі. Дәлірек айтсақ, бір ауысымда, яғни таңғы сағат алтыдан бастап 500-ден астам қызметкер тазалыққа аттанады. Қызметкерлермен бірге екі ауысымды 400 арнайы техника жұмылдырылады екен. Бұған қоса, арнайы келісім-шарт негізінде 200-ден аса техника өзге мекемелерден тартылады. Мысалы, кешегі қараша айында «Астана Тазалық» ЖШС 100 мың тоннадан астам қарды қала сыртына шығарған. Бұл – осы уақыттағы былтырғы мәліметпен салыстырғанда бірнеше есе көп.
«Осында 4 жылдан бері қызмет істеймін. Ал серіктесік туралы айтар болсақ, біздің ұжымның тарихы 2008 жылдан басталады. Сол жылы 1-ші қазанда құрылып, қазір өз жұмысын Астана қаласы бойынша өте жоғары деңгейде атқарып келе жатқанын баса айтқым келеді.Әрине, бұған дейін де елордамыздың тазалығына жауап беретін құзырлы орын болды. Ал кейінгі 16 жылдан бері барлық маусымда өз жұмысын тек санитарлық-тазалық мақсатында қалыптастырған «Астана Тазалық» ЖШС десек, қателеспейміз. Атап айтсақ, тазалық жұмысына қатысты талаптар күшейтіліп, өз қызметкерлерімзге қажетті техникалық көліктер мен жабдықтар қайта жаңартылды»,деп азды-көпті тарихпен таныстырып өтті «Астана тазалық» серіктестігінің өндірістік-техникалық бөлімі басшысы Ержан Айтмаханұлы.
Оның сөзінше, биыл Германия мемлекетінен соңғы үлгідегі 5 үлкен тазарту жұмысына қажетті техника, сондай-ақ мұз бен тайғаққа қарсы қолданатын екі арнайы жабдық сатып алыныпты. Осындай жаңартудың арқасында қысқы мезгілде тұрғындардың қауіпсіздігі де артқан.
«Дұрысы, қала көшелерінде қар мен жаңбыр кесірінен мұз қатып, тайғақ болғанда көлік пен жаяу жүргіншілер жолына арнайы құм төсеу жұмыстары жүретін. Ал ол көктем келіп, қар еріген тұста, бұл топырақ желмен көтеріліп, біршама тазалық пен табиғатқа нұқсан келтіретіні тағы бар. Ал кейінгі технология арқасында еріткіш тұз қоспаларын пайдалану – мұндай қосымша әрі басы артық жұмыстарды болдырмайды. Айта кетейік, бұл қоспалар сұйық және қатты түрде болады әрі ол 35 градусқа дейінгі төмен температураға дейін жарамды болып келеді», дейді бөлім басшысы.
Айтпақшы, «Астана Тазалық» серіктестігі қаланың бес ауданынан арнайы база құруды жоспарлап отыр. Ондағы мақсат – жұмысшыларға қажетті барлық керекті құралдарды сақтау, арнайы техникаларды әр аудан бойынша тиісті тазалық жабдықтарын бір жерге шоғырландыру. Демек, қаланың әр ауданында құрылатын мұндай орындар өзіне тиесілі аумақты бұрынғыда еш кептеліске қарамай, дер кезінде таза ұстауға мүмкіндігі арта түспек.
Бүгінде Астана қаласының 40 пайыз тазалығына жауапты мекеме 227 көшені айнадай таза ұстап келеді. Бұл – 454 шақырым деген сөз. Дұрысы, бас қаланың ең маңызды бөліктері мен қонақтар көп аялдайтын арнайы алаңдардың таза тұруына үлес қосуда. Ескеретін нәрсе, аталған серіктестік қала ішіндегі өзіне тиесілі магистралды жолдар мен көшелерге ғана жауапты. Ал аула іші немесе басқа қоқыстардан арылту – өзге мердігер компанияларға тиесілі көрінеді.
Биыл Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» атты жалпыұлттық акциясы барша халыққа ұнамды болған бірегей бастама болды. Осының арқасында басты мегаполистерден бөлек, әр өңірдегі жұртшылық апта сайын өз аумағын тазалау, күтіп ұстау, көгалдандыру жұмысына белсене қатысып жүр.
«Мемлекет басшысының бұл бастамасы – әр азаматтың көкейіне қонғаны белгілі. Жалпы кейінгі уақытта отандастарымыздың тазалық мәдениетіне көзқарасы бұрынғымен салыстыруға келмейді. Билік тарапынан қаланы көркейту, көгалдандыру, тазалығын қалыпта ұстау мәселесіне ерекше ден қойылғаны көрініп тұр. Әсіресе, өзім бірнеше жылдан бері қоныс тепкен, қыс айында қары көп Астананың көлік жүргізушілеріне де жақсы жағдай жасалған. Күні-түні жол тазартатын тиісті техникаларға тыным жоқ. Жол жиегіне дейін қырып, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін ойлайтын сала қызметкерлеріне, жұмысшыларына өз басым алғыс айтамын. Тіпті олардың әлемдік жиындар жиі өтетін елорданың қарбалас уағында мезгілге қарамай тер төгіп жүрген жанкештілігіне мың рақмет. Тазалық қызметкерлерінің еліміздің сырт мемлекеттен келетін қонақтар алдында абыройы асқақтауына үлесі өте көп», дейді қала тұрғыны Бекзат Аманов.
Жылдың төрт мезгілінде тыным таппай, өз міндетіне тиянақты қарайтын «Астана Тазалық» серіктестігінде барлық жұмысшыларға жағдай істелген. Жалақысы тұрақты. Ауырып қалған жағдайда да сауықтыру бойынша қаржы қарастырылған. Еңбек демалысы уақытылы беріліп, әр мемлекеттік мереке кезіне қаржылай үстемақы төленеді. Бұған қоса өз ішіндегі үздік қызметкерлеріне де ынталандыру мақсатында сыйақы тағайындайтынын да баса айтуымыз керек. Ұжым мүшелері тазалық мекемелері арасындағы әртүрлі спорттық жарыстарға да қатысып, жүлделілер қатырынан көрініп жүр.
«Арнайы киім мен құрал-сайман өз уақытында, әр маусымдық кезеңде беріледі. Кешегі қараша айынан бастап жол тазалау жұмысшылары мен көлік жүргізушілеріне бір мезгіл ыстық тамақты ұйымдастыруды қолға алдық. Екіншіден, биыл біздің тазалық мамандары екі рет шет мемлекеттерде болып, атап айтсақ, Германия, Италия, Швейцария елдерінде тәжірибе алмасып қайтты. Сондай-ақ арнайы техниканы пайдалану бойынша конкурсқа екі жүргізушіміз бірінші рет қатысып келді. Ал қараша айынан бастап өз қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыру мақсатында түрлі семинарлар, тренингтер ұйымдастырып отырмыз», дейді Е.Айтмаханұлы.
Салада жүрген мамандардың пікірінше, қоғамдағы әр адам өз отбасы мен өмір сүретін қоғам тазалығына баса мән беру керек. Ал қоқыстың күнделікті пайда бола беретінін ескерсек, оны арнайы белгіленген орынға тастау, дұрысы, жүрген-тұрған жерін бүлдірмеу – кішкентай баладан жасы үлкен қарияларға дейінгі басты қағидат деп қараған абзал.
Иә, қазір адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін екшейтіндей жөні бар. Бірақ солардың арасында «тазалықтың табалдырықтан басталатынын» ұқпайтындар бары өтірік емес. Расы сол, кейбір азаматтар ішінен «тиісті мекеме тазалауға міндетті» дейтін көзқарас қалыптасып үлгерген. Әрине, олар өз жұмысын онсыз да орындап келеді. Дегенмен сіз бен біздің туған өлке мен өскен ортамызды таза ұстауда өз міндетіміз барын ұмытпағанымыз абзал.
Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ