БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылы қабылдаған Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) әлем елдері үшін дамудың басым бағыттарын айқындап берді. Бұл мақсаттар кедейлікпен күресуден бастап, қоршаған ортаны қорғау мен экономикалық теңдікті қамтамасыз етуге дейінгі салаларды қамтиды. Соның ішінде “Денсаулық және әл-ауқат” атты үшінші мақсат (ТДМ-3) қоғамның тұрақты дамуының ең маңызды аспектілерінің бірі болып табылады. ТДМ-3 мақсаты – барлық адамдардың салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жастағы адамның әл-ауқатын жақсарту. Бұл мақсат келесідей міндеттерді қамтиды:
-Жұқпалы емес және жұқпалы аурулардың таралуын азайту.
-Ана өлімін төмендету, нәрестелер мен бес жасқа дейінгі балалар өлім-жітімін азайту.
— Әлемнің әр түкпірінде сапалы медициналық қызметке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету;
— Ауаның, судың, тағамның қауіпсіздігін сақтау арқылы денсаулыққа зиян келтіретін факторларды азайту.
Денсаулық – кез келген адам үшін баға жетпес байлық. Әлемдегі ешқандай материалдық құндылық адамға денсаулықты бере алмайды. Денсаулық дегеніміз – физикалық, психологиялық және әлеуметтік әл-ауқаттың үйлесімі.Денсаулықты сақтау үшін дұрыс өмір салтын ұстану қажет. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы өз тарапымыздан білім алушыларға белсенді қозғалыс, дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту, таза ауада серуендеу – ұзақ және сапалы өмір сүрудің негізі екенін алға тартады.Кафедрада дөңгелек үстелдер,пікірсайыс т.б. шаралары өткізіліп тұрады. Ұлт саулығы әр адамның жеке денсаулығынан басталады. Денсаулығы мықты, рухы биік ұрпақ елдің өркендеуіне үлес қосады. Осы орайда отбасы мен жоғары оқу орындарында салауатты өмір салтын насихаттап, жастарды спортпен айналысуға баулу аса маңызды. Спорт тек денені шынықтырып қоймай, тәртіп пен жауапкершілікке үйретеді.
Қазақстан “Денсаулық және әл-ауқат” мақсатына жетуде ауқымды шараларды жүзеге асыруда:
•“Салауатты ұлт” ұлттық жобасы шеңберінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған бағдарламалар іске асуда.
•Аурулардың алдын алу мен салауатты өмір салтын насихаттау үшін ұлттық бағдарламалар жүзеге асырылуда.
•Ана мен бала денсаулығын қорғау бойынша заманауи перзентханалар мен орталықтар ашылып, ауылдық аймақтарға мобильді медициналық қызметтер қолжетімді болуда. “Денсаулық және әл-ауқат” тұрақты даму мақсаттары – тек жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның өркендеуінің негізі. Адамдардың денсаулығы жақсы болғанда ғана олар елдің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық мәселелерін шешуге белсенді қатыса алады. Сондықтан денсаулық сақтау саласына инвестиция салу – болашаққа салынған инвестиция. Жеке адамнан бастап, мемлекетке дейін бұл мақсаттарға жетуде жауапкершілік танытуы қажет.
Абдыкадыр Ұ.Б.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы