Осы Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану қағидалары және оларға қойылатын талаптар Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 133-3-бабының төртінші бөлігіне сәйкес әзірленді және сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын қолдану тәртібін айқындайды.
Сот отырысының аудио,- бейне жазбаларын сақтау және оны жою тәртібі «Сот отырысының барысын түсіріп алуды қамтамасыз ететін аудио-, бейнежазба құралдарын техникалық қолдану, аудио-, бейнежазбаны сақтау және жою, аудио-, бейнежазбаға қол жеткізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) басшысының 2015 жылғы 24 қарашадағы № 6001-15-7-6/486 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Бейнеконференцбайланысты қолдана отырып сот отырыстары техникалық байланыс құралдарымен жасақталған сот отырыстары залдарында өткізіледі.
Бейнеконференцбайланыс тек ашық сот отырысында қолданылуы мүмкін. Сот істі жабық сот отырысында талқылау туралы ұйғарым шығарған кезде техникалық байланыс құралдарын қолдану тоқтатылады.
Бейнеконференцбайланыс қолданылатын сот отырысын өткізуді ұйымдастырып дайындау оны өткізу күнін, уақытын, орнын анықтауға, техникалық мамандарды қоса алғанда, процеске қатысушыларды тиісінше ақпараттандыруға негізделеді.
Сот отырысы кезінде бейнеконференцбайланыс құралдарын пайдаланатын процеске қатысушылардың оған қатысуына мүмкіндік бермейтін техникалық проблемалар туындаған жағдайда, төрағалық етуші техникалық себептерге байланысты үзіліс жариялайды. Мұндай жағдайда сот отырысының хатшысы бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін тиісті сотпен немесе мекемемен немесе жеке байланыс құралдарын пайдаланатын процеске қатысушымен бейнеконференцбайланысты қалпына келтіру іс-шараларын жүргізеді.
Бейнеконференцбайланысты қолдана отырып сот отырысын өткізу күні алдын ала сот отырысы басталғанға дейін бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сот отырысының хатшысы бейнеконференцбайланыстың техникалық құралдарының жұмысқа жарамдылығын (дыбыстың, бейненің болуын) тексереді.
Техникалық ақаулар анықталған кезде сот отырысының хатшысы бейнеконференцбайланыс жабдығының жұмысын қалпына келтіру бойынша іс-шараларды өткізу үшін техникалық маманды дереу хабардар етеді.
Бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сот немесе мекеме адамдардың келуін тексереді және сот отырысына қатысуға келген адамдардың жеке басын анықтайды, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін тексереді және олардың сот отырысына қатысу мүмкіндігін анықтайды. Бұл ретте бейнеконференцбайланысты қамтамасыз ететін сот отырысының хатшысы немесе басшысы тағайындайтын мекеменің лауазымды адамы істі қарайтын сотқа бейнеконференцбайланыс арқылы сот отырысына қатысатын адамдар туралы баяндайды.
Процеске қатысушыны біркелкі сәйкестендіру үшін оның орналасқан жері жеткілікті түрде жарықтандырылуы, сот отырысының қалыпты өтуіне кедергі келтіруі мүмкін бөгде шусыз болуы тиіс. Процеске қатысушы дене қимылын барынша азайтып, кідіріс жасап, анық сөйлейді.
Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдары қолданылып өтетін сот процестері туралы ақпаратты (сот атауы, сот отырысы залының нөмірі, сот отырысының күні мен уақыты, техникалық байланыс құралдары туралы мәліметтер көрсетілген) сот отырысының хатшысы Қазақстан Республикасының сот органдарының автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесінде орналастырады.
Сот отырысында бейнеконференцбайланыс жүйесін пайдалану туралы сот отырысының хаттамасында көрсетіледі.
Бейнеконференцбайланысты қолдана отырып сот отырыстарын өткізу бейне көрсетілімнің және дыбыстың тиісті сапасын қамтамасыз ететін техникалық мүмкіндік болған кезде, сондай-ақ оларды залдағы қатысып отырған адамдар қабылдауға ыңғайлы форматта мониторларға шығарған кезде жүзеге асырылады. Сот отырысы залынан тыс жерде жүрген процеске қаытсушы да сот отырысы залынан сапалы бейне түсіру мен дыбыс алу қамтамасыз етіледі.
Түркістан облысы мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының
бас маман сот отырысының хатшысы А.Х.Нурумбет