Мына пәни өмірде адамдар арасында жанды жадырататын қуанышты жаңалықтармен қатар, кейде адам естімеген жанды түршіктіретін қорқынышты қылмыстар да болып жатады. Бес күн жалған өмірде бір-біріне жақсылық жасайтын да және жамандық жасайтын да адамдар болады. Жалпы, адамның жаны жұмбаққа толы. Әрбір адам баласын жеке алып қарағанда, оның жаратылысының өзі бір ғаламат әрі күрделі әлем дерсің! Адамдар осындай қарама-қайшылықтарға толы өте күрделі әлем аясында туып, өмір сүріп, қарама-қайшылықтармен күресе жүріп, біреулері алға қойған армандарына жетіп жатса, енді біреулері ойлаған мақсаттарына жете алмай, өкінішке қарай қылмыс жолына түсіп, қиыншылықта жүріп, өмірден өтеді.
Әрине, әрбір адамның жанының терең түкпірінде не жатқанын тап басып білу және оны табу өте қиын. Кейде көзінен мейірім шуағы шашылып тұрған жанның ішінде не болып жатқанын немесе қандай қулық-сұмдықтарды ойлап жүргенін, яғни оның кеудесінде «қандай иттің өліп жатқанын» бірден байқап, аңғармауымыз әбден мүмкін. Бұлай дейтініміз, сыры ішінде жататын кейбір адам баласының кез-келген уақытта кенеттен бұрқ-сарқ ете қалуы немесе бір заманда ғана болатын жанартау іспеттес үлкен зұлымдықтың, оңбағандықтың нышандары қылаң беруі ғажап емес. Сонымен қатар, кез келген адам баласының ішінде оны тіпті бүкіл әлемге паш ететіндей орасан зор қайырымдылық және ұлылық қасиеттердің болуы ықтимал. Жалпы, мұндай жағдайлар елуде-елу деуге бола ма, әлде алпысқа қырық па, ол жағы бізге беймәлім?
Мәселе, осындай екі түрлі қасиетті адамның қалай дамыта алуында. Қалай қалыптастырып қандай түрде сыртқа шығара алуында болса керек. Барлық нәрсені біліп болғанымен оны пайдаға асыра алмау жеңіс емес. Бәзбіреу, мысал ретінде айтсақ, ақын-жазушылардың жазғанындай «ашық әрі адал, әлсіздерге басынып кеуде кермейтін, күштілерге жағынып бас имейтін, кеңпейілді, көңілі көктем, қайырымды, жауға қатал да әділ әрі ымырасыз, өзін көзге мақтағанды, өзгені сыртынан даттағанды ұнатпайтын, турашыл, айтар сөзі нақты әрі маңызды – өте жақсы адам» болуы мүмкін.
Ал екінші бір адам жастайынан бойы мен ойын өсіп-өнген ортасы мен өмірден алған кері ықпалды әрекеттеріне байланысты қоғамдық қатынастарға қарама-қайшы келетін теріс құбылыстар бойын жаулайды. Ондай адам рухани байлықтан жұрдай, білімі де, адамгершілігі мен мейірімі де жоқ болғандықтан қоғамның ауыр дерті – қылмысқа баруы, сөйте-сөйте, адам бейнесіндегі хайуан, қос аяқты жыртқышқа, жауызға айналуы мүмкін. «Асқан өзімшілдік пен дүниеқұмарлықтан бұзақылық туады» деген сөз бекер айтылмаған. Ал, жауыздар қоғам таразысына қарамайтын, қарақан басының ғана қамын күйттейтін өзімшілдерден шықса керек.
2012 жылы «Егемен Қазақстан», «Оңтүстік Қазақстан», «Рабат» газеттері мен телеарналардан «Ауған соғысының ардагерін, пышақтап, қорлап өлтірген кім?» деген тақырыпта шыққан мақалалар мен телесюжеттер елді елең еткізгенді. Бұл оқыс оқиға көктемде Шымқалада болған еді.
Шымкент қаласының шығыс жағындағы «Жібек жолы» көшесінің бойында орналасқан «Атлант» сауда орталығының маңында 2012 жылы 17 сәуір күні кешкі 21 сағат шамасында Ауған соғысының ардагері Д.Есімхановты жұмыстан қайтып келе жатқанда бір бұзақы оның кеудесінен бірнеше рет пышақпен ұрып, бауыры мен өкпесін қатты зақымдап, өлтірген. Содан соң артында ешқандай із қалдырмай, оқиға орнынан қашып кеткен. 40 жастағы кәсіпкер Д.Есімхановтың артында әйелі жесір, ал екі қызы жетім болып аңырап қала берді!..
Қалалық Ішкі істер департаментінің Жедел іздестіру тобы қылмыс болған орынға тез жетіп, белгісіз қылмыскер Д.Есімхановтың кеуде тұсының оң жақ бетінен, бес рет пышақпен осқылап, өмірлік маңызды мүшелерін, яғни ішкі ағзаларын зақымдағанын анықтады.
«Атлант» сауда орталығының айналасында көпқабатты үйлерде тұрғындар көп тұрғандықтан және ол маңда ерсілі-қарсылы адамдар көп жүретіндіктен, қылмыскердің ізін анықтау мүмкін болмады. Сондай-ақ әккі қылмыскер құқыққа қарсы қасақана қаза келтіріп, оқиға орнынан бой тасалап, ол жерден тез арада кетіп қалған деген болжам жасады. Осыдан кейін Ауған соғысының ардагерін өлтірген қылмыскер ізім қайым жоқ болған.
Бүкіл қаланы шулатқан осы оқиғадан кейін тергеуші Д.Есімхановтың үйіне барып, оның әйелі Т.Дариевадан және үлкен қызынан түсініктемелер алып, одан әрі мардымды ешнәрсе таба алмай, бұл қылмыстың қалай болғанын, қылмыскердің қайдан келгенін және кім екендігін аша алмай тұйыққа тірелген тұғын. Алғашқы айда ағайындары тергеушіге жолығып, бауырымызды өлтірген қылмескерлер табылды ма, деп сұрағандарға іздестіріп жатырмыз дегеннен басқа ешнәрсе айта алмаған. Сұрақтарына оңды жауап болмаған соң, 5-6 айдан кейін Ауған соғысы ардагерінің туыс-бауырлары да және журналистер де бұл оқиғаны ұмыта бастаған-ды.
2020 жылы Астанада өткен бір жиында Ауған соғысының ардагері, бизмесменді өлтірген қылмыскердің әлі күнге дейін анықталмағаны туралы биік мінберден айтылып қалды. Осыдан кейін Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізу үшін, Астана қаласының Ішкі істер департаменті Тергеу басқармасының басшысы, полковник Абылай Қайсеновты Шымкентке іссапарға жіберді.
Полковник А.Қайсенов Шымкентке келе салып, Ауған соғысының ардагері Д.Есімхановтың өліміне қатысты істі алдыртып, онымен танысу барысында марқұм Д.Есімханов пен оның әйелі Тамара Дариеваның ара қатынасы онша жақсы емес, яғни үйлеріндегі ақша жоғалуына қатысты кикілжіңдер болғандығын байқап, бұл жерде бір кілтипанның бар екенін іштей сезді.
Соған байланысты, ол ең алдымен марқұм Д.Есімхановтың үйіне барып, оның әйелі Т.Дариеваға көңіл айтып әрі одан кейбір күмәнді мәселелерді сұрап, анықтау мақсатында «Күншығыс» ықшам ауданындағы тұрып жатқан үйіне келді.
Тамараның пәтерінің қоңырауын басып тұрғанда, олардың үйінде ешкім жоқ деп айтқан көршісі, орта денелі мығым келген полковникке жылы жүзбен қарап, бірер сағатта келіп қалуы тиіс, оған дейін біздің үйде күте тұрыңыз деп, Дәмеш апай қонақжайлық танытты. Полковниктің есіне талай шытырман қылмыстық істерді ашуға көршілердің көрген-білгендерінің көп пайдасы тигені түсіп, мына шым-шытырық істің бір ұшын табу үшін, осы мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келді.
Іздегенге – сұраған дегендей, Дәмеш апай ашық әрі әңгімешіл болып шықты. Оның жайша келдіңіз бе? деген сұрағына, А.Қайсенов бірден сыр ашпай, жай, Тамараға жолығып, хал-жағдайын білейін дегем дей салды.
Дәмеш апай бірден сөз бастап, — Тамараның күйеуі аңқылдап қалған ақкөңіл, көрген кезде амандасып хал-жағдай сұрайтын, мал тапқыш жақсы жігіт еді! Менің байқауымша, Тамара күйеуінің тапқанын оңды-солды шашып, ұрлап-жырлап, берекесін кетіргенін оқта-текте үйлеріне кіріп қалғанымда күйеуі әйеліне «бес жүз мыңды қайда құрттың» деп ұрсып жататын. Әттең, қаныпезер біреулердің қолынан оқыстан қаза тапқанын естігенде бәріміз де есеңгіреп қалдық қой… 2012 жылы көршімнің күйеуін біреулер пышақтап өлтіріп кеткен соң, Тамараның қайғыдан қан жұтып, қайғырғанын байқамадым. Керісінше, күйеуінің 40 күндік асы өтер-өтпестен алтын алқа мен алтын сырға сатып алып, сыланып шыға келді ғой көршім, — деді. Айтпақшы, қайбір жылы үйіне келген бір жігітке Тамараның «Сендерге сол бір жерден басқа қазір қалтамнан бере салатын миллиондарым жоқ» деп айтқанын да естідім.
Абылай Қайсенов «Ол жігіт бұрын да Тамараның үйіне келіп тұрушы ма еді?» деп сұрады. Дәмеш апай «Бұл жігіттің ертеректе 2-3 рет келгенін көрген едім, кейінгі кездері келгенін байқамадым» деді. Қым-қиғаш қылмыстық іске қатысты осындай керекті ақпараттарды алғаннан кейін полковник «Апай сізге рақмет, мен асығыстау едім, бірақ менің келгенімді Тамараға айтпауыңызды өтінемін» деп, шығып кетті.
Содан тура Шымкент қаласының Ішкі істер департаментіне жолда келе жатып, А.Қайсенов кәсіпкер Д.Есімхановтың өліміне оның әйелі Тамара мен оның жиен інісі Ерболдың тікелей қатыстары бар екендеріне көзі жетті. Осы орайда оның есіне, кейбір қылмыскердің жаны тыныштық таппай мазасызданып, ақырында өз аяғымен полицияға келіп қылмысын мойындайтындары да кейде кездесіп қалатынын Криминалистика бойынша бір жерден оқығаны бар еді… Мүмкін сондай жағдай болып қалар деп іштей ойлап қойды?!
Ол қалалық департаментке келісімен Шымкент қаласындағы спорт мектебінде істейтін, Тамара Дариева мен оның жиен інісі Ербол Умирзаковтың ұялы телефондарын қылмыстық іс шеңберінде жүргізілетін жасырын тергеу әрекеттерін белгіленген заң тәртібімен, қаладағы Тергеу сотының санкциясымен тыңдауды ұйымдастырып, олардың сөйлескен сөздерін бақылауға кірісті.
Сонымен қатар, полковник Абылай Әзімханұлы қылмыстық іске қатысты жәбірленушінің өкілі М.А.Есімхановты шақырып, оған қойған бірнеше сұрақтарына төмендегідей жауап алды.
«Қайтыс болған Д.А.Есимханов менің туған ағам, ал Т.Дариева жеңгем. Марқұм болған ағам Ауған соғысының ардагері, бір кісіге күші жететін мықты жігіт еді. Оған оқыстан шабул жасалған ғой деп ойлаймын. Ағамды 2012 жылы 17 сәуір күні кешкі мезгілде «Жібек жолы» көшесінің бойындағы «Атлант» сауда үйінің маңында белгісіз біреулер пышақтап өлтіріп кеткенін сол күні жеңгемнен естідім.
Осы оқиға орын алардан 5-6 жыл бұрын ағамның үйінен қомақты ақша жоғалған. Бірақ, бұл ақшаны кім алғанын білмеймін, бірақ жеңгемнен күдіктеніп жүретінмін. Қайтыс болардан біраз уақыт бұрын ағам Шымкенттегі екі қабатты жер үйін сатып, ол ақшаны «Күншығыс» ықшам ауданындағы пәтеріндегі сейфке салып қойғанын естігем. Кейін сейфтен осы ақшаның қомақты бөлігі жоғалғанда, ағам кімнен күдіктенерін білмей, мүмкін өзінің әйелім шығар деп ойлап, полицияға арызданбағанын маған айтқан еді.
Ал, ағам мен оның қайнысы Ербол Умирзаковтың арасында қандай да бір бас араздық болғанын білмеймін. Менің білетінім, ағам үй соққан кезде Ербол құрылыстың басында жүріп көмектескен. Ал, 17 сәуір күні орын алған оқиғаның басы-қасында болмағандықтан, оның қалай болғанын білмеймін. Бірақ, кінәлілерді кешірмеймін! Қылмыскер ұсталған жағдайда, оған қатаң жаза беру керек!» деді, ол өз жауабында.
Полковник Абылай Әзімханұлы осы қылмыстық іс шеңберінде жүргізілген жасырын тергеу әрекеттерінің барысында аудиотаспаға жазылып алынған әңгімелерді зерттеу барысында, Е.Умирзаков ұялы байланыс телефоны арқылы Ж.Тлеубергеновке қоңырау соғып, жаны қатты қиналып, ұйықтай алмай жүргенін, сондықтан жасаған қылмыстары туралы полицияға мойындап баратынын ескерткен. Сондай-ақ қылмыс оқиғасы қалай орын алғаны, оны кім жасағаны туралы, қалай болғанын сол күйінде айтып беретінін және қылмысқа әпкесінің қатысы бар екенін де жасырмайтыны жайлы айтқан. Ж.Тлеубергенов Е.Умирзаковты полицияға бармауға үгіттеп, барған жағдайда да қылмысты тек бір өзінің мойынына алуды, егер қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды айтқан жағдайда бәріне қиын болатыны туралы айтқан.
А.Қайсенов осы дауыстар жазылған дискіні алып, іске айғақ зат ретінде тіркеп қойды.
Осыдан кейін полковник бұл қылмысты бірнеше адам алдын-ала келісіп жасаған деген қорытындыға келіп, шұғыл түрде Е.Умирзаковты полицияға шақыртты. Ол келген бойда өз еркімен жасаған қылмысын мойындап, Полиция департаментіне жазып әкелген арызын А.Қайсеновтың қолына берді.
Полковник Абылай Әзімханұлы айыпталушы Ербол Умирзаковқа мына арызда тек шындық жазылған ба деп сұрады.
— Иә, мен сегіз жылдан бері сергелдеңге түсіп, жаным қатты қиналып, түнде ұйықтай алмаймын. Сондықтан Т.Дариеваның айтқан өтінішін Ж.Тлеубергеновке жеткізіп, салармен бірге жасаған қылмыстарымды полицияға барып айтуға бекінгеніме біраз жыл болды. Арызымды да ертеректе жазып қойғанмын. Міне, бүгін сіз шақыртқан соң, жазып қойған арызымды да алып келдім, — деді.
Ендеше, топтың жасаған қылмысына сыбайлас қатысушы ретінде, сен олардың жасаған қылмыстарын ашуға белсене жәрдемдесетін болсаң, сол кезде саған «Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 55-бабына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін тиісті бапта белгіленген төменгі шектен төмен жаза тағайындауға не қылмыстық бұзушылық сараланған ҚК-нің бабының санкциясында көрсетілмеген жазаның неғұрлым жеңіл түрін тағайындауға немесе міндетті жаза ретінде көзделген қосымша жазаны қолданбауға тек қылмыстық құқық бұзушылықтың қоғамға қауіптілік дәрежесін едәуір азайтатын ерекше мән-жайлар анықталған жағдайда, жол берілетіні көрсетілгенін» түсіндіріп өтейін. Заңда жазылған бұл тармақ тергеуші мен прокурордың және жаза тағайындау кезінде соттың да тарапынан ескерілетінін айтып, есіңе салғым келеді.
Полковниктің айтқандарын мұқият тыңдаған айыпталушы Е.Умирзаков: «өзінің кінәсін толық мойындайтындығын, оған шын көңілден өкінетіндігін және Д.Есімхановты өлтіруге қатысты топтың істеген қылмыстарын ашуға бар білетінімді жасырмай айтып, көмектесемін» — деді.
Айыпталушы Е.Умирзаковқа 2020 жылдың 29 сәуірінен бастап күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында Е.Умирзаков өзіне тағылған айыптауларды толығымен мойындап, берген жауабында: «2012 жылдың сәуір айының басында нағашы әпкем Т.Дариева маған өтініш айтып, қаладағы Т.Рысқұлов көшесінің бойында кездескен кезімде оның көзі көгергенін байқап, әпкеме сұраулы жүзбен қарағанымда, ол күйеуінің ұрғанын және күнде ұрсып тыныштық бермейтінін айтқан еді. Сондықтан да Д.Есімхановты өлтіріп, көзін құрту керек. Маған осыны істейтін адам тауып бер деп өтініш жасаған болатын. Мен іздестіріп көрейін деп, өзім тұратын Арыс ауданы, Жиделі ауылына келген соң, көршім Ж.Тлеубергеновке нағашы әпкем Тамарамен арамызда болған әңгімені айтқам. Сонда ол «Егер маған 1 000 000 теңге берсе», мен оны өлтіремін деген. Осыдан кейін мен қалаға келіп, Тамараға кездесіп, көршімнің айтқанын жеткізгем.
Тамара Ж.Тлеубергеновтың ұсынысымен келісетінін айтып, Д.Есімхановтың фотосуретін және мекен-жайын қағазға жазып, Ж.Тлеубергеновке апарып бер» деп маған тапсырған тұғын. Содан кейін 17 сәуір күні мен, жездемді біреулер пышақтап өлтіріп кеткенін естідім.
Ал, 20-сәуірде Ж.Тлеубергенов ауылға келіп, маған жездемді өлтіргенін айтып, қызмет ақымды бер деп менен талап еткен болатын.
Арада 2 ай өткен соң мен Т.Дариевадан 7000 АҚШ долларын алып, Шымкентте «Колос» аумағында Ж.Тлеубергеновке жолығып, оған осы ақшаны қызмет ақысы ретінде қолына бергем.
Бірақ, мен өзімнің сол кезде жасаған іс-әрекетім үшін өзіме бір тиын да алғаным жоқ.
Мен, 2014 жылы егін егіп, диқаншылықпен айналысу үшін Т.Дариевадан 500 000 теңге қарыз алғам. Бірақ, еккен егінім шықпай қалып, бүгінгі күнге дейін Тамараға ол ақшаны қайтарғаным жоқ.
2017 жылдың көктемінде маған Ж.Тлеубергенов телефон соғып, жем сату бизнесімен айналысайық, соған 2 500 000 теңге тауып бер деп сұраған. Менде ондай ақша жоқ дегенімде, ол әпкең Т.Дариевадан сұра немесе Ж.Тлеубергенов қылмысты ашамын деп айтып жатыр деген. Сонда мен, «Ашыққаннан – құныққан жаман» деген осы шығар деп ойлағам?! Амалдың жоқтығынан мен Тамараға барып, осы әңгімені жеткізгенімде, ол ақшам жоқ деді. Бірақ, одан қорыққандықтан, Т.Дариева бұрын үй салу үшін алып қойған жерін Ж.Тлеубергеновтың жездесі А.Яхяевтың атына нотариус арқылы рәсімдеп берді.
Сегіз жыл сергелдеңге түскен Е.Умирзаков соңында шыдай алмай, 2020 жылдың сәуір айында өз еркімен жасаған қылмысын мойындап, Полиция департаментіне осындай арызбен жүгініп және осы істеген ісіне қатты өкінетінін де көрсетіп жазған екен.
Абылай Әзімханұлы осы қылмыстық іс бойынша айыпталушы Ж.Тлеубергеновтен де жауап алды. Ол істеген қылмысын өз еркімен мойындайтыны туралы арызын жазып берді.
Айыпталушы Ж.Тлеубергеновке 2020 жылдың 29 сәуірінен бастап күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды.
Полковник жедел түрде Т.Дариеваның үйіне екі шұғыл уәкіл жіберіп, оның қызы А.Есімханова екеуін полицияға алдырып, олардан сұрақ-жауап алды.
Полковник ең алдымен Т.Дариеваны Е.Умирзаковтың және Ж.Тлеубергеновтың жасаған қылмыстарын өз еркімен мойындау туралы жазған арыздарымен таныстырды.
Алайда, Т.Дариева күйеуін өлтіруге тапсырыс бермегенін, сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында оған қатысты жасалған психикалық қысымның нәтижесінде мойындағанын, Е.Умирзаков пен Д.Есимхановтың арасында жеке бас араздықтың болғанын тілге тиек етіп, ертеректе Е.Умирзаков Д.Есимхановқа 300 000 теңге қарыз болып, сол ақшаны қайтармай жүргенін алға тартып, өзінің кінәсі жоқ екен айтып ақталды.
Айыпталушы Т.Дариеваға 2020 жылдың 29 сәуірінен бастап күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды.Полковник Абылай Әзімханұлы қолға алған істен нәтиже шығармай тынбайтын әдетімен, осы қылмыстық іс бойынша екі ай ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын толық аяқтады. Бұл қылмыстық істің қысқаша қорытындысы мынадай.
Т.Дариева өзінің заңды некедегі жұбайы Д.А.Есімхановпен араларында отбасылық келіспеушіліктен туындаған жеке бас араздықтың салдарынан адам өлтіру, яғни алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобын құрып, басқа адамға құқыққа қарсы қасақана қаза келтіру қылмысын ұйымдастыру қылмыстық пиғылы пайда болған. Осы пиғылын жүзеге асыру мақсатында, Т.Дариева 2012 жылдың ақпан-наурыз айларында жиен інісі Е.Умирзаковқа өзінің адам өлтіруге бағытталған қылмыстық пиғылын жеткізіп, оны жүзеге асыратын жалдамалы адам тауып беруін сұранған.
2012 жылдың наурыз айында Е.Умирзаков өзінің ауылдасы Ж.Тлеубергеновке жолығып, әпкесі Т.Дариеваның жұбайы Д.Есимхановты өлтіру керектігін айтып, осы қылмыстың жасалуына Ж.Тлеубергеновты азғыру жолымен көндірген.
Ж.Тлеубергенов Е.Умирзаковтың азғыруымен Д.Есімхановты өлтіруге келісіп және осы заңсыз әрекеттері үшін қызмет ақысы ретінде 1 000 000 (бір миллион) теңге сұраған. Е.Умирзаков мұны Т.Дариеваға жеткізген. Т.Дариева аталған соманы беруге дайын екенін айтып, Д.Есимханов туралы ақпараттарды және фотосуретін беріп, өлтіруге тапсырыс жасап, өзара қылмыстық келісімге келген.
2012 жылғы 17 сәуір күні Ж.Тлеубергенов Т.Дариеваның тапсырысын орындау үшін қылмыстық пиғылымен адам өлтіру, яғни алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы құрамында әрекет етіп, жалданып басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату мақсатында, Шымкент қаласы, «Жібек жолы» көшесінің бойында орналасқан «Атлант» сауда орталығының жанында жәбірленушінің мекен-жайына келіп, алдын-ала келетін уақытын біліп, күтіп отырған. Сол күні кешке 21.00 сағат шамасында Д.А.Есімхановтың жұмыстан қайтып келе жатқанын көріп, өзімен алдын ала дайындап алып келген асханалық пышақпен қаруланып, Д.Есімхановтың кеуде тұсының оң жақ беткейінен, бес рет соққы беріп, өмірлік маңызды мүшелерін, яғни ішкі ағзаларын зақымдап, құқыққа қарсы қасақана қаза келтіріп, оқиға орнынан бой тасалаған.
2012 жылдың маусым айында Шымкентте «Колос» ықшам ауданы маңында Т.Дариева Ж.Тлеубергеновке Е.Умирзаков арқылы тапсырысты орындағаны үшін, қызмет ақысы ретінде 7 000 АҚШ долларын берген.
Осылайша, полковник Абылай Қайсенов сегіз жыл бойы ашылмай жатқан қылмысты ашып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтап, бүге-шігесіне дейін зерттеп және айыпталушылар Т.Дариеваның, Е.Умирзаковтың және Ж.Тлеубергеновтың қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері мен жасаған кінәлері олардың сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жинақталған жауаптарында және жоғарыда жан-жақты зерттеліп көрсетілген дәйектілігі жағынан ешбір күмән келтірмейтін нанымды және объективті деректер жиынтығымен толық дәлелдеп, сотқа жіберді.
Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандыр-ылған ауданаралық сотының судьясы С.Темиралиев, жәбірленушінің өкілі М.А.Есимханов, сотталушылар Т.Дариева, Е.Умирзаков, Ж.Тлеубергеновтың және адвокаттардың қатысуларымен, ашық сот отырысында, қылмыстық істі қарап:
Баяндалғандар негізінде, ҚПК-нің 387-393, 395-398, 402-баптарын басшылыққа алып, сот ҮКІМ ЕТТІ:
Дариева Тамара ҚК-нің (16.07.1997 жылғы редакциясы) 28-бабы 3-бөлігі, 96-бабының 2-бөлігінің ж), з) тармақтарында қарастырылған қылмыс белгілерімен кінәлі деп танылып, оған осы баппен 14 (он төрт) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Тлеубергенов Женис ҚК-нің (16.07.1997 жылғы редакциясы) 96-бабының 2-бөлігінің ж), з) тармақтарында қарастырылған қылмыс белгілерімен кінәлі деп танылып, оған осы баппен 15 (он бес) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 58-бабының 6-бөлігінің талаптары негізінде, Ж.У.Тлеубергеновке 2018 жылдың 3 наурызындағы Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін, осы үкім бойынша тағайындалған жазаға ішінара қосу жолымен, түпкілікті 16 (он алты) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Умирзаков Ербол ҚК-нің (16.07.1997 жылғы редакциясы) 28-бабы 4-бөлігі, 96-бабының 2-бөлігінің ж), з) тармақтарында қарастырылған қылмыс белгілерімен кінәлі деп танылып, оған ҚК-нің 55-бабының 4-бөліктерінің ережелерін қолдану арқылы 7 (жеті) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім жариялаған күннен бастап он бес тәулік ішінде, ал сотталғандарға үкімнің көшірмесін алған күннен бастап сол мерзімде Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына, Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты арқылы шағым беруге, прокурор өтінішхат келтіруге құқылы. Бірақ та, 2020 жылғы 14 қазандағы осы үкімге он бес тәулік ішінде шағым берілген жоқ.
Қылмыстың түбі – құрдым дегендей, бұл жолғы жаза сегіз жылға кешіккенімен, қылмыскерлер жазадан құтылмады.
Қабыл ДҮЙСЕНБИ