spot_img
spot_img

ТАРИХ. ТҰЛҒА. ТАҒЫЛЫМ

Алматыдағы Достық үйінде «Заң» Медиа-корпорациясының» ұйымдастыруымен «Құқықтық журналистика: өткені, бүгіні, болашағы» деп аталатын ғылыми-танымдық конференция өтті. Республикалық қоғамдық-саяси, құқықтық «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарының 30 жылдығына орайластырылған бұл шараға Президент әкімшілігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Жоғарғы Сот, ҚР Судьялар одағы мен облыстық, қалалық соттар өкілдері, ҚР Бас прокуратурасы және тағы басқа құқық қорғау органдары мен БАҚ өкілдері шақырылған болатын.

«Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында 1994 жылы 3 қарашада шыққан «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарының ақпарат алаңындағы орны бөлек, маңызы зор. 30 жылдан бері оқырманның құқықтық сауатын арттырып, заң мен құқық саласын дамытуға елеулі үлес қосып келе жатқан қос басылымның тарихы тереңде. Біз бүгін осы газеттерді жарыққа шығару ісінің басы-қасында болған, газеттердің алғашқы нөмірін дайындаған, газеттерде қолтаңбасы қалған барша әріптестердің басын қосуға күш салдық. Біз бұл мерейлі датаға үлкен дайындықпен келдік. Заңның тарихын түгендеу мақсатында арнайы деректі фильм түсірілді. Барша тілекші әріптестердің естеліктерінен арнайы жинақ дайындалды. Сосын газеттің ең алғашқы нөмірін қайтадан басып, тарихты тірілтуге күш салдық. Бұл жұмыстардың қалай атқарылғанын конференция барысында біле жатарсыздар», – деді «Заң» Медиакорпорациясы» ЖШС директоры Досымбек Өтеғалиев конференцияны ашқан кіріспе сөзінде.

«Заң газеті» мен «Юридическая газетаның» ақпараттық саладағы орны зор екенін, отыз жылда олардың көптеген тарихи оқиғаның куәсі болғанын конференцияға арнайы келген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов ерекше атап өтті. – Ақпарат құралдарының құқықтық мемлекет қалыптастырудағы рөлін ерекше атауға болады. Бүгінде тұрақты оқырманы қалыптасып, Қазақстан журналистикасында өз орнын айшықтаған басылымдар тек қана құқықтық емес, сонымен қатар саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени ақпараттармен сусындатып келеді. Қазіргі таңда ақпараттық алаңдағы сауаттылықты көтеру мәселесінің бірден бір тірегі – салалық журналистика. Ол заңдарымыздың мәні мен мазмұнын, рөлін халыққа жеткізу, насихаттау үшін жұмыс жасауда. «Заң газеті» – қабылданатын заңдардың әлеуметке, халыққа қандай ықпал ететінін айшықтайтын және көрсететін басылым. Көбінесе БАҚ немесе сайттарда заң қабылдау процесіне назар көп аударыла бермейді, – деген Қ.Ысқақов қазір газет пен журнал қажет емес дейтін кейбір азаматтар да бар екенін, алайда министрліктің бұл пікірмен келіспейтінін айтып, журналистиканың майталмандары жұмыс жасайтын қарашаңырақ басылымдар шын ақпараттың көзі екенін де ықыласпен атап өтті. Шарада Қанат Жұмабайұлы заң, сот төрелігі тақырыптарын кеңінен ашып жазу, қоғамда құқықтық мәдениет қалыптастыру бағытындағы жемісті қызметі, отандық баспасөз саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Заң газетінің» тілшісі Ерлік Кебекбай мен «Заң» Медиакорпорациясының қызметкері Жәнібек Урынбековті ҚР Президентінің Құрмет грамотасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Юридическая газетаның» бас редакторы Бахтияр Тохтахунов, zanmedia.kz сайтының тілшісі Ақбота Қуанышбекованы марапаттады. Сондай-ақ «Заң газеті» редакторының орынбасары Шолпан Рақымқызы, «Заң газетінің» корректоры Ұлбала Әлішева, zanmedia.kz сайтының редакторы Қуаныш Ермекова Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасымен, «Заң газетінің» беттеушісі Шолпан Наурызбаева мен «Юридическая газетаның» беттеушісі Ғалия Қалиева Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатына ие болды. Ал осыдан бірнеше күн бұрын Алматыға арнайы келген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС-нің директоры Досымбек Өтеғалиевке «Құрмет» орденін, «Заң газетінің» бас редакторы Айнұр Сембаева мен «Юридическая газетаның» бас редакторының орынбасары Дина Амироваға «Ерен еңбегі үшін» медальдарын өз қолымен табыс еткен болатын. «Өткен ғасырда 90-жылдардың басында егемендік қолымызға тиген кезде барлығымыздың қуанышымызда шек болмағаны баршаңызға белгілі. Сол кезде әрқайсысымыздың санамызда мемлекетіміз енді қай бағытта дамыр екен, қандай мақсаттарды алдына қойып отыр екен деген мәселеде бұқаралық ақпарат құралдарының орны бөлек, рөлі зор болды. Бүгінгі 30 жылдығын атап өтіп отырған «Заң» Медиа-корпорациясы» сол алғашқы күннен бастап Ата Заңымыз айшықтап берген, 1-бапта көрсетілген заң үстемдігін қалыптастыру үшін жалпы мемлекетте болып жатқан реформалардың, оның ішінде құқық қорғау органдарында болып жатқан реформалар мен қабылданып жатқан заңдардың бүге-шүгесіне дейін халыққа тәптіштеп жеткізуде еңбектері ерен болды», – деген ҚР Судьялар одағының төрағасы, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Досжан Әмір Жоғарғы Сот төрағасы Асланбек Мерғалиевтің құттықтауын жеткізіп, Судьялар одағының атынан қос басылымның бас редакторларын Алғыс хатпен марапаттады. «Сот органдарының БАҚ-пен өзара іс-қимылы» деп аталатын баяндамасында ҚР Жоғарғы Сотының коммуникациялар бөлімінің басшысы Перизат Садуақас: «Басылымдар 30 жыл бойы біздің елімізде құқықтық сауаттылықты арттыруға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқаны сөзсіз. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл басылымдар құқықтық реформаларды шынымен жұртшылықтың арасына таратуға ерекше үлес қосты. Жалпы, кез келген мемлекеттік органның сенім индикаторы – ол халықтың сенімі. Халықтың сенімін арттыруда және мемлекеттік органның жүргізіп отырған саясатын халыққа жеткізуде БАҚ-тардың рөлі ерекше», – деп Жоғарғы Соттың заман талабына сәйкес БАҚ-пен жұмыс істеу тетіктерін өзгертіп, дамытып жатқанын айтты. ҚР Бас прокуратурасының өкілі Райымбек Шәріпбаев: «Үш онжылдық бойы газет еліміздің құқықтық алаңында маңызды орын алып, азаматтар, заңгерлер мен құқық қорғау органдары үшін сенімді ақпарат көзіне айналды. «Заң газеті» әр шығарылымында заң мен қоғам арасындағы алтын көпірге айналып, құқықтық мәдениетті арттыруға және ашықтықты қамтамасыз етуге зор үлес қосуда. Қазақстандықтардың құқықтық білімін кеңейтіп, әділет пен тәртіпке сенімдерін нығайтады», – деп прокуратура атынан басылымдардың құқықтық ағартушылықтағы ерен еңбегіне сәттілік тілейтінін жеткізді. «1994 жылы 27 қаңтарда Қазақстанның Министрлер Кеңесі қазақ және орыс тілдерінде құқықтық басылым құру жөнінде қаулы қабылдаған екен. Парламенттің «Халық кеңесі» деген газетінде бас редактордың орынбасары болып жүрген жерімнен маған Әділет министрі Нағашыбай Шәйкенов қазақ тіліндегі алғашқы құқықтық басылымның редакторы болуға ұсыныс жасап, 29 мамырда бұйрық шығарды. Басылымның атын не деп қоямыз дегенде мен 20 шақты ат ұсынып, атының өзі сөйлеп тұратын ат болу керек деген принципті ұстанып, бұл заң газеті болған соң аты «Заң газеті» болса деген ұсынысты басыңқырап айтып едім, Нағашыбай Аманғалиұлы оны қабылдады. Оған не береміз дегенде халықаралық құқықтық құжаттарды жариялағанды жөн көрдік. БҰҰ-ның 1998 жылғы 10 желтоқсанда қабылданған Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясын «Халық кеңесі» газетінде жұмыс жасап жүрген кезімде бас редактор Сарбас Ақтаев екеуміз аударып, сол газетке жариялағанбыз. Ол міндетті түрде адам құқықтарын қорғауға жәрдемдесетін құрал ретінде «Заң газетінде» жариялануы керек деп шештік. 1991 жылғы Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңды, XVI ғасырдағы Қасым ханның қасқа жолы, XVII ғасырдағы Есім ханның ескі жолы, XVIII ғасырдағы әз-Тәукенің «Жеті жарғысынан» бастап сол күнге дейінгі ең маңызды дүниелерді қамтуға тырыстық. Міне, сіздер қайталап басып шығарған газеттің алғашқы нөмірін қарап, қандай керемет, жан-жақты нөмір шығарғанбыз деп өзімізге өзіміз риза болып отырған жағдайымыз бар», – дейді «Заң газетінің» алғашқы бас редакторы, аса көрнекті журналист, публицист Марат Тоқашбаев. Ал сол кезде Әділет министрі Н.Шәйкеновтің көмекшісі болған, Алматы қалалық сотының судьясы Ерлан Нұралиев еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін кеңестік заңдылықтарды ұлттық заңдылыққа көшіру қарекетінде ең үлкен жұмыстар Әділет министрлігіне жүктелгенін айтты. Ол кезде арнайы құқықтық жеке басылым болмағандықтан, орталық басылымдарда арнайы айдар бойынша халыққа кеңес беріп, оқырман сұрақтарына да жауап беретіндерін және Қазақстан телеарнасындағы «Шарайна» бағдарламасында қазақ және орыс тілдерінде 10 минуттық хабар жүргізілгенін еске алды. «Сөйтіп жүргенде құқықтық жеке басылым ашу туралы мәселе көтерілді. Ол кезде мемлекетте заңға сараптама беретін Әділет министрлігі болды. Маған қайнаған шаруаның басында, қара қазанның қасында жүру бұйырған екен. Құқықтық басылымдардың ашу жұмысын ұйымдастыру маған тапсырылды. Оның атын қалай қоямыз дегенде «Әділет» деген де, «Ақиқат» деген де аттар болды. Ең соңында «Заң газеті» деген атқа тоқталдық. Сот саласында ғана емес, заң саласында да мәселе көтеру тек осы газеттің басындағы дүние сияқты», – деген ойын жеткізді. Конференция жұмысын түйіндеген доғарыстағы судья Советхан Сәкенұлының: «Заң газеті» 30 жылдай менің досым, жанашырым болды. Онда заң, сот, прокуратура саласының түйткілді мәселелері жөнінде көптеген мақалалар жаздым», – деп корпорация ұжымына «Ұлы көш» деген картинаны сыйлады. Сондай-ақ «Заң газеті» мен «Юридическая газета» осы ұлы көштен қалмасын. Бабалар жолын жалғасын, әділетті қолдасын» деп жүрекжарды тілегін батамен жеткізді. Біз де осы отыз жылдық тарихтың үзілмеуін, қос басылымның ғұмырының ұзақ, таралымының көп болуын тілейміз!

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

ХАЛЫҚТЫҢ ЖОҚТАУШЫСЫ

Құрметті «Заң газетінің» ұжымы! Әлемнің алпауыт елдерімен жылы байланыс, тығыз қарым-қатынас орната білген еліміз осы уақытқа дейін талай қиындықты, ізденіс пен іркілісті басынан кешірді. Демек, еліміз 30 жылдан астам уақыт ішінде дүниежүзіне демократиялық, әлеуметтік, құқықтық мемлекет ретінде танылып үлгерді. Өткенге көз жүгіртсек, қилы тарих шырмауынан көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар сөз құдіреті мен заң құдіретін сақтап қалды. Қазақ елінің құқықтық мәдениетінің беделі мен рөлінің құлдырамай, заман ағымына сай дамуында өткеннен алған сабақтың ықпалы зор болды. Осы тұста ағылшын сыншысы С.Джонсонның «Заң адамдардың тәжірибесін қоғам игілігіне пайдаланатын адамзат даналығының ең жоғары көрінісі болып табылады», – деген пікірі еріксіз ойға оралады. Сондықтан Қазақстанда құқықтық мәдениеттің қалыптасуына атсалысқан әрі «ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗІ, ҚҰЛАҒЫ, ҺӘМ ТІЛІ» бола білген «Заң газетінің» орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауында заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құру қажеттігін баса айтты. Қазақстан заң үстемдігі индексі бойынша 60-орында тұр. Алайда заң аясындағы сауатсыздықтың соңы неге ұрындырады? Міне көпшіліктің көкейіндегі орын алған осы мәселеге «Заң газеті» жауап іздейді… Кез келген қоғамда түрлі саяси, экономикалық реформаны жүзеге асырғанмен, заңдық тұрғыдан бақылау болмаса бәрі бекер. Сондықтан Күлтегін бабамыз: «Тату елге тыныштық пен тоқшылық нәсіп» болатынын өсиет етіпті. Ендеше, татулығы мен бірлігі жарасқан еліміз болашаққа еркін қадам басып келеді. Тәуелсіздікпен бірге түлеген, көркейген сот саласы да Ата Заңымыздың арқасында бүгінде биік тұғырға көтерілді. Қоғамда болып жатқан әрбір іс-әрекетке үн қату, әр оқиғаны талдап жазу, қалың әлеуметтің құқықтық сауатын көтеру, әр құбылысты елге жеткізу «Заң газеті» ұжымының қызметі ғана емес, бұл біте қайнаған өмірі. «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС құрамындағы «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарының 30 жылдық мерейтойы құтты болсын! Қоғамның заңды сақшысына айналған құқықтық басылымдардың ұжымына зор денсаулық пен еңбектеріне жеміс тілеймін! Сот қауымы ізгі бастамаға тұтас тілектес, ниеттес. Жыл сайын өздеріңізге сенім артқан оқырмандарыңыз еселене берсін!

Досжан ӘМІР, ҚР Жоғарғы Сотының судьясы ҚР Судьялар одағының төрағасы


БИЛІК ПЕН БҰҚАРА АРАСЫНДАҒЫ ДӘНЕКЕР

Құрметті «Заң» Медиа-корпорациясы» ұжымы!

Сіздерді корпорацияның құрылғанына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздер еліміздің Тәуелсіздік алған жылдарынан бастап қоғамның маңызды бөлшегі бола отырып, билік пен бұқараның арасындағы дәнекер, еліміздің толағай табыстары мен жетістіктерінің жаршысы болып келесіздер. Қазіргідей ақпарат ағымында сот жүйесіндегі реформалар мен заңнамалық шараларды, заңнамаларға енгізілген өзгерістерді, судьялар қауымдастығының ой-пікірін халық назарына жеткізіп, ақпараттандыру бағытында ауқымды жұмыс атқарып келесіздер. Сіздерді айтулы мерейтойларыңызбен құттықтай отырып, алдағы уақытта маңызды міндеттерді абыроймен атқарып, мұрат тұтқан игі істеріңізге табыс, шығармашылық шабыт, қоғамның дамуы үшін жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асыру жолындағы қызметтеріңізге сәттілік тілеймін!

Әділхади ШЫҒАМБАЕВ, Қызылорда облыстық сотының төрағасы

ҚОҒАМ ӨМІРІНІҢ АЙНАСЫ

Құрметті Досымбек Қонысбекұлы! Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары айдынына өз қолтаңбасымен енген «Заң» Медиа-корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүрек, ақ пейілмен құттықтаймын! Кез келген ел мен жұрттың, мемлекеттің өмірінде баспасөз құралдарының рөлі ерекше маңызды екені белгілі. Ата-бабаларымыз сан ғасырдан бері аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі кезеңде еркін елдің баспасөз құралдары үлкен де маңызды қалыптасу белестерінен өтті. Осы кезеңдегі «ЗАҢ» корпорациясының бағындырған белестері биік және жетістіктері толағай екені анық. Соның ішінде, сот жүйесіне деген ұстаным мен көзқарастарыңызға алғыс және ризашылығымызды білдіреміз. Сот билігінің көп сатылы реформаларын, соттардың сот төрелігін жүзеге асырудағы жеңістері мен жетістіктерін, алған асулары мен белестерін насихаттаудағы және халықтың сот билігіне деген сенімін арттырудағы үлестеріңіз орасан. Ұжымды мерейлі мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға ынтымақ пен ырыс-береке, ел мүддесіндегі күрделі де қажырлы еңбектеріңізге жеміс, творчестволық табыс тілеймін!

Айдос СҰЛТАНОВ, Түркістан облыстық сотының төрағасы

ГАЗЕТТЕР СҰРАНЫСҚА ИЕ

Алматы қалалық сотының ұжымы «Заң»Медиа-корпорациясы» ұжымын 30 жылдық мерейтойымен құттықтайды! «Заң газеті» мен «Юридическая газета» осы жылдар ішінде сот жүйесінде орын алған барлық өзгерістерді, маңызды оқиғаларды, жаңа үрдістерді объективті түрде көрсете отырып, қалыптасу мен дамудың сапасын көтеріп өтті. 1994 жылы алғашқы саны жарық көрген күннен бастап басылымдар азаматтарға құқықтық білім беру мен құқықтық мәдениетті дамытуға, көпшілікті ақпараттандыруға зор үлес қосты. Корпорация басылымдары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан ел өміріне елеулі ықпал етті. Ол құрылған күннен бастап өз қызметін заң мен құқықты күшейту, оларды насихаттау, дәріптеу міндеттеріне бағыттады. Сонымен қатар, журналистердің еңбегінің арқасында еліміздегі құқықтық салада өз орнын иеленген корпорация қоғамдық тәртіп, жүйелік даму және реформаларды дамытып, түйткілдердің шешілуін қамтамасыз етті. Журналистер ұжымы бүгінгі күні де кәсібилік пен объективтілік танытып, газеттерді танымал әрі сұранысқа ие етуге тырысуда. Заң саласында өз орнын айшықтаған корпорация ұжым ретінде әрдайым қоғамның дамуында айрықша орын алады. «Заң» Медиа-корпорациясы» ұжымына күш-қуат, шығармашылық табыс, мол шабыт, қаламдарыңызға ұшқырлық, журналистикада әрқашан биіктен көрінулеріңізді тілейміз!

Нариман БЕКНАЗАРОВ, Алматы қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы

Дәурен ТІЛЕУБАЕВ, Алматы қалалық Судьялар одағы филиалының төрағасы

ЕЛ ДАМУЫНДАҒЫ ҮЛЕСТЕРІҢ ҚОМАҚТЫ

Құрметті «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС ұжымы! Сіздерді 30 жылдық мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Республикалық «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдары еліміздегі өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, оқырманы қалыптасқан беделді ақпарат жаршысы болып табылады. Бүгінгі мереке күні «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС ұжымына, барлық журналистерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Игі істеріңіздің қашанда оңға басуына, әр қадамдарыңыздың қарымды болуына, ел, қоғам алдында абыройларыңыздың арта беруіне тілектеспін. Қазақстанның өркендеуіне үлестеріңізді одан әрі қоса отырып, қаламдарыңыз мұқалмай қызмет ете беріңіздер!

Бақытжан ҚАРАМАНОВ, Павлодар облыстық сотының төрағасы

ҚУАТТЫ МЕДИА

Құрметті Досымбек Қонысбекұлы! Сізді және «Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС-нің шығармашылық ұжымын, авторлар қауымын және мыңдаған оқырманын 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің ақпарат кеңістігінде лайықты орын, үздіксіз бедел-берері бар, тек ақпарат көзі ғана емес, сонымен бірге халқымыздың қоғамдық пікірін қалыптастыруға ықпал ететін қуатты медиа ретінде танылған және халық арасында ерекше құрметке ие болған бұл басылым бүгінде Қарағанды облыстық соты үшін де маңызды. Елімізде жүріп жатқан реформалар, оның ішінде сот жүйесіндегі болып жатқан өзгерістер, сот жүйесін одан әрі демократияландыру, ашықтық және әділдік принциптерін насихаттау жұмысында «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдары зор ықыласпен қызмет атқарып келеді. Соның нәтижесінде жыл сайын оқырмандардың қатары көбейе түсуде. Сіздердің қаламдарыңыздан шыққан мақала, жарияланымдарыңыз заман ағымымен үндесіп, қазіргі таңдағы қазақ елінің жетістіктерін арттырып, еліміздің рухани байлығына мол үлесін қоса беретініне сенімдімін. Еліміздегі ауқымды шараларды жариялауға бағытталған қажырлы қызметтеріңіз қашан да табысты, отбасыларыңыз аман болсын! Дүниенің барша игіліктері – ізгілік, ырыс, баянды бақыт, сәттілік, береке-бірлік тілеймін!

Ерден ӘРІПОВ, Қарағанды облыстық сотының төрағасы

ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ РӨЛІ ЕРЕКШЕ

Құрметті Досымбек Қонысбекұлы! «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ұжымы! Сіздерді «ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, ең бастысы, құқықтық өміріндегі тақырыптарды арқау еткен, алғашқы сандары 1994 жылдан бастап ақпарат алаңында тоқтаусыз жарық көрген «Заң газеті» және «Юридическая газета» басылымдарын еліміздегі алғашқы республикалық құқықтық басылымдар ретінде білеміз. Жұртшылықты құқықтық реформаның жүргізілу барысымен таныстырып, ақпаратпен қамтамасыз етіп, халықтың құқықтық санасын арттырып, заңды білуіне атсалысып, қоғамның заңдық тұрғыдан дамуына өз үлестеріңізді қосып келесіздер. Сіздердің Атырау облысы соттарының жұмысы мен сот-құқықтық реформалардың жүзеге асырылуын насихаттаудағы сапалы еңбектеріңізді ерекше атап өткім келеді. Соттың ақпараттық, насихаттық мақалаларын қалың көпшілікке таратып, қоғамда оң имиджді қалыптастыруға зор ықпал еттіңіздер. Біз де өз тарапымыздан аталған басылымдарға әрдайым қолдау көрсетіп келеміз. Айтулы датада сіздерге мықты денсаулық, еңбектеріңізге береке, отбасыларыңызға бақыт, шығармашылықтарыңызға шабыт, жаңа идеялар мен жобалардың табысты жүзеге асуын тілеймін! Осындай жауапты қызметте әрдайым абырой биігінен көріне беріңіздер! Басылымдарыңыздың абыройы артып, таралымы көбейе бергей!

Мұхтар ПАРМЕНОВ, Атырау облыстық сотының төрағасы

БЕДЕЛДІ БАСЫЛЫМНЫҢ БІРІ

Құрметті «ЗАҢ» Медиа-корпорациясының» ұжымы! Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз – «ЗАҢ» Медиа-корпорациясына 30 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Корпорация тарапынан шығарылатын «Заң» мен «Фемида» журналдары, «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдары – сот пен құқық қорғау органдарының оқырманын қалыптастырған беделді басылымдардың біріне айналғаны белгілі. Еліміздің заң саласындағы сараптамалар мен бірегей сұхбаттар, танымдық-ақпараттық мақалалар көпшіліктің қызығушылығын оятты. Редакцияның мұрындық болуымен жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан «Детектив шығармалар» байқауының арқасында талай қаламы ұшқыр жазушылар, журналистер мен заңгерлер детектив жанрында шығармалар жазып, өз мүмкіндіктерін сынап жүр. Бұл жетістік – еліміздің құқық қорғау саласындағы беделді басылымның қалыптасуы жолында қарымды қызмет жасап келе жатқан әрбір озық ойлы қызметкерлер мен ұжымның ауызбіршілігінің арқасы деп білемін. Бүгінгі мерейтойда ұжымға шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Қазақстанның өркендеуі жолында қаламдарыңыз мұқалмай, елге қызмет ете беріңіздер!

Ақан ЖҰМАҒҰЛОВ, Астана қалалық сотының төрағасы

АҚПАРАТ АЛАҢЫНДАҒЫ ОРНЫ БӨЛЕК

«ЗАҢ» Медиа-корпорациясы» ЖШС-нің 30 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Осы уақыт ішінде корпорацияның басылымдары республиканың ақпарат кеңістігінде лайықты орнын иеленді, өз оқырмандарын тапты. Мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріндегі жаңалықтар мен өзекті мәселелерді жариялап, таныстырып келеді. Уақыттың талабына сай сот жүйесіндегі өзгерістерді де дер кезінде жарыққа шығарып, судьялардың өзекті ой-пікірлерімен таныстырып, көпшілік оқырманға жеткізіп отырсыздар. Бүгінгі мереке күні ұжымдарыңызға шығармашылық шабыт, еңбектеріңізге мол табыстар тілеймін! Сіздерге сот жүйесінің жаңалықтарын насихаттаудағы кәсіби әрі қомақты үлестеріңіз үшін алғысымды білдіремін.

Арман ЖҮКЕНОВ, Ақмола облыстық сотының төрағасы

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма берді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.

Что угрожает единству общества? 

Депутат Мажилиса Парламента подозревает некие скрытые силы в проведении целенаправленной кампании по дестабилизации политической ситуации в стране с использованием социальных сетей и других онлайн-платформ.

Елімізде қаңтардағы демалыс күні ауыстырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

Депутат мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мектеп бағдарламасына балалар Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттейтін жаңа пән енгізуді ұсынды.