spot_img
spot_img

«Марапат түрлері»  атты тақырыптық-экспозициялық көрме ашылды

Республика күні қарсаңында ҚР Мемлекеттік орталық музейінде  «Марапат түрлері»  атты тақырыптық-экспозициялық көрмесі ашылды.

Айтулы көрме Орталық музейдің фалеристикалық материалдары негізінде ұйымдастырылды. Фалеристика – мемлекеттік және қоғамдық марапаттар құрамына кіретін ордендер мен медальдар, алуан түрлі төсбелгілер (құрметті, мерейтойлық, мекемелік, кәдесыйлық, корпоративтік, оқу орындарын бітіру) және оларды растайтын құжаттарды зерттейтін тарих ғылымдарының бір саласы екендігі ғылыми ортаға мәлім.

Марапат белгілері және олардың басқа да түрлері мемлекет азаматтарының саяси-экономикалық, әлеуметтік-қоғамдық, тарихи-мәдени және түрлі ғылым бағыттарында жеткен жетістіктерін, яғни белгілі бір саладағы адамның айырықша қызметі, көзсіз батырлығы мен ерен ерлігі сынды жақсы қасиеттерін елдік тұрғыдан бағалайтын ресми нышаны болып табылады.

Көрермендер назарына ұсынылып отырған бұл көрмедегі экспонаттардың негізгі денін патшалық Ресей (XIX ғ.), Кеңестер Одағы (XX ғ.), тәуелсіз Қазақстан Республикасы (XX-XXI ғғ.) кезеңдеріне жататын жәдігерлер қамтиды. Атап айтқанда, сол кезеңдердегі мемлекеттік, қоғамдық және әскери қызметтердің жетістіктері мен ерліктері жайын таныстыру мақсатында ҚР МОМ қорындағы ордендер мен медальдар топтамасының түпнұсқалары, түрлі құжаттар мен фотосуреттер қойылды.

Хронологиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, көрмедегі музейдің фалеристикалық коллекция құрамы ішінен шетелдік көне марапаттың бірі – 1655 жылы Амстердамдағы жаңа ратушаның ашылу құрметіне орай шығарылған естелік медальдің орны ерекше.    

Ресейдің әр кезеңдерде билік еткен патшаларының жарлығы бойынша әскери қызметкерлерді марапаттау белгілері мен соларға қатысты деректі құжаттар, басқа елдерге жасалған соғыстарға байланысты түрлі дәрежедегі тарихи белгілер таныстырылады. 1801 жылы І Александр патша жарлығымен өкіметке әртүрлі қызмет көрсеткен азаматтарды марапаттау үшін шығарылған «За усердие» белгісі осы қатарға кіреді.

Көрмедегі 1820 жылы Орта жүз старшинасы Бәйтенге 12 дәрежелі шенеунік атағын беру туралы І Александр патша Жарлығы түпнұсқасының, 1836 жылы сұлтандар Санәли Мырзағалиевті алтын медальмен, Бекбатыр Қалқамановты күміс медальмен марапаттау куәлігі көшірмелерінің, ІІ Николай патшаның Жетісу казак әскерлерін Георгий крестімен марапаттау Жарлығының, Романовтар әулетінің 300 жылдық мерейтойында марапат алғандар жөніндегі тарихи материалдардың алар орны бөлек.

XIX ғасырдың аяғында қолданыста болған лауазымдық белгілер Ресей құрамындағы қазақ билік жүйесі өкілдерінің саяси-әлеуметтік ахуалынан мол хабар береді. Музей қорындағы олардың басым көпшілігі Ресей патшалығы тарапынан 1886 жылдың 12 маусымындағы «Түркістан өлкесін басқару ережесіне» және 1891 жылдың 25 наурызындағы «Ақмола, Семей, Жетісу, Орал, Торғай облыстарын басқару ережесіне» сәйкес болыстарға, ауыл старшындарына, сот билеріне арналып шығарылған лауазымдық белгілер болып табылады.

Музей қорындағы фалеристикалық материалдардың көлемді бөлігі – Кеңестер Одағының мемлекеттік марапаттары. Ордендер мен медальдар, төсбелгілер деген атаумен бөліп қойылған экспонаттар КСРО азаматтарының түрлі соғыс жылдарындағы, еңбек жолындағы, социалистік Отанды қорғаудағы, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамытудағы, мемлекет және қоғам алдындағы ерекше қызметтерінің айғағы. 

Көрме төрінен арнайы орын берілген экспонаттардың бір бөлігі – қазіргі тәуелсіз Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаттары. Ең жоғары дәрежедегі ерекшелік белгілер санатындағы «Халық қаһарманы» құрметті атағы, «Отан», «Даңқ», «Парасат», «Құрмет»  ордендері, «Ерлігі үшін»,  «Ерен еңбегі үшін»,  «Шапағат» медальдары және басқа да түрлі белгілер көрменің терең тарихи тағылымы және тәлім-тәрбиелік мазмұнын кеңінен аша түсті.

 Көрмені ҚР МОМ-і директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон салтанатты түрде ашты. Көрменің ашылу рәсіміне арнайы шақырылған қонақтар, запастағы полковник, әскери зейнеткер, педагогикалық білім беру магистрі, Қазақстан тарихының мұғалімі Бакиров Асқар Әдбіманапұлы, Ауған соғысының ардагері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері Құнанбай Жұмат Құдайбергенұлы,  Алматы қаласы ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектерінің «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Мемлекеттік «Айбын» орденінің иегері, Енбекшіқазақ ауданының құрметті азаматы Даркенбаев Байдаулет Құрманқожаұлы, Тәжік-ауған ардагерлері қоғамдық бірлестігінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары «Айбын-әскери патриоттық» клубының жетекшісі, майор Балтабаев Еркебұлан Жақсылықұлы мырзалар осы мәдени шараның аясында болашақ өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі ұлттық рух пен қасиетті тарихи құндылықтардың маңыздылығы жөнінде әңгіме өрбітті.

Көрмеге Мақан Есболатов атындағы Алматы Ішкі Істер Академиясы мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары мен Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Философия және саястаттану факультеті, Дінтану және мәдениеттану кафедарасының 2 курс (дінтану), 4 курс (исламтану) студенттері қатысты.

  ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және

дінтану институтының 1 курс докторанты

Ж.М. Белтенов

    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Философия және саястаттану факультеті,

Дінтану және мәдениеттану кафедарасының

аға оқытушысы, PhD доктор Мұқан Нұрзат

Еңбек дауларын қарау тәртібі

Еңбек даулары бүгінде ең өзекті және күнделікті мәселелердің қатарында....

Түркістанда «Заң және Тәртіп — қауіпсіз қоғамның кепілдігі» атты форум өткізілуде.

Мемлекет басшысы құқық қорғау және бейінді мемлекеттік органдардың алдына...

Қызылордада сотталғандарға «Дін және тарих тағылымы» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №68 мекемесінде тәрбие бөлімінің...

Мектеп оқушылары және колледж студенттерімен кездесу

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай...

Қызылордада сотталғанға есірткі жеткізбек болған азамат анықталды

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ның №60 мекемесінде тыйым салынған заттарды...