12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Досжан ӘМІР, Жоғарғы Соттың судьясы, ҚР Судьялар одағының төрағасы: «СУДЬЯЛАР ОДАҒЫ – СОТ ЖҰМЫСЫНЫҢ КҮРЕТАМЫРЫ, ҚАЗЫЛАРДЫҢ ҚОРҒАНЫ»

– Досжан Сарманқұлұлы, Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы болып сайланып жатыр екенсіз. Құтты болсын! Барша судьялар қауымының ұйытқысы, қорғаны саналатын қоғамдық бірлестіктің жұмысын жандандырып, қызметіне жан бітіретініңізге сенеміз!

– Құттықтауыңызға көп рақмет! Бұл – маған Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев пен судьялар қауымының атынан артылған үлкен сенім. Осындай жауапты жұмысты жүктеп, Судьялар одағының жұмысын үйлестіруді сеніп тапсырған әріптестеріме алғыс айтамын. Судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы саналатын бұл қоғамдық бірлестік тәуелсіздіктің елең-алаң шағында құрылған болатын. 1996 жылы алғашқы съезін өткізген Судьялар одағы содан бері сот жұмысын жандандыруға, судьялардың әлеуметтік, тұрмыстық, кәсіби қызметіндегі түйткілдерді тыңғылықты шешуге белсенді атсалысып келеді. Бүгінгі күнге дейін судьялардың тоғыз съезі өтті. Осы тоғыз жиынның да көтерген мәселесі, жүктеген мақсат-міндеттері ерекше маңызға ие. Сот саласын халықаралық талаптарға сәйкестендіріп, судьялар қызметін барынша сапалы, әділ, ел сеніміне лайық ету үшін қолға алынған бастамалардың орындалмай, орта жолда қалған кезі жоқ. Себебі, съезд мінберінде тек соттағы ертеңге қалдырмай шұғыл шешуді қажет ететін – судьялардың мәртебесі мен тәуелсіздігін нығайтуға ықпал ететін өте маңызды, орнықты, батыл ұсыныстар ғана айтылады. Ал үшінші биліктің бүгіні мен болашағы таразы басына салынатын маңызды басқосуға Мемлекет басшысының арнайы қатысып, бағыт-бағдар беруі – сот қауымдастығы үшін үлкен абырой. Ел Президентінің сот жұмысына байланысты берген бағасы, айтқан ескертпесі, жүктеген тапсырмасы съездің мазмұнын байытып қоймай, саланың ілгерілеуіне де айтарлықтай септігін тигізуде. Президент қолдауы – мемлекет қолдауы. Ал осындай қолдауды сезінген судьялардың заң үстемдігін нығайту жолында аянбай еңбек етері талассыз. Одаққа осыған дейін Мақсұт Нәрікбаев, Серік Байбатыров, Қайрат Мәми, Бекет Тұрғараев, Ақылтай Қасымов секілді сот саласында беделі биік, сот жұмысына шын жаны ашитын айтулы азаматтар жетекшілік етті. Міне, осындай әділ сот, қауіпсіз қоғам құруда судьяларды бір мақсатқа ұйыта білген алдыңғы буынның бастаған ісін абыройлы жалғай алсақ, біз үшін мәртебе.

– 1996 жылдан бері тоғыз съезд өткен екен. Осы съездер сот жүйесі мен судьяларға не берді?

– Президентіміз айтпақшы «Қоғамның негізі – әділеттілік». «Заң газеті» де күні кеше жарияланған мақалаға «Әділдік жоқ жерде мемлекет дамымайды» деп тақырып қойып, маңызды мәселелерді көтерген. Расында да бүгінгі басты бағдар осы әділетті қоғам орнықтырып, халықтың сотқа деген сенімін нығайтумен, елде заң үстемдігін орнықтырумен өзектес. Заңдар орындалуы, және өзінің міндетін атқаруы керек. Заң өз деңгейінде қолданылғанда ғана елде заң үстемдік құрады. Қоғамда өрлеу, өсім болады. Заң үстемдік етпеген ел алға жылжымайды, мұндай елмен ешбір мемлекет байланыс орнатпайды, инвесторлар да қауіпсіз елге қаржысын салып, бизнесін дамытқанды дұрыс көреді. Сондықтан, съездегі негізгі мақсат-міндет те осы мәселелермен тамырлас. Судья лар съезі де мемлекеттен тыс өмір сүре алмайды. Оның алаңында ел мүддесіне қатысты мәселелердің көтерілетіні осыдан. Отандық соттағы ұтымды бастамалардың көпшілігі осы судьялар съезінен бастау алған. Әр төрт жыл сайын өтетін судьялар басқосуында қаншама келелі мәселелер көтеріліп, небір шешімін күткен сұрақтарға жауап табылды. Судьялардың қызметтегі және қызметтен тыс кездегі этикалық бет-бейнесіне жоғары талаптар мен міндеттер жүктейтін Әдеп кодексі де ең алғашқы съезде қабылданған болатын. Съезд мінберінде айтылған ұсыныс, пікірлерге орай қаншама заңнамалар қолданысқа енгізілді?! «Алқабилер туралы», «Медиация туралы» заңдардың негізі осы судьялар басқосуында қаланған. Сонымен қатар, соттың ашықтығы мен жариялылығын арттыру, сот әділдігін қамтамасыз ету, заң үстемдігін нығайту, судьялардың мәртебесіне, дербестігіне байланысты, тұрмыстық мәселелерін реттеуге қатысты, сот жұмысына жаңа технология жетістіктерін енгізумен ұштасқан жаңашылдықтардың да ең алдымен съезд мінберлерінде көтерілгені белгілі. Республика судьяларының басын қосатын съездердің араға төрт жыл салып өтуінің де мәні бар. Төрт жыл – айтылған, жүктелген тапсырмаларды тиянақты орындауға, нәтижесін көруге жеткілікті уақыт. Осы аралықта «Съезден – съезге дейін» деп атқарылған іс-шараларды ашық көрсетіп келеміз. Мұның өзі судьялар арасындағы әріптестік байланысты нығайтып, ортақ мәселені бірігіп шешуге бейімдейді.

– Ал биылғы съезде қандай мәселелер судьялар талқысына салынды? Қазылар қауымы асыға күткен жиынның биылғы жаңашылдығы неде?

– Республика судьяларының әрбір съезі – үлкен ізденістің, терең еңбектің жемісі. Ұлттық статистика бюросының 2023 жылғы шілде мен 2024 жылғы шілдедегі тәуелсіз сауалнамасының соңғы нәтижелері сот органдарына деген халықтың сенім деңгейінің 55,2%- дан 61,8%-ға дейін салыстырмалы түрде артқанын көрсетті. Бұл да болса сот саласындағы реформалардың ізсіз кетпегенінің, оң нәтиже көрсетіп жатқанының белгісі. Мұндай жағымды көрсеткіштің қалыптасуында съездердің үлесі бар. Биылғы съезде судьялар қауымының ойында жүрген, шешімін тапса деп алаңдаған бірқатар мәселе талқыға салынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сот жұмысына оң баға берді. Съезге келген шетелдік қонақтардың да соттың бүгінгі жетістіктеріне қатысты пікірі оң. Осы ретте Президенттің сот дербестігіне, судьяларға жасалатын сыртқы қысымдарды жоюға мән бергенін айта кеткен жөн. Расында әділ шешім шығару, заң үстемдігін орнату міндеті жүктелген судьяларға сыртқы ықпал көп. Оның бірі – күштік құрылымдар. Тергеу жүргізген органдар істер бойынша 100 пайыз айыптау үкімінің шыққанын қалайды. Ақтау үкімінің шығуын олар үлкен кемшілік деп бағалайды. Бұл дұрыс түсінік емес. Мұның бәрі біздің күштік құрылымдардың әлі күнге социалистік кезеңдегі көрсеткіш қуу түсінігінен арыла алмай жатқанын көрсетеді. Бүгінгідей зайырлы, демократиялық қоғамда адам құқығы, заң үстемдігі көрсетіштен биік тұруы керек. Осы мәселені реттеу үшін төрт жыл ішінде нақты іс-шаралар жасалды. Құзырлы құрылымдардың судьяларға ықпалын жоюдың тетіктері қарастырылды. Мәселен, бұрын судьяларға байланысты қылмыстық іс, қудалау жүрсе оны жергілікті аудандағы прокурорлар қарайтын. Қылмыстық процестік кодекске өзгеріс енгізе отырып осы түйткілге заңдық тосқауыл қойылды. Осылайша қазір барлық деңгейдегі судьяларға байланысты келеңсіз жағдайларға тексеру жүргізу құзыреті тек Бас прокурорға берілді. Екіншіден, судьялардың әділ шешім шығарып, іс бойынша дербес ой қорытуына сот төрағаларының ықпалы болғаны жасырын емес. Президент пәрменімен осы мәселе де шешімін тауып келеді. Соған орай облыстық сот төрағаларының судьяларға әсер ету механизмдері шетінен алынып тасталды. «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» заңға енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларға орай, көптеген мәселелер шешімін тапты. Бізде судья екі жолмен жауапкершілікке тартылады. Бірінші – этикаға қайшы әрекет жасап, Әдеп кодексін бұзғанда, екінші – шығарған үкімі бұзылып, өзгертіліп, заңды қолдануда өрескел қатеге жол бергенде. Жоғары сатының мұндай қатені көрсетіп шығарған қаулысы облыстық соттың пленарлық отырысында қаралады. Осы қаулыдағы судьяның әрекетіне орай дауыс беруге төрағадан бастап барлық судья қатысады. Әрі мұнда судьяның әрекетін талқылаумен шектелу керек пе, әлде Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот жюриінің құзыретіне беру керек пе деген мәселе шешіледі. Бұрын мұндай мәселеде төрағаның пікірі ескерілетін. Төраға өз пайымын ұсыныс ретінде Жоғарғы Сот төрағасына енгізіп жатты. Бұл тікелей болмаса да, төрағаның әсер ету рычагының бірі еді. Әрине, Жоғарғы Сот төрағасы облыстық сот төрағаларынан түскен ұсыныстардың бәрін мақұлдай бермесі белгілі. Бүгінде облыстық соттың пленарлық отырысы қандай шешім қабылдамасын, барлық іс Сот жюриіне келеді. Істердің Сот жюриінде таразыланғаны дұрыс дегенімізбен, мұндай істердің талғаусыз жолдануы Сот жюриінің жұмысын көбейтері сөзсіз. Судьялар жұмысына ықпал ететін үшінші күш – БАҚ пен әлеуметтік желі. Істің мән-жайын білмесе де, «Арбаның алдына шығып кететін» журналистер мен блогерлер аз емес. Сот болмай жатып, істің қалай жасалғаны, кім жасағаны, қандай дәлел бары белгілі болмай тұрып, қоғам кейбір азаматтарды соттап қояды. Тіпті, заңнан хабары болмаса да неше жыл берілетінін тұспалдап, болжап айтатындар бар. Бұл судьяларға қысым. Бабаларымыз «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» дегенді бекер айтпаған. Сот үкімі төрелік алаңында шығарылуы керек. Ал өзі жетік білмей тұрып, іске заңдық болжам жасаған, қоғамның наразылығын күшейтуге ықпал еткен БАҚ өкілдеріне жауаптылық болуы керек. Мұндай теріс ықпал қоғамда өз бетінше әділдік орнатқысы келетіндердің, заңды белден басатындардың көбеюіне алып келетінін ұмытпау маңызды.

– Судьялардың жүктемесіне, зейнет жасына қатысты мәселелер де соңғы кезде жиі талқыланып жүр. Съезде бұл тақырыптар назардан тыс қалмаған болар?

– Республикада судьялардың 10-12 пайыз вакансиясы бос тұр. Оның себебін Жоғарғы Сот төрағасынан сұрайды. Бұл ЖС төрағасының құзырына жатпайды. Бүгінде судьялыққа үміткерлерге конкурс жариялау, үміткерлерді іріктеу, судьялардың біліктілігін көтеру мәселесімен тікелей Жоғары Сот Кеңесі айналысады. Ол өзінше дербес құрылым. Неге судьялық орындар бірнеше жылдан бері бос тұр? Үміткерлерді іріктеу тетігі күрделі ме? Қызығушылар аз ба? Бұл сұраққа жауап беретін де, бұл мәселені тиімді шешудің жолын іздейтін де – Жоғары Сот Кеңесі. Мұның бәрі кеңестің тікелей міндеті. Бірақ, Жоғары Сот Кеңесіне сұрақ қойып, жауап талап етіп жатқан ешкім жоқ. Бәрі баяғыдай Жоғарғы Сотқа жүгінеді. Судьялардың жетіспеушілігі сот жұмысына аз залалын тигізбейді. Бос вакансиялардан бөлек, бізде қаншама судья-әйелдер бала күтіміне байланысты демалысқа кетеді. Денсаулығына, ем қабылдауына байланысты жұмысқа жарамайтын әріптестеріміз болады. Ал олардың жұмыс жүктемесі айналып келіп басқа судьялардың мойнына түседі. Әсіресе, жүктемесі жоғары қалалық, ауданаралық мамандандырылған соттардың судьяларына өте қиын. Сапа мен санның арасындағы қатынасты жақсы білеміз. Сан құлдырағанда, сапа төмендейді. Сондықтан, судьяларда қандай да бір кемшілік кетіп жатса, ол жүктеменің көптігіне тікелей байланысты. Қиындықты көретін тек судьялар. Ал Жоғары Сот Кеңесінің басы ауырып, балтыры сыздап жатқан жоқ. Әлі күнге бұл құрылым тарапынан судьялар резервін қалыптастыруға, бос вакансияларды толтыруға, судьялық қызметке қызықтыруға қатысты нақты жұмыс жасалмады. Сот академиясында қаншама адам білім алып жатыр. Олар вакансияны толтыра алмаса, тағы қосымша орын сұрауға болады ғой. Сосын Жоғары Сот Кеңесі судьяларды іріктеудің категориясын да нақтылауы керек. Жаңадан судьялыққа қадам жасаған үміткер тұрмақ, кейде төрағаның бос вакансиясына құжат тапсырған қызметтегі судьялардың да кандидатурасы өтпей қалатын жағдайлар болады. Неге, қандай негізбен? Баллмен белгіленсе, оның қабілетінің, білімінің төмендігін қандай шкаламен анықтайды? Оған ешкім жауап бермейді. Сондықтан, үміткерлерді іріктеудің тетіктері нақты, ашық, негізді болуы тиіс. Судьялар одағы осы мәселе бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отыр.

– Әділ шешім, сапалы жұмыс талап ету үшін судьялардың жүктемесін оңтайландырып, кәсіби ісімен алаңсыз айналысуына жағдай жасау керек. Бұл бағытта қандай бастамаларды қолға алған жөн?

– Биылғы съезде бұл мәселе де назардан тыс қалмады. Әсіресе, судья көмекшісі лауазымын енгізу бойынша жұмыстарды пысықтау кезек күттірмейді. «Судья көмекшісі» лауазымы Ресейдің соттарында бұрыннан бар. Көмекшінің болуы ең алдымен судьялардың жұмысын жеңілдетеді. Қазылардың әрбір іске тыңғылықты дайындалуына ықпал етеді. Өйткені, көмекшілер судьяға қажетті заңдарды, нормативтік қаулыларды тауып беріп, республикада қаралған істердің ортақ тәжірибесін ұсынады. Мұның барлығы судьяның бар зейінін тек қаралатын іске арнауына, тура төрелік жасауына көмектеседі. Екіншіден, судья көмекшісі – дайын судья. Судьяның жанында жүріп, заңдарды зерделеп, сот тәжірибесін талдаған мамандардан ертең білікті қазы шығары талассыз. Бізге қазір адвокатура, тергеу, прокуратура саласынан келетін мамандар көп. Ал судья көмекшісі соттың «қазанында қайнаған», сот жұмысына әбден төселген, дайын кадр. Яғни, судья көмекшісі институтын жандандыру арқылы біз сот вакансиясын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге қол жеткіземіз, резервті байытамыз, кадрларды таңдау мүмкіндігіне ие боламыз. Судья жүктемесін реттеу өте өзекті. Себебі, әрбір істі жүрегінен өткізе отырып шешім шығару судьяға оңай емес. Статистика көрсеткендей, судьялардың өмір сүру ұзақтығы да басқа мемлекеттік қызметкерлермен салыстырғанда тым қысқа екені белгілі. Осының өзі қазылар қызметінің қаншалықты ауыр, жауапты екенін дәлелдесе керек. Негізі Азаматтық процестік кодексте судья көмекшісін енгізудің заңдық тетігі жасалған. Тек ол іс барысында әлі күнге жүзеге асырылмай келеді. Судья көмекшісін енгізу – судьяларға ғана емес, сот әділдігін нығайтуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға керек тетік.

– Судьялардың әлеуметтік мәселелері толық шешілген бе?

– Судьялар одағында алдағы уақытта араласуы тиіс, шешімін күткен мәселелер аз емес. Мәселен, «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі» туралы заңда судьялардың алты ай ішінде тұрғын үймен қамтылатыны жазылған. Бірақ, аудандық, қалалық соттың судьяларын айтпағанда, Жоғарғы Сот судьяларының ішінде тұрғын үйге қолы жетпей жүргендер бар. Сосын өзі тұрған, күтіп жөндеген тұрғын үйді судьяларға жекешелендіріп беру мәселесі де өзекті. Қазір әскери қызметкерлер, ішкі істер қызметкерлері жалақысына қоса, тұратын үй-жайы үшін отбасы мүшелерінің санына қарай пәтерақы алады. Ипотекаға үй алған жағдайда, осы пәтерге төленетін төлеммен несиесін жабуына мүмкіндік берілген. Ал судьяларда ондай артықшылық қарастырылмаған. Тұрғын үй берілгенше қазылар өз ақшасына пәтер жалдайды. Сосын бізде судьялардың 20 жылдық жұмыс өтілінен соң доғарысқа шығуына жол ашық. Айталық, 30 жасында судья болған адам қаласа 50 жасында отставкаға кете алады. Өкінішке қарай, оларға берілетін төлемақы тек зейнет жасына толғанда беріледі. Бұл қалай? Бұдан бөлек, судьялардың шығармашылық қызметпен, білім саласында еңбек етіп, тәжірибесімен бөлісуіне ғана рұқсат берілген. Сонда азғантай төлемақысын тауысқан судья әрі қарай қалай өмір сүреді? Бұл да шешімін таппай келе жатқан, басы ашық мәселе. Судьялар одағы араласатын негізгі мәселенің бірі осы.

– Судьялар одағының кәсіптік одақтар қызметін атқаратыны рас. Жаңа өзіңіз тұрмыста қиындық көрген, қызмет барысында қолдау күткен судьялар одаққа жүгіне алатынын айттыңыз. Судьялар одағы қазыларға қаншалықты көмек бере алып отыр?

– Төрт жыл ішінде Судьялар одағы мұқтаж судьялар мен аппарат қызметкерлеріне 7 миллион 300 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткен. Одан бөлек, өмірден озған әріптестерімізді соңғы сапарына абыроймен шығарып салуға да жіті көңіл бөлінген. Мұндай қолдау алдағы уақытта да жалғасады. Ал, тәртіптік жауаптылыққа тартылған, келеңсіз жағдайға тап болған судьялардың одақтан көмек сұрап, әріптестерінен қолдау күтуі бұрыннан бар және алдағы уақытта да судьялардың тілегі ескерусіз қалмайды. Мысалы, 2020–2024 жыл аралығында Судьялар одағына республика судьяларынан 62 шағым түскен. Одақтың атсалысуымен осы шағымның 16-сы қанағаттандырылған. 6 судьяның шағымы ішінара қанағаттандырылған. Бұл жақсы көрсеткіш. Осының өзі одақтың судьялар мәселесіне бей-жай қарамайтынын көрсетеді. Алдағы уақытта да одақ судьялардың түйткілдерін шешуге, мәселелерін реттеуге басымдық береді.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет! Жұмысыңыз жемісті болсын!

Айнұр СЕМБАЕВА, «Заң газеті»

Дені саудың — жаны сау!

    БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылы қабылдаған Тұрақты даму...

ҚазҰУ Заң факультеті: Қазақстандағы құқықтық білімнің флагманы

 Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Заң факультеті Қазақстанның ең...

Мемлекеттік тіл мерейім!

Мемлекеттік тілге деген құрмет ауыз екі тілде қазақша таза...

Қызылорда да сотталғандар ұлттық ойыннан сынға түсті

Қылмыстық-атқару саласына қарасты №68 мекемесінде шаруашылық қызметіне қалдырылған сотталғандар...

СИЛА ЖЕНЩИНЫ: ПОБЕЖДАТЬ, ВДОХНОВЛЯТЬ, ЖИТЬ

19 ноября в Алматы в рамках проекта «Розовый октябрь»...