Жастар – елдің ертеңі, мемлекеттің тірегі. Елдің еңсесін тіктейтін, елдік мәселелердің негізгі салмағын көтеретін де – жастар. Жаңалықтардың жаршысы, жақсы істерді алға жылжытушы да – жастар. Қоғамдағы қуатты қозғаушы күшке айналған жастардың сапалы білім алып, салиқалы ұрпақ болып қалыптасуына мемлекет мүдделі.
Сондықтан, еліміздің бас құжаты – Конституциядан бастап,барлық заңдық құжаттарда кәмелетке толмағандардың құқығы мен бостандығын қорғауға жіті назар аударылған. Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауларында да кәмелетке толмағандарға қарсы құқық бұзушылықтың алдын алу, заңбұзушылықтарға тегеурінді тосқауыл қоюмен қатар, балалардың құқықтық сауатын арттырып, теріс жолдан сақтандыру мақсатында насихат, түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі үнемі қаперге салынып келеді.
Мәселеге жіті назар аудару кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне, жасөспірімдерге қарсы қылмыстың көбеюіне жол бермейтіні түсінікті. Осыған орай, жасөспірімдер тәрбиесіне лайықты көңіл бөлініп, құзырлы органдардың жұмысын жандандыруға барынша ден қойылуда. Елімізде жүргізілген соңғы реформаларға сәйкес, ювеналды соттардың соттылығы кеңейтілді. 2023 жылдың 1 қыркүйектен бастап ювеналды соттар кәмелетке толмағандардың заңды құқықтары мен мүдделері қозғалатын істер мен даулардың барлығын қарай бастады.
Жастардың қылмыс жасауы, нашақорлыққа бейімделуі үлкен қасірет. Ата-ана тәрбиесінен сырт қалған балалардың теледидар мен интернетке телміріп, өзге елдердің жаман әдеттерін жұқтырып жатқаны да көңілге алаң салмай қоймайды. Бақылаусыз бала қылмысқа үйір. Сонымен бірге, ғаламтордағы қызыл-жасыл өмірге қызыққан балалардың суицидке тез бой ұратыны да жағымсыз жағдайдың бірі. Балалардың бақылаусыз қалғанын, шарасыз, қорғансыз екенін біліп әлімжеттік жасайтын, құқығын таптайтын жандар да кемімей келеді.
Расында статистика көрсеткендей кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстар азаймай отыр. Сөзіміз дәлелді болу үшін сот тәжірибесінен мысалдар келтірген артық болмас. Балабақша, мектеп – бала тәрбиесінің алтын бесігі. Қамқорлығы мен мейірімділігінің арқасында баланың екінші анасына айналған тәрбиешілер мен ұстаздар қоғамда аз емес. Алайда, осы әдемі мамандыққа көлеңке түсіріп жүрген жандардың бар екені жасырын емес. Мысалы «Нұр – Арай Орда» мемлекеттік емес білім мекемесінде тәрбиеші көмекшісі ретінде жұмысқа алынған В.С.15 қыркүйек күні түскі үзіліс кезінде екі жасқа әлі толмаған Р.К. деген бөбекті ұйықтату үшін қасына алып жатқан. Алайда әлденеге мазасызданған бала бірден ұйықтай қоймайды. Ашуланған В.С. айтқанына көнбеген баланың бас тұсынан бірнеше мәрте екі қолымен соққы жасаған. Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндет жүктелген балабақша қызметкерінің бұл әрекеті заңға қайшы. Соның салдарынан баланың денсаулығына жеңіл дәрежедегі дене жарақаты келтірілген.
Сот отырысында В.С. қылмыстық теріс қылық әрекетін толық мойындайтынын, әрекетіне өкінетінін, жәбірленуші тараптан кешірім сұрайтынын көрсетті. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің заңды өкілінің жауабымен, куәлардың айғақтарымен және жинақталған іс материалдарымен, атап айтқанда балаға қатысты сараптама қорытындысымен, күдіктіден, куәлардан жауап алу хаттамаларымен, оқиға барысы жазылған бейнежазбамен және өзге де іс құжаттарымен толық және объективті дәлелденді.
Балаларға жайлы күтім жасау, тамақтандыру; оқыту мен дамыту міндеті жүктелген балабақша қызметкерінің шарасыз баланы ұрып-соғуы әрине ешбір ақтауға келмейтін әрекет. Соған орай сотталушы Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 (үш) жыл мерзімге айыра отырып, 80 (сексен) сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды. Сотталушының қоғамдық жұмыстарды орындауын бақылау Қызылорда қалалық пробация қызметіне жүктелді.
Мұндай жаза бала тәрбиесімен айналысып отырған мамандардың барлығын ойландыруы керек. Тілі шықпаған, өзін қорғай алмайтын бүлдіршіндерді ұрып-соғу ешқашан назардан тыс қалмайды. Әрі күш көрсету баланың психологиясын бұзатынын, жасық, қорғаншақ ететінін ұмытпау керек.
Бүгінгі қоғамда кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстардың көбейгені де әрқайсымызды алаңдатпай қоймайды. Мұндай қылмыс кейде қатігездіктен, кейде өмірге жеңіл қараудың салдарынан орын алып жатады. Қызылорда облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотында К.Ә.-ға қатысты қаралған қылмыстық іс сөзіміздің дәлелі. Мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам жасаған бұл бозбала жұмыссыз. Бұрын сотты болмаған ол 2022 жылдың желтоқсан айында он алты жастағы жасөспірім қызбен жыныстық қатынасқа түскен. Қыздың кәмелеттік жасқа толмағанын білген.
Осы жағдайдан кейін қыздың аяғы ауыр болып, балалы болған. Сот талқылауында Ә.К. тағылған айыпты толық мойындайтынын айтса, жәбірленуші заңды өкілінің қатысуымен берген жауабында сотталушыға кешірім беретінін айтып, оған бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған.
Істі таразылағанда белгілі болғандай, сотталушының қылмыстық әрекеті ҚК-нің 122-бабының 1-бөлігімен дұрыс сараланған. Себебі ол көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас жасаған. Азамат Ә.К.-ға тағылған айып ҚК-нің 11-бабы 3-бөлігінің талабына сай, ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады. Сотталушыға жаза тағайындағанда, сот оның тағылған айыпты мойындап шын ниетпен өкінуін ҚК-нің 53-бабының талаптарына сай қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жайларға жатқызды. Ал ҚК-нің 54-бабының талабына сай сот сотталушының қылмыстық жауаптылық пен жазасын ауырлататын мән-жайлар жоқ деп есептейді.
Осы жағдайларды ескере келе сотталушыны педагогикалық лауазымдарды және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, оған 2 (екі) жыл 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде пробациялық бақылауға алынған сотталушы жыл сайын бір жүз сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылды.
Айтуға оңай болғанмен, мұндай қылмыстық істер екі жастың да ертеңгі өміріне көлеңке түсірмей қоймайды. Ал осындай қателіктің салдарынан дүниеге келген бейкүнә сәбилердің тағдыры жайлы ойлаудың өзі қорқынышты. Сондықтан, мұндай өкініш орын алмас үшін, ер балалардың жауаптылығын арттырып, қыз балаларға «қырық үйден тыйым» керектігін ұмытпаған абзал.
Бүгінде алимент бойынша берешегін төлеуден жалтарып жүрген ата-аналар да аз болмай отыр. Бауыр еті баласының ертеңіне алаңдамайтын борышкер әкелерді ескерту, айыппұл сияқты жазалар ойландырмайды. Қарызы қордаланған мұндай азаматтар қылмыстық жауаптылықтан кейін қателігін түсінсе, балаларына берілетін алиментін уақытында төлеуге талпынса игі. Мысалы сотта ісі қаралған А.Б. деген азамат та балаларына ұзақ уақыт алимент төлемеген. Соған орай ол Қылмыстық кодекстің 139-бабында дәйектелгендей «Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтарғаны» үшін жауаптылыққа тартылды. 12.05.2023 жылғы сот бұйрығына сай төрт баласына табысының 2/1-ін төлеуге міндеттелген азаматтың қарызы сот отырысы өткен уақытқа дейін 1 925 347 (бір миллион тоғыз жүз жиырма бес мың үш жүз қырық жеті) теңгеге жеткен. Осы аралықта ол балаларының тәрбиесіне атсалыспақ түгілі, заңды алиментті төлеуге мән бермеген.
Істі қарай келе сот борышкер азаматты ҚК-нің 139-бабымен кінәлі деп танып, 1 (бір) жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын белгіледі. Бір жыл ішінде пробациялық бақылауға алынып, түнгі уақытта мейрамханаларға, ойынханаларға және басқа да көңіл көтеру орындарына бармау міндеті жүктелген борышкер осы жазадан сабақ алып, балаларына тиесілі нәпақаны қайтаруға қадам жасаса, қанеки.
Міне, сотта қаралған осы бірнеше қылмыстық істің өзі балаларымызға дұрыс тәрбие беру, олардың түзу жолдан тайып кетпеуін, қоғамға жат қылықтардан аулақ болуын қадағалау, олардың бойына адами қадір-қасиеттерді тереңдеп сіңірудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Балаларды қылмыстан сақтандырып, құқығын қорғау үшін кәмелетке толмағандардың бос уақытын тиімді пайдалануын қадағалап, білімге, спортқа құлшынысын, талпынысын арттырып, өзін қорғай алатын, өзгеге қиянат жасамайтын саналы ұрпақ тәрбиелеуге күш салғанымыз абзал.
З.Абылайқызы, Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы