І
Гүлім мен Нұрым
Тарақтың ұрғашы тісіндей жіп-жіңішке, көк талдың жас шыбығындай солқылдаған бейнесін көреді де елтиді. Тартылысы күшті магниттей өзін тартады да тұрады үнемі. Еміренуге бейіл де бейім. Онымен жолыққан сайын өмірден іздеп таппағаны табылғандай әсерде қалады, әдемі бір күй кешеді. Әйтеуір көңілі жай табады. Оны көрсе, мың қатпарлы дүбірлеген дүниеде алаңсыз. Дұрысы осы күнге дейін алаңсыз болған. Ол алыс шетке кететінін, «ауылға келіп, қызмет жаса» деген әкесі мен шешесінің қолқасын жерге тастамайтынын, жаңа жұмысында өзін сынағысы келетінін айтқан. Соны есіткен кезде “Әркімнің жүретін өз жолы, өз өмірі бар. Сенікі не? Көктегі айды алып бер деп жоқты сұрайтын бала секілді”, — деп, кезінде өз-өзіне іштей басу айтып, өзін алдаусыратқан.
…Бір сәт айналадағы көңілді отырған жұрттың шуылын да елең қылмай, жанын жегідей жеген уайым баурап, өзімен өзі болып кетті…
Олардың күнделікті отыратын жері – қаладағы көп кафелердің бірі. Бүгін жұмыс аяғы болғандықтан, жиі келіп тұратын осы бір олар үшін құны бөлек кафеге бір сағаттай уақыт ажыратып кірген-ді. Күн ұзақ тамаққа зауқы болмай, қарны ашыңқырап келгенін білген. Даяшыға астан қандай тапсырыс беретіні де оған аян — «отбивные, гарниріне — картофельное пюре». Өзінің қысқа ғана тәулікте болған қызықты оқиғалардың бірін айтып Гүлімді әзілмен қытықтады. Көңілінде еш қаяуы жоқ ол еркін шаттануда. Кезегінде әдетінше құйыла сөйлейді. Сүйегіне сөз біткен шешен дерсің. Әлпеті мәз болып тұрғанмен ішін қайғының қара мысығы тырналап жатқанын ол қайдан білсін…
Әлгінде іздерін суытпай, олардың соңын ала бере, қасындағы көрші бос орынға егде орыстың шалы екі жаспен бірге жайғасқанды. Жарықтық чукчалардың бір-екі күлкілі қылығын айтты ма, сөзуар шалдың әңгімесін екі жас төніп, күліп тыңдайды. Жалпы әңгімешіл адамдарды жаны ұнатады. Табиғаты бұйығы болғандықтан солай ма, қайдам, жүйесі жақсы әңгімені құныға, ұйып тыңдайтын бала кезден қалған әдеті бар. Көршілерге қызыға қарап, қалт жібермей бәрін бағып отыр. Міне, олар қайтпақ болып қарттан рұқсат сұрады. Қарт жалғыз қалып бара жатқандай қалбалақтап қалды. «Қалайша, неге сонша асықтыңдар?» — деп жатыр. Кетпесеңдерші, әлі біраз отыра тұрыңдаршы деген қаймығыңқы өтінішін көзімен айтуда. Ақыры көндіре алмасын білген соң, рюмкасын шараппен шүпілдетіп, иегімен орындықты нұсқап, отырыңдар дегендей ишараттады. Артынша екі жасқа мейірлене қарап, өз тілінде сөйлеп кетті. «Вы очень удачно встретились. И вы любите друг-друга. Смотрю на вас и думаю, «какие вы счастливые». Впереди большая и долгая дорога жизни. Любите друг-друга. Уважайте и берегите друг-друга. Я пью этот коньяк за вашу любовь».
Біреудің әңгімесін рұқсатсыз тыңдау, рұқсатсыз жасырын хатты оқығанмен бірдей, қылмыстың реңкі бар онда. Әйтсе де еріксіз куә болғасын жай басқа, елтіп қалды. Осындай әз атаның батасына иланып екі жас гүл-гүл жайнады. Әттең, орындалмайды-ау деп мен іштей егілді… Сүйгендер қосылмайды өйткені!
Қала ішінде күндіз тұнып тұрған мөлдір ауаға кештің қоңыр бояуы құйылып кеткендей. Үймелескен үйлердің жанып үлгерген шамдары айналадағы түнекті үркітеді.
Маңдағы қала ортасында орналасқан кең бақты қыдыра аралап келеді. Осы бір келбетті кештің әлемет әсерін түсінсе де сезіне алар емес. Себебі тыртысып қалған мидағы оспадарсыз ойлар денесінің әр шаршы миллиметр жасушасына дейін қатайтып түсіндірмейді де. Етін де мұздатып тастағандай. «Шындықты айтып ажырасу керек, — дейді ойша жігерленген болып. – Болды. Бітті.
Бірақ ақиқатын айтудың қажеті бар ма? Басқа бір сылтау ойлап тапсам» — деген тағы бір ой және кимелейді. «Егер шын сүйетін болсам келешегін ойлауға тиіспін. Жақсылықтың тап солай адам жанын жаралап жасайтын түрі де болады екен-ау! Қарашы, қылмыс қылатындай қалтырауымды» — деп философияға беріліп кетеді. «Жанымдай жақсы көретін адамыма у ұсынғандай болармын. Бірақ сол улардың өзі, негізінде, біреуге ішкізу үшін жасалады ғой. Анығы оны ішетіндер жақсы адамдар екені тарихта белгілі. Джордано Бруно, Моцарт…Олай болса… Қой, мен қайда тереңдеп барамын өзі». Берекесіз ойды белінен басқаннан пайда шамалы екені түсінікті. Кірісу керек енді. Сөзге тартайын деп оқталып бұрылып еді, Гүлім басын көтеріп, елжірей жымиды. Лезде сонысын тиып «жаман көзіңізбен қарамаңыз» деп қағытып өтті. «Ит көрген ешкікөзденіп» деп те айтатыны бар кей кезде. Әдеттегі ерке, «әдемі» теңеу сөзі. Арадағы үнсіздікті жойып әңгімеге тарқандағысы бұл. Ойында түк жоқ-ау, түк жоқ. Әрине өзінде де болмап еді ғой. Қалай айтарсың.
Қарауытып тұрған қалың ағаштар арасындағы жалғыз аяқ жолмен аяңдап жүріп келеді. Үнсіз. «Не істеу керек?» деген жауапсыз сұрақты қанша рет қойды десеңізші өзіне.
«Енді соза берген қауіп, себебі күннен-күнге қиындай бермек. Өзі одан құса болып Мәжнүн атанса да шыдар, ол байғұс қиналады ғой, біреу жүрегін суырып алғандай болар», — деген аяз ой іші-бауырына тоң болып қатқандай.
Қолымен үнемі тоңып тұратын алақанын ұстады да сәл іркіле қысты.
— Жатсам да, тұрсам да ойымнан бір кетпейсіз. Ғұмырымның мәні де сәні де – сіз, – деп, жай ғана күбірлеп сыбырлайды ол. Ештеңеді де ортақ қылғысы жоқ сезім-сырына.
Мына ғажап сырлы кеш жан түкпіріңдегі жасырын жатқан сырыңды сыртқа шығартатындай, осы бір тылсым сәт тіптен шешен көрінеді.
Оның ойлы да назды сөзін тыңдап тұрып «енді бастау керек» деді іштей. өйткені сәл кешіксе болды екеуі құшақтасып, ертеңге дейін қоштасатындарын мұңдап, әзірден бастап сағынысып кетіседі. Одан соң бұл дүниедегі басқа мәселелердің мәнін жоғалтары да анық. Екі қолымен екі иығынан ауыртып алмайын дегендей еппен ұстап өзіе қарай бұрды да:
— Гүлім, мен саған қазір бір күтпеген жай айтамын. Тек сен мені дұрыс түсінуге тырыс. Жарай ма?
— Ал жарайды, айтыңыз. Сіз бүгінгі күн еркесісіз ғой. Менің жаным, менің бақытым, — деген ол одан әрине жақсы сөздер естуге даярланды.
— Гүлім, мен сені сүйемін…
— Шын ба? Ой, оны білем ғой… Мен де!
— Тоқташы, Гүлім, аяғына дейін тыңдашы… Туу қалай айтсам екен. Неден бастасам…
— Басынан бастағаның дұрыс шығар, — деп ол тағы да қуақыланды.
— Гүлім қалжыңдап тұрғаным жоқ. Маған мұны айту өте қиын, бірақ естіртуім керек. Түсінші, біз қоштасуымыз керек.
— А… а?! – Ол аузын ашқан бойы кірпіктерін бір деңгейге кідіртті. Сонан соң сасқанынан күлмек болып еді, онысы тым ыңғайсыз шығып ерні икемге келмеді. Сонан кейін ғана сәл үлкейген көздеріндегі таңданыс, қорқынышқа айналып өңін өзгертіп жіберді. Жаңа ғана қан қатынап тұрған нұрлы беті бір үйір сона сорғандай боп-боз. Сүйкімді иегі кемсеңдеп ерні дірілдей: “Не…е дейсіз, осылай да ойнай ма?! – дегенді әрең естіртті.
— Кешір, Гүлім, менің қиналысым сенікінен мың есе… Бірақ бұл шындық. Арамызда болғанның бәрін ұмытайық. Бітсін осымен – өз сөздерін біреу тоқтатып қоятындай аптығып айтты да оның қос шырағына тура қарай алмай назарын басынан аттатып тастағанмен әлденені ажырату мүмкін болмады. Өйткені тап қазір бар дүниені ой көзімен көріп тұр. Бірақ Гүлімнің әдемі жүзінің жасқа жуынып жатқанын сезді. Білген, осылай боларын. Әшейінде қас-қабағына кірбің кідіртпей оның жүзіндегі жайдарлығын жоғалтпай жүретін ол үшін өте аянышты.
— Неге? Түкке түсінбеймін.
Таусыла сөйледі. Расында да ештеңенің байыбына бара алмай тұр. Және өзінің алай-дүлей сезім толқынысын тежеп байсалды түрде ойлана да алмас.
— Мен тым үлкенмін ғой, жасымды айтам, ағаң болып қалайыншы. Арамыздағы жас алшақтығы күнделікті бір-бірімізді түсінісуімізге кедергі жасамайды десек те, уақыт қандай қатал еді. Ең болмаса жұрт қатарлы жеке баспанам да жоқ. Өзіңді ұялмай кіргізетін төл үйім болса бір сәрі, жағаңды қызылдататын, қолыңды ұзартатын, аяғыңды жылы суға малып қоятын байлықтың бәрі мақұрым менде. Түсінші. Ошағымның түтінін түтететін бірден бір сенімді аяулы жаным өзің деп біліп жақын тартқанмын. Бекер-ақ өйтіппін. Көңіл зердем көрегендік танытпапты. Жаным менің, бағым менің, сен жанып тұрған талантсың, мен қарапайым қоңыр күй кешер, нан тапқанына мәз болған қатардағы әуәйі жанмын. Өрем тым төмен. Салыстыруға келместей. Оны өзің де соңғы кезде байқағансың. Маған жолыққан тағдырыңа нала, жалпы өкінішің ол. Өзімнің ауыр қасыретімді жұдырықтай мүсәпір жүрегіме артам енді…
Көңілі әлемтапырық астан-кестен. Журегі аузына жылжып тығылғандай. Өзінен өзі жиіркеніп бітті. Еңіреп жіберуге шақ қалды. Бүкіл болмысымнан баяғыда-ақ жоғалтқан саналы сабырлы күйін іздейді. «Уһ, шын сүйген адал жарыңды жылатқаннан ащы қайғы бар ма екен, сірә! Оны еш нәрсе жұбата алмайды, алдандыра да алмас». Біздің махабатымыздың баянсызы қосылмай кеткен мұңлық ғашықтардың заңды жалғасы шығар. Сүйгендер қосылмайтынын білем. Иә, сүйгендер қосылмайды деп ойға көмілді ол.
— Қойшы, қайдағыны айтпаңызшы. Менің бүкіл арманым сіздің қолыңызда екенін неге түсінбейсіз. Жасы үлкені несі. Анау неміс философы һәм ақыны әйгілі Гете жетпіс жасында жиырмадағы қызға ғашық болып алмады ма?! Енді ешқайда апармайтын баспалдақ сияқты, бізді еш пұшпаққа жетелемейтін ойды айтпаңыз. Енді айтпаймын, мұндай сұрықсыз әңгімені қайталамаймын деші.
Денесі дірілдеп, іштей жаны қалтырап кетсе де, қуанып кетті. Жанына жаз орнағандай. Көңіліне көктем қонғандай сезінді өзін.
Ішкі қуанышын жасырғысы келмей, Гүлімнің балбұл жанған жүзіне емірене түскені сол еді, қалта телефоны шырылдап қоя берді. Соткасына үңіле қарап еді, бастығы екен. Жұмысында тосын жағдай болғанын түсіне қойды. Бірге істейтін әріптестерін ескертіп шыққан мана. Жүретін қызына жолығып келем деп. Жігіт болған соң, олар да түсінеді. Еш қарсылық көрсетпеген, әдеттегі өкпе-наздарын айтпаған.
Гүліммен тез арада қоштасты да, қылмыс орын алған тұсқа қарай аяңдай берді. Ол жер алыс емес-ті. Келе жатып, қай-қайдағыны есіне алды. Өзінің қиынға түскен өміріне ой жүгіртті…
ІІ
Өмір жолы
Ол 1971 жылы Қарағанды облысында орналасқан Бабаев атындағы шағын ұжымшарда дүниеге келді. Бала кезінен ешқандай қиянатқа көне бермейтін мінезімен ерекшеленді. Барынша әділеттілікке ұмтылуымен айнала ортасына белгілі болды. Абай қаласындағы орта мектепті бітіргеннен кейінгі еңбек жолын «Қарағандықұрылыс» автокомбинатында бастады, онда қосалқы жұмысшы, содан кейін 1-разрядты слесарь болып жұмыс істеді.
Әскери қызметте болғанын да есіне түсірді. 1989 жылы мамырда Әскери-теңіз күштері қатарына шақырылды. Қызмет оның мінезін шыңдап, тәртіпке үйретті. 1992 жылдың мамырында әскерден демобилизациялануынан кейін Қарағандыға оралып, слесарьлікті жалғастырды. Бірақ, көп ұзамай құқық қорғау органдарындағы қызметке тұрды. Тельман аудандық ішкі істер бөлімінде қатардағы милиционер болды.
Жоғары оқуға түскенін ерекше ықыласпен еске түсірді. 1994 жылдың қыркүйегінен 1998 жылдың наурызына дейін Қарағанды жоғары мектебінде оқыды, онда қылмыстық іздестіру мамандығы бойынша білім алды. Оқуды бітіргеннен кейін Абай ауданының ішкі істер бөлімінде қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі болып тағайындалды. Оның кәсібилігі мен қызметкерлар арасында, дос-жарандарымен қарым-қатынастағы адалдығы оны тез арада ең сыйлы қызметкерлердің біріне айналдырды.
Қызметі қауіпті екені рас. Әсіресе түнгі кезек. Тосын оқиғаларға толы келеді. Күлдіретінінен де, жылататынынан да кенде емес.
Қазір оның қызметтік лауазымы қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығына дейін өскен. Қызмет барысында ол өзін жедел-іздестіру жұмыстарының айла-әдістерін шебер қолданатын іскер әрі сауатты қызметкер ретінде көрсетті. Оның қылмыстарды ашудағы кәсіби әрекеттері және қылмыскерлерді ұстауға өзгелердей бұғып қалмай белсене қатысуы әріптестерінің арасында беделін көтеріп-ақ тастады. Қалқан төңкергендей шоқтығы биік. Қызметі бірнеше рет жоғары жақтан көтермелеумен атап өтілді. Әуелгі атағы – лейтенанттан капитанға дейін тез өсті. Тынымсыз еңбектің арқасы. Темірдей тәртіптің жемісі. Әскери әрі ішкі істер органдарындағы қызметкерлерге ең сыйлы атақ осы – капитандық. Өйткені капитан погонында жұлдыз көп болады. Жыпырлап тұрады. Бір иықта – төртеу, екіншіде – төртеу, барлығы – сегіз жұлдыз. Адам да өзін жұлдыздай сезінеді. Капитан атағы дүниежүзі елдерінің құқық қорғау органдарының бәрінде бар. Сонысымен сыйлы. Алғаш капитан погонын таққанында, иықтарына жиі қарап, кеудесін бір мақтаныш сезім кернеп билейтін…
Қызметте оны ерекше қызықтыратыны – полиция күні, оған жаңа жылдан кейінгі ең бір қадірлі мерекелердің бірі. Сол күнді асыға күтеді. Өйткені кейде өзі, не достары марапатталады. Сыйлық алуға кім қарсы дейсің. Әкесінің қайталай беретін бір сөзі бар еді: «ойсыз адам көдек келеді» деген. Сол сөзді жиі есіне алатыны бар. Қызметте де, үйде де ойға шомып жүруді әдетке айналдырған. Соңғы уақытта әсіресе көп ойлантатыны – полиция қызметі. Жігіттермен бас қосқан кезде: «Бізге керектісі – қазақстандық полиция күні қай кезден бастау алады дегенді анықтау» деп, ешкімге жеңсік бермей кетеді. «Мәселен, – дейді ол айналасы тыңдамай қоятындай екілене түсіп, — әйгілі 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін біздің ел Ресей құрамында болды, онда осы одақтық республиканың заңдары қолданысқа енді. Ал қазақ совет полициясынан бұрын Алаш милициясы болған жоқ па?! Иә, шын мәнісінде Қазақ елі тәуелсіздік алмастан бұрын Алаш милициясы құрылып, ел қауіпсіздігін сақтаған болатын. Жалпы қазақ кәсіби полициясының тарихы 1917 жылдан басталады. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары Алаш милициясын жасақтады».
Жұрт зейін қойып тыңдап отыр ма, жоқ па, елемей, көкейдегісін айтып қалғысы келіп, төгіліп түседі. «Қоғамдық тәртіпті қорғау органын құрудың заңдық тұрғыда бекітілуі 1917 жылы 28 қазанда, қазірше айтқанда — 10 қарашада жүзеге асқан жоқ па. Сол кездегі ішкі істер халық комисариаты «Жұмысшы милиция туралы» қаулы қабылдады. Осы күн ресми түрде болмаса да күні бүгінге дейін аталып өтіледі. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы 23 маусымда ішкі істер органдары туралы заңы қабылданды. Біздің топырақта Қазақстандық полиция күнін осы датамен атау қалыптасқан. «Алайда — дейді ол, — тарихи әділеттіктің орнайтын кезі жетті. Біздіңше, бұл күн Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары Алаш милициясын жасақтаған күннен бастау алуы тиіс. 1917 жылы Алаш арыстары Екінші Жалпықазақ сьезін ұйымдастырып ашқаны белгілі. Ол 5-13 желтоқсан күндері аралығында өткен. Бұл сьезде қазақ арасынан шыққан алғашқы ғалым заңгер, құқық магистрі Жақып Ақбаев ұсынысымен Қазақ милициясына ерекше мәртебе беріліп қарастырылады. Сьездің қорытынды күні — 13-желтоқсан десек, Қазақстандық полиция күні де осы датамен аталуға тиіс» — деп, ойын ортаға салуға құмар.
Әріптестерімен бас қосқанда, өзгелер үшін бейтаныс тың ойларды қозғап кететіні бар. Көп оқитынының белгісі. Қолы бос кезде, соткасын шұқылап, интернеттің ұңғыл-шұңғылын аралап, кезіп кетуге дайын. Қоғамды алға сүйрейтін де, дамытатын да – тұлғалар деген ой онда үстемдік құрған. Әуелден солай. Әдетте ондай адамдар білікті, білімді келеді. Тарихқа жүгінсек, 18-ғасырдың аяғында полиция құрылымын алғаш ғылыми негіздеп жазғандардың бірі — шотланд судьясы Патрик Колхаун екенін бірі білсе, бірі білмейді. Ол «Метрополис полициясы туралы трактаттың» авторы. Сонысымен тарихта аты қалды. Екінші бір сондай тұлға — Сэр Роберт Пил. Ол алғаш рет кәсіби полиция органдарының принциптерін жүйеледі. Тарихта «Пил принциптері» аталады. Тиімділік, алдын алу, қоғаммен ынтымақтастық мәселелері Пил қағидаларының негізгі арқауын құрады. Осылайша полиция қызметінің негізгі бағыттарының мазмұны айқындалды, – деп, саусақтарын бүгіп, санамалап айтады – полицияның негізгі міндеті – қылмыс пен тәртіпсіздіктердің алдын алу; одан соң – полиция өз міндеттерін атқаруы қоғамның қолдауына байланысты; үшіншіден, полиция қоғам арасында беделге ие болу үшін алдымен қоғаммен ынтымақтастықты қамтамасыз етуі керек; төртіншіден, полиция жазалаушы орган ретінде күш қолданылатын болса, қоғаммен ынтымақтастық дәрежесі оған пропорционалды түрде кеми түседі; одан кейін — полиция жекеленген өтініш-тілектерді қанағаттандыру арқылы емес, заңдық негізде қызмет көрсету арқылы өзіне қолайлы қоғамдық пікірге қол жеткізеді; алтыншыдан, полиция аса қажеттілік туындағанда немесе сендіру, кеңес беру және ескерту әрекеттері жеткіліксіз болған жағдайда ғана күш қолдануы керек; полиция әрқашан қоғаммен тығыз қарым-қатынасты сақтап, «полиция – халық үшін, ал халық – полиция үшін» деген ұғымды шындыққа айналдыруы керек – деп бір-ақ тоқтайды.
Айтар әңгімесі үнемі полиция төңірегі. Жұрт оның бұл ойын түсінбей, осы-ақ білгішсініп жүреді деп айыптайды. Ол ондайлардың сөзіне мойымайды да. Кей сәттерде өзіне-өзі таңғалады. Жұрт күнделікті жаңалықтарды айтып отырса, бұл полиция тарихының ықпыл-жықпыл тереңіне сүңгіп кетеді. Жұртқа беймәлім тұстарға үңіледі.
ІІІ
Тосын оқиға
Гүліммен бірге келе жатқанда, бастығы оған мынадай жедел хабар жеткізген болатын. Қылмыс жасады деген күдіктілер тобының бас қосқан жері анықталыпты. Кезекшілік атқарған жедел топ бастықтың бөлмесіне жиналды. Жергілікті жердің қылмыстық жағдайы айтылып, әрқайсысы ойларын ортаға салды. Қандай әрекет жасау керектігі пысықталды. Сөйтіп, түнгі сағат 3-тер шамасында қылмыскерлер орналасқан жерге шығып кетті…
Ұстау кезінде әріптесі полиция аға лейтенанты Ержанға күтпеген жерден қылмыскер шабуыл жасады. Жекпе-жек кезінде оған екі жерден пышақ ұрып, жантәсілім етті. Бұлар қылмыскерлер жиналған ескі құрылыс алаңының басқа тұстарын аралап кеткен еді. Тосын жай, күтпеген ажал.
Полиция қызметкерінің қылмыскер қолынан қаза табуы бүкіл облысты дүр сілкіндірді. Жедел топ құрылды. Аға лейтенанттың қайғылы қазасынан кейін әріптестері басталған істі соңына дейін жеткізуге бел буды. Өзі де бөлімнің бастығы, жақын досы ретінде бұл іске бел шеше кірісті. Енді бұл істі аяқтау оның міндеті.
Алдымен жедел топ қылмыс болған жерді мұқият тексеруден бастады. Олар қылмыскерлерді ұстауға көмектесетін бірнеше белгілерді: аяқ киімнің іздерін, киім қалдықтары және саусақ іздерін тапты. Әрбір деталь жекелеген ақпарат беруі мүмкін екенін біледі.
Тергеу барысында капитан Нұрым белгісіз куәгерден күтпеген хабарлама алды. Бұл адам қылмыскерлердің жергілікті кафелердің бірінде өз жоспарларын талқылағанын көрдім деп мәлімдеді. Бұл мәліметтің анық-қанығын көбірек білу үшін онымен жүзбе-жүз жеке кездесуге шешім қабылдады.
Куәгер бұрын істі болған біреу екен. Берген ақпараты құнды болып шықты. Тергеу нәтижелі болуы үшін Нұрым қылмыстық ұйымның қатарына жасырын агентті енгізуге шешім қабылдады. Бұл рөлді әлгі куәлік еткенге тапсыруды ұйғарды. Оны иландыру оңайға түскен жоқ. Оның жеке басы жөніндегі жедел ақпараттарды пайдаланып, агент болуға мәжбүрлеп көндірді ақыры. Әжептәуір дайындықтан өткізді. Алдымен, қылмыс әлемінің тілдік жаргондарын меңгеруіне күш салды. Ұстаналатын арқауы бос сол тұс қой. Рухани салқар арнаға қазақ құйған құндылықтардың біріне абақты тұрғызбағанын жатқызар едік. Содан болар, қылмыс төңірегіне қатысты сленг-жаргондарда қазақтың толғауы тоқсан қызыл тілінің бояуы да, мүмкіндік өрнегі де көрiнбейдi. Басты себеп төл сөздерімізде олардың толық мәнін ашатын сыңары, баламалары жоқтығынан, иіні келмейтiнінен. Болашақ агентке «козырные фраера», «общак», «свояки», «путевые», «блатные», «положенцы», «смотрящие», «мужики», «быки», «торпеды», «шестерки», «красные», «козлы», «обиженные», «опушеные», тағы басқа көптеген қылмыстық ортаға тән жаргон сөздердің мәні мен мағынасына үңілдіріп, сөздерді өз орнымен қолданар тұстарын меңгертті…
Өзінің сенімді агенті қылмыстық топқа сәтті еніп, ақпарат жинай бастады. Ол қару-жарақ пен адамдардың үлкен контрабандалық жоспарлары барын анықтап білді. Әр нәрсені сұрап біліп, бас сұқбайтын жерге үнемі үңіліп жүретінінен, айналасы күдіктене бастады. Күн сайын ол әшкерелену қаупіне ұшырады, бірақ маңызды деректерді Нұрымға жеткізіп тұрды, елеусіз ғана жұмысын жалғастыра берді.
Нұрымның ойлары көбінесе ашылмаған істер мен өткеннің құпияларына оралып отыртатын еді. Бірде әріптестері оған марқұм аға лейтенант Ержанға тиесілі күнделікті әкеп берді. Сол баяғы отырған үстелінің тартпасынан табылыпты. Әріптестері сақтап қойыпты. Күнделік ашылмаған қылмыстар мен күдікті тұлғалар туралы жазбаларға толы. Ол жазбаларды зерттей бастады. Көп ұзамай күнделікте айтылған кейбір тұлғалардың әлі де белсенділік танытып, көзге түсіп, олардың қаладағы соңғы қылмыстармен байланысты болуы мүмкін екенін анықтады.
Тергеу барысы Нұрым мен әріптестерін контрабанда мен адам саудасымен айналысатын ірі қылмыстық желіге әкелді. Олар бұл желінің әр түрлі елдерде терең тамыры мен байланысы бар екенін бірден түсінді. Бұл қауіпті іс болды, бірақ Нұрым оны соңына дейін жеткізуге бел буды. Агент арқылы адам саудасын қалайша жүзеге асыру жолдары мен адамдарды жеткізу жоспарлары туралы анықтап білді…
Капитан Нұрым адам саудасын жығылғанға жұдырық деп біледі. Етек жайған көп қылмыстардың қатарында «адам саудасы» ойып орын алады. Қазіргі күні өршіп-ақ тұр. Соңғы он жылда кәдімгідей толыққанды қылмыс ретінде төбе көрсетіп, қара көбейтiп үлгердi. Адам саудасының ішкі мәні – еркек пен әйелді, жас қыздар мен балаларды алаяқтықпен алдау-арбау, күшпен қорқытып мәжбүрлеу, ұрлап қашу. Мақсаты – түрлі айла-амалдарды қолданып, тегiн еңбектi құл, күң орнында ұстау, қыздарды жезөкше етіп, ер балаларды жыныстық қатынасқа салып, табыс табу. Күнде теледидардан iздеу салған хабарламалар балауса балғын өскiннiң – үйдiң көркi – қыздың, тiзгiн ұстар – ұлдың үйден шыға бере жоғалғанын, оралмағанын айтып безілдейдi де жатады. Сұмдық қой! Жаһандық жылылықпен қатар қояр бүкiл ғаламдық күрмеуі қалың күрделі құбылысқа айналды бұл бәле. Анау бір жылдары ескі құрлықтағы Брюссельде өткен Көші-қон бойынша Мемлекетаралық ұйым ұйымдастырған Еуропалық Конференцияның «Адам саудасы: алдын алу және оған қарсы күрес – 21 ғасыр міндеті» деп айдар тағылып аталуы тегіннен тегін емес-ті. Онда Еуроодақ мүшелері, осы одақ қатарынан табылуға ұмтылған үміткер мемлекеттер, ТМД елдерінің, ресми, ресми емес ұйымдардың қатысумен бұл мәселелер бойынша дүниежүзілік Деклорация қабылдауы осы саладағы қылмыс атаулының шектен асқандығын көрсететін нақты айғақ. Әр мемлекет өз заңнамасына адам саудасына қатысты заңды ережелер, толықтырудар мен өзгерістер енгізуі міндетті деп тоқтамға келген еді сонда. Ештен кеш жақсы, біздің ел де осы секілді іс-шаралар біртіндеп қолға ала бастады. Әрине жақсылықтан емес. Рухани азғындап, жегі құрт жалмап, іс насырға шапқандықтан дейiк. Шет елде жұмыс iстеудi армандайтын жастардың қатары күн сайын артуда. Жақсы тұрмыс пен жоғары жалақы кiмдi қызықтырмас. Бейтаныс бiреулер өздерi ғана барып қоймай, тұрмыстық виза бойынша сол жерде жұмыс iстеуге рұқсат алуды ресiмдеудi ұсынып әлек. Ал делдал фирмалар өзiңiзге лайық жұмыс iздеп тауып, жұмыс берушiмен келiсудi мойнына алып, еңбек шартына қол қоюды ұсынады; виза мен басқа да керектi құжаттарды ойластырып, оны рәсiмдеуге уәдесiн беретiнiн жарнамалап жатады. Ал шетелдiкке тұрмысқа шығып, шетелде түпкiлiктi тұрғысы келетiндер саны қаншама. Өмiрде көпшiлiк жағдайда бәрi керiсiнше болып жататыны да шындық. Өкiнiшке орай, өздерiне жұмыс ұсынып, жұмыс iстеуге көмектесем дегеннiң жалған болғанын тым кеш түсiнiп, көпшілік арасында аузы күйiп үлгергендер де баршылық. Шетелге барғандардың көбiне құжаттары тартылып алынады, адам шыдамайтын жағдайда аяусыз жұмыс iстеуге мәжбүрленедi. Қарыздарын өтемейінше жұмыс iстетiп, бiрақ, қанша жұмыс iстемесін қарызы азаймай, қайта керісінше көбейе түседi, күнi-түнi күзет астында, бақылауда болады. Шетелдiкке тұрмысқа шығып, шет елге кету – қыздар мен әйелдердi кейiн сату үшiн азғырудың ең көп тараған әдiсi. Осы жолмен көптеген әйелдер Қазақстаннан Біріккен Араб Әмірлігіне, Түркияға, Алманияға, Грецияға, тағы басқа елдерге әкетiліп жатады. «Сақтанғанды құдай сақтайды». Бұл пәлеге ұрынбаудың амалы, алдымен таныстарыңыз не достарыңыз, делдал фирмалар шет елде жұмыс iстеуге шақырып тартымды да татымды ұсыныстар айтса, ешқашан сенуге болмайтынын қаперде ұстаған жөн. Адам саудасымен айналысатындар, әдетте, жұмыс орнында күштеп ұстап, жұмыс орнынан жалғыз жiбермейді. Шабақ аңдыған шортандай кісәпірлер қолына түскендерге қатыгездiк жасап, жыныстық немесе психикалық қысым көрсетедi. Бұл айтылған белгiлер адам саудасы фактiсiн анықтауға жеткiлiктi негiз бола алады. Бұл нақты қылмыс. Байлықты да адал жинаған қайыл. Адам саудасынан жиналған байлық — ит балалап сауын болмастың кері…
Адам саудасы туралы полиция капитаны Нұрымның түсінігі осыған саяды…
…Бірде қылмыстық топ арасына ендірілген агент кездейсоқ өзі туралы талқыланып жатқан әңгімені естіді. Ол қылмыстық топқа енген кездегі ойдан құрастырған «аңызы» әшкереленетіндей қауіп төніп тұрғанын түсініп, тез әрекет етуге шешім қабылдады. Ол Нұрымға алдағы мәміле туралы ақпарат беріп, жедел көмек сұрады.
Нұрым бөлім бастығы ретінде адам саудасымен айналысқан қылмыстық топты құрықтау үшін ауқымды операция ұйымдастырды. Белгіленген күні жедел жасақтпен қылмыскерлердің жиналған орнын қоршап алды. Қатты атыс басталды, оның барысында агенті жараланды, айтып-айтпай не керек, оның арқасында операция сәтті аяқталды.
Агент ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер оның өмірі үшін күресті. Нұрым жақсылыққа үміттеніп, оның палатасынан алыстаған жоқ. Бұрын құқық бұзушылық жасаған болса да, бүгінде қауіпті қылмыскерлерді ұстауға қол ұшын берген адам ғой. Адамның адамдығы кішіпейіл кісілігі мен өлшеусіз түсінігінде емес пе. Бірнеше күннен кейін оның жағдайы жақсара бастады. Ол соған қуанды. Өйткені аты-шулы қылмыстық топты ауыздықтаған соның арқасы ғой. Сол арқылы қызметкерлер арасында Нұрымның беделі арта түсті.
Полиция капитаны Нұрымның ұйымдастырушылық қабылеті, күш-жігерінің арқасында қылмыстық топ толығымен жойылды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық қатысушылары ұсталып, жауапқа тартылды. Бұл облыстағы қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау органдары үшін үлкен жеңіс болды.
Нұрым қызметке адалдығы үшін төсбелгімен марапатталды. Алда тындырар әлі көп нәрсе күтіп тұр еді. Соның бірі – қылмыскер қолынан қаза тапқан аға лейтенант Ержанды еске алуды ұйымдастыру. Оның бұл әрекеті полиция бөліміндегі барлық полиция қызметкерлер тарапынан қолдау тапты. Қызмет бабында қайтыс болған Ержан ерлігі полиция қызметінің мәнін түсінуге түрткі болды. Жаңа жетістіктерге шабыттандырды. Ержан да өзі сияқты Қарағанды жоғары мектебінің, бүгінгі академияның түлегі еді.
Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қайсар іс-əрекеті мен əрдайым батыл қадамға даярлығы Отанымыздың азаматтарының жүрегіне қашанда мақтаныш сезімін ұялатады. Көптеген полицейлердің жоғары шен мен сыйлықтарға лайық болып танылғаны таңғалдырмайды. Еліміздің бейбітшілігін сақтап жəне азаматтар тыныштығын қорғау жолында өз өмірлерін қиған батыл да қайсар қызметкерлердің есімдері ел тарихында мəңгілік жазылады. Сол қатардағының бірегейі – Ержан. Полиция капитаны Нұрым аға лейтенант Ержанның жасаған ерлігі жөніндегі мағлұматтарды Карағанды академиясында қызметте қаза болғандар туралы дайындалып жатқан «Естелік кітабына» енгізуді ұсынды.
Ендігі бір ісі құрықталған қылмыстық топтың әлі де көзге түспей қалған өкілдері барын сезінуі еді, ішкі интуициясына құлақ түріп, тергеу ісін жалғастыруды ойлады. Ішкі интуициясы оны алдамайтын. Көп жылдардан бергі әдеті. Қылмыстық топты жеңгеніне қарамастан, ол бұл іс әлі аяқталған жоқ еді. Қылмыстық топтың бұрынғы біреуінің жаңа қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екенін көрсететін оғаш кездейсоқтықтар мен күдікті әрекеттерді байқай бастады. Бұл адам маскировка шебері немесе өзін жасыру өнерін меңгере білген.
ІҮ
Қауіпті әрекет
Капитан Нұрым осы аса қауіпті қылмыскерді ұстау жоспарын жасады. Оның сақ болатынын және әдеттегі амал, қулықтарға түспейтінін білді. Сондықтан қылмыскерді тасадан шығару үшін өзін «жем» ретінде пайдалануды шешті.
Нұрым қылмыскерге зиян тигізуі мүмкін маңызды ақпарат бар деген қауесет тарата бастады. Бұл үшін бөлімдердегі жедел уәкілдердің бүкіл агентурасын пайдаланды. Ол бұған жаудың назарын аударатынын білді. Көп ұзамай ол өзінің тарапына белгісіз біреулерден қоқан-лоққылар мен ескертулер ала бастады, бірақ дұшпанды құрықтау ниетінен шегінбеді.
Белгіленген күні Нұрым қараусыз қалған ғимаратта кездесу ұйымдастырды, оның есебі бойынша бұл оңаша кездесуге қылмыскер міндетті түрде келуі керек. Ол кездесетін жақын маңда жасырынған жедел жасақ тобын алдын ала дайындап қойды. Қылмыскер пайда болған кезде қатты шайқас басталды. Атыс кезінде Нұрым жарақат алды, бірақ қылмыскерді ұстай алды. Оның жедел уәкіл әріптестері тез арада көмекке келіп, қылмыскердің өзін және барлық сыбайластарын тұтқындады. Бұл қиын жеңіс болды, бірақ ол көптен күткен әділеттілікті орнатты.
Ү
Жаңа көкжиектер
Нұрым өзінің білімі мен тәжірибесімен бөлісіп, білгенін, оқып-түйгенін жас ұрпаққа беретін мезгіл келді деп шешті. Ол бір кездері өзі оқыған Қарағанды жоғары мектебінде, бүгінгі академияың жедел іздестіру қызметі кафедрасына оқытушы болып орнығып, сабақ бере бастады. Оның дәрістері курсанттар арасында қызығушылық тудырып, көпке танымал етті және оның бұрынғы бөлімінің қызметкерлері, марқұм Ержан туралы әңгімелері курсанттарды кәсіби шебер болуға үндеді.
Оның үсітіне облыстық полиция департаменті, аудандық полиция бөлімдерінде, сақшылық кеңістікте капитан Нұрым мен оның серіктерінің қылмыскерлерді құрықтаудағы ерлік істері кәдімгідей аңызға айналды. Батылдық пен қызметке алғаусыз берілгендіктің жарқын үлгісі бұл.
ҮІ
Шынайы сезім
Полиция капитаны Нұрымның жиі-жиі еске алатын, еске алуына қоймайтын екі нәрсе бар, олар – махаббат пен қылмыс. Екеуіде де тоқтамай үздіксіз жүріп жатқан майдан дерсің. Қылмыстық топтың толығымен көзін жойған соң, өмір жағдаятын ойлады.
…Шынайы сезім иелері – «сүйгендер қосылмайды» дейтін мәңгілік ғұмырдың өз қағидасы бар екен. Бұрын басқа түспеген соң аңдамаппыз. Әйтпесе, махаббаттың киесіндей болған, бірін-бірі сұмдық сүйіп өткен Қозы мен Баян, Қыз Жібек пен Төлеген, Ләйлі мен Мәжнүн, Естай мен Қорлан, бәрі-бәрі жұп құра алмай, өксігі өзегін өртеп, әманда арманда кеткен шын мәніндегі әз-ғашықтар емес пе еді. Олар мәңгілік баянсыз жырдың арқауын құрады. Өгей сезімдер үстемдік құрған ортақ жаһандық қасірет бұл! Кейде санаңды сарғайтар сатал ойлар кеу-кеулеп кеп, жаныңды жегідей жейтіні бар. Расында, — дейді, көкірегіңе тығылған күрсінген үн, — осының бәрі жаратқанның қолында тұрған іс болса, ғашықтарға неге жақсылық жасамайды, неге мейірімсіз? Егер дүниенің үйлесімін күйттеп, қалт жібермей қадағалар болса, адамдар бақытты күй кешер еді ғой. Әлде бақытты адамдар құдайын ұмытып кетеді дей ме? Ғаламдық жұмбақ! Бәлки, ғаламдық бұл сыр сол жұмбақ күйінде, тылсым кейіпте қала беретін де шығар…
Ғаламторға үңілгені сол еді, бүгін махаббат күнi екен. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар бір-біріне махаббат хаттарын жазысуда.
Нұрым Гүлімге бір шоқ гүл алып, үйіне қарай асықпай аяңдап бара жатты.
Елеужан Серімов