12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

АМАНАТ

Жұмысқа жақындағанда бөлмесінің кілтін іздей бастады. Кеше үйге қайтарда сөмкесіне салған сияқты еді. Әлде күртешесінің қалтасында қалып қойды ма екен? Сыртқы пішіні жинақы көрінген сөмкенің ішінен адам адасардай. Айна да жүр, тарақ пен опа-далап та осында. Қаламсап шықты бір бұрышынан. Өткенде тойшашудан ырымдап кәмпит алып еді, қағазының өңі кетіп ол да бір бұрыштан қолына іліне кетті. Кілт қараймын деп сөмкенің ішіне кіріп кеткен Талшын «Сәлеметсіз бе?» деп қысыла шыққан дауыстан селк ете қалды. – Сәлеметсіз! Қарсы алдында жинақы киінген, жасы қырыққа таяп қалған әйел тұр. Жанары солғын тартқан әйелдің жүзі шаршаңқы. Бет-әлпетін аяусыз торлаған әжім өмір жолының оңай болмағанын ұқтыратындай. Егделікті ерте мойындаған әйелдердің осылай бірден еңсесі түсіп, күтінуден қалатын әдеті. Бейтаныс әйел өзінің бетіне тесіле қараған тергеушіден тайсақтап, тағы да жасқанып сөйледі. – Кешіріңіз, бір көмегіңіз керек болып тұр! Күнде естіп жүрген сөзі болғандықтан Талшын мұндай өтінішке мән беруден қалған. Көзі әйелде болғанымен, қолы сөмкенің ішін әлі шарлап жүр. – Иә, айта беріңіз! Не көмек керек? – деді сонда да бейтаныс әйелдің көңілін қимай. – Ағамды адам өлтірді деп айыптап жатыр. Ағам кісі қанын жүктейтін адам емес. – Апай, жақыны түрмеге қамалғандардың бәрі солай дейді. Кім туысын жамандыққа қияр дейсіз? – Жоқ, біздің Санжар ондай қылмысқа бара қоймайды. Ол деген… – Апай, бәрін түсініп тұрмын. Бірақ, қылмысқа қатысы болмаса, әлі-ақ ақталып шығар. – Аузыңа май. Ақталып шықса екен. Тек адвокат сотталатынына сенімді. Көкетайым, сол істі бір қарап көресің бе? Өзі шынашақтай ғана адамның еңгезердей жігітті балконнан құлатып жіберуі мүмкін емес қой. – Егер өз адвокаты сенбей тұрса, сіз неге күдіктенесіз? Апай, оның үстіне, мен басқа тергеушінің ісіне араласа алмаймын,– дей берген еді, көзі жасаураған әйелдің жалп етіп отыра қалып, тізесін құшақтай кеткені бар емес пе? Біреу-міреу көріп қалмасын деп қысылған Талшын әйелді орнынан тұрғыза алмай әлек болды да қалды. «Жарайды, ағаңыздың ісін бір қарап көрейін» дегенде ғана жүрелеп отырған әйел орнынан көтерілді-ау. Уәде беріп жатып құтылды әйтеуір. Кілт жайына қалған Талшын бөлмесіне жеткенше асықты. * * * Екінші қабатқа көтерілгенде алдынан Жарас Серғазыұлы шықты. Қолында – кофе. Әдеттегідей ыңылдап ән салған жігіт: – Ана әйел саған да жолықты ма? – деп қасын ойнатып төменгі жақты нұсқады. Басын изегенін көрген соң: – Ағасы 100 пайыз кінәлі. Бәстесуге әзірмін! – деді. – Кешегі алдыңда отырған өңсіз қара жігіт пе? – Иә, өзінің жеке кәсібі бар, мықты жігіт болған ғой. Баршылыққа малданған адамдар негізі тез сынады. Байқадың ба, екі күнде еңсесі қалай түскенін? Түбі түскен шелектей даңғырлап жүретін Жарастың осылай кесіп айтам деп таяқ жеген кезі көп. Бірақ «бүкірді көр ғана түзейді» демей ме? Бұл да сүйекке сіңген дағдыдан ажырамай келеді. Жарас «100 пайыз сенімдімін» деген сайын делебесі қозған Талшын әріптесінен Санжар Қосайұлының ісін қиылып тұрып сұрап алған. – Талшын, сенің қырсық екеніңді білемін. Бірақ, дәл осы істе бірдеңе табамын деп ойлама! Бұл жерде бәрі алақандағыдай айқын. Санжар Қосайұлы үйіне досын шақырған. Екеуі есі кеткенше ішкен. Артынан соғысқан. Сосын досын пышақтап, балконнан итеріп жіберген. Өзі түк білмеймін, оллахи-биллахи деп отыр ғой. Міне, сараптама қорытындысын қара. Онда үйден, пышақтан табылған саусақ іздерінің Санжарға тиесілі екенін тайға таңба басқандай көрсетілген. Үйге тек екі адамның кіргенін, кейіннен дәрігерді шақыртқанын көрген куәлар да бар. Іс сонымен тәмам! – деген Жарас сейфіндегі семіз папканы Талшынның қолына ұстата салды. – Жарас, Санжар Қосайұлының өзі мойындап отыр ма? Не дейді? – Дәлелдің бәрін көрсеттік. Ештеңе білмеймін деп жындының кейпін келтіруде. Бірақ, ешкім өзіне-өзі қарсы куәгерлік етпейтінін сіз жақсы білесіз ғой, Жанасылова ханым! – Түсінікті… Ішімдік араласқан басқосудың соңы осылай аяқталатыны белгілі жай. Оны талай көріп те жүрміз. Осылай ойлаған Талшын қолындағы папкіні әріптесіне қайтарып бергісі келді де, қызығушылық жеңіп ішіндегі құжаттарды қарауға кірісті. Міне, Санжар Қосайұлының түсініктемесі. «Дәрігерім екпе салғаннан кейін ұйықтап кетіппін. Полиция келіп оятқанда жанымда қан қатқан пышақты көрдім. Бірақ Есенді өлтіруім мүмкін емес. Ол менің досым ғой» депті. Уәжінің түрін қара. Досы тұрмақ, туған әкесін, бауырын өлтіретіндер бар. – Жарас, екпе салғаннан кейін ештеңе есімде жоқ депті. Осы жігіттің қанын тексерттіңдер ме? Сараптамасы қайда? – Қанының жартысы спирт шығар… Жарас сөз тауып кеттім дегендей шиқылдай күлді. – Сараптама жасауын жасады ғой, бірақ одан бірдеңе өзгереді деп айта алмаймын. – Сонда сен басты сараптамаларды алмай-ақ істі прокуратураға бермексің бе? Мына сараптамада үйден Санжардың саусақ іздері табылды депті. Ал досының ше? Оның саусақ іздері неге жоқ? Дәрігердің саусақ іздері түспеуі мүмкін бе? Олар ештеңе ұстамаған ба сонда? – Жанасылова, әйтеуір бір шикілік шығарғанға құмарсың. Немене сонда біреу келіп басқа саусақ іздерін өшіріп кетті демексің бе? Максимов қалған сараптаманы бүгін берем деген. Онда да бірдеңе өзгереді деп ойламаймын. – Жарас, істі прокуратураға өткізбей тұра тұршы. Асықпашы, иә. – Ой, сен де бір. Бүйректен сирақ шығаруға құмар екенсің. Бітіп тұрған іс емес пе? – Екі күн берсең жетеді. Бір пысықтап алайық. Сосын бүгін Санжар Қосайұлын тергеуге алдыршы. Мен де қасыңда отырайын. – Қоймадың ғой, қу қыз. Жарайды. Меселі қайтып қалған Жарас суып қалған кофесін толассыз ұрттап монитордың тасасына тығыла түсті. Бірдеңені жақтырмағанда өститін дағдысы. * * * Әйел еркелесе жеңеді. Осы сөздің дұрыстығына Талшынның әлдеқашан көзі жеткен. Полиция формасын кигелі кілең ер-азаматтың ортасында. Кейде өзінің нәзік жаратылыс иесі екенін де ұмытып кетеді. Ал жігіттер ұмытпайды. Қызметтері бір, тапсырма ортақ болғанымен, олардың бәрі жалғыз қызға қамқор. Жандары қалмай, «Жайықтың жауқазыны» деп шетінен жанашырлық танытып жүргені. Ешқайсысы бетінен қақпайды. Көңілдеріне жақпаса, жаңағы Жарас секілді үндемей қоя салады. Бірақ бұл да өз орнын біледі ғой. Әріптестеріне қарсы келу, өзгеге сатқындық жасау ойында жоқ. Жаңа қадам жасамас бұрын Жарастан рұқсат сұрап жатқаны да сондықтан. Алдымен Санжар Қосайұлының жеке деректерін қарап көрді. Жасы 38-де. Ажырасқан, екі баласы бар. «Quality» компаниясының директоры екен. «Quality»… Осы атауды қайдан естіп еді… Қайдан көрді. Ә, есіне түсті, жазда саяжайға қажетті шелек, суқұйғыш дегеннің бәрін сол жерден алып еді ғой. Мына жігіт сол компанияның иесі болып тұр. Қағаз, пластмассаны екінші рет өңдеп, тұрмысқа қажет заттарды дайындаумен айналысатын бұл компанияның жылдық табысы да осал емес сияқты. Былтыр 5 млрд теңге салық төлесе, биыл жарты жылдықтың өзінде мемлекет қазынасына 11 млрд теңге салық төлеген. Яғни, мемлекетке сонша салық төлеп, қаншама адамға жұмыс тауып беріп отырған жігіт осал бола қоймас. – Айтпақшы, ішкендері қандай арақ екен? Өзімен-өзі сөйлескен Талшын араққа жасалған сараптама қорытындысын қарағысы келген. Жоқ! Жұмысы сараптамасыз бітпейтінін түсінген Талшын полиция ғимаратының келесі корпусында орналасқан зертханаға қарай құстай ұшты. Бірақ, Анатолий Максимов орнында жоқ екен. Көмекшілерінен дұрыс жауап алу қиын. Зертханадағы өткір иіс танауын жарып, түшкірте берген соң Талшын сыртқа беттеген. Қарсы алдынан Анатолий Сергеевичтің өзі шықты. – Оо, мына аппақ қызды қара! Сен де бізге келеді екенсің ғой. Әдеттегідей «Сараптама қорытындысын бере саласыз ба?» деп қоңырау шалмадың ба? – деп қалжыңдай амандасқан Максимов қызды қолтықтап ішке кіргізді. Мұның айтқанын мұқият тыңдаған соң: – Шынымды айтсам, бір күдік болды. Жарас Серғазыұлына бүгін қалған сараптаманы өзім де апарайын деп отырғам, – деген бас сарапшы қарауындағы жұқалтаң өңді кішкентай қара қызға қарап: – Ақтоты Санатқызы, маған Санжар Қосайұлының ісі бойынша жинақталған сараптамаларды бере қойшы, – деді. Талшынға «жақынырақ жайғас» дегенді емеурінмен ұқтырған Максимов пештен шыққан ыстық күлшедей принтерден енді ғана ып-ыстық боп шыққан бірнеше парақты үстелге қойды. Өзі асықпай көзілдірігін киген соң: – Қызым, сол күні бөлмеде тұрған арақты біз тексердік. Кәдімгі арақ. Бөтен ештеңе қосылмаған. Ал бірақ, қайтыс болған Есен Жомартовтың қанынан да, Санжар Қосайұлының қанынан да стрихнин табылды. Есеннің қанында көбірек болған. Соған қарап, мен оның өлімі биіктен құлағаннан емес, осы удан деген қорытындыға келіп отырмын. – Сенімдісіз бе? – Әріптесіңізге істі жабуға асықпа деңіз. Алдымен маған үйдегі шәйнекті әкелулеріңіз керек. Өйткені, стрихниннің өзі суық суда ерімейді. Сондықтан, стрихнин қосылған дәрілерді жылы сумен ішуге кеңес береді. – Сонда Есен Жомартов удан көз жұмған ба? – Дәл солай. Өліп қалған адамға пышақ салып, кейіннен балконнан құлата салған. Пышақ қабырғадан ары бармаған. Былайғы күнде бұл жарақаттан адам өлуі мүмкін емес. Талшынның күдіктеніп отырғанын көзінен аңғарған Максимов таза параққа әлдебір формуланы салуға кірісті. – Талшын, университетте удың түрлерін өткен боларсыңдар. Солардың ең қауіптісі осы стрихнин. Бұл удың әсері сұмдық. Бірден миды жаралап, алдымен естен тандырады, сосын қол-аяғынан әл кеткен адамның ағзасы ауа жетпегендіктен құрысып, тырысып, артынша өліп тынады. Бұл у қазір дәрі жасауда жиі пайдаланылады. Кеселі ауыр, асқынған жандарға берілетін дәрілердің құрамында стрихнин кездеседі. Оны кез келген адамның білуі мүмкін емес. – Жаңа Санжар Қосайұлының да қанынан стрихнин табылды дедіңіз ғой. Сонда оны да өлтірмек болған ба? – Қызым, күдіктінің қанында у өте аз мөлшерде болды. Соған қарап, уды шайға қосып жатып өзі байқамай ауызға салуы, ішіп қалуы мүмкін деген де болжам жасауға болады. Жаңа ғана оп-оңай шешіле салған жұмбақ зертханаға барғаннан кейін күрделеніп кеткендей. Талшынның көз алдына монитордың артына тығылып отырған Жарас елестеді. Ренжитін болды-ау… * * * Түстен кейін Жараспен бірігіп Санжар Қосайұлын тергеуге қатысты. – Әлсіреп барам, – деді күдікті кірген бойда, – дәрігерімді шақыртсам бола ма? – Әрине, болады! Санжар Қосайұлы, сіз үшін қарындасыңыз шырылдап адвокат жалдап, бостандыққа шығарсам деп жанталасып жүр. Ал сіз мемлекеттің тегін заң көмегінен бас тартыпсыз. Неге? Талшын жақ сүйегі пышақтай болып арықтаған жігітке тесіле қарады. Миллиондармен жұмыс істеген адамға мүлде ұқсамайды. Шашы өскен сайын басы бір уыс болып кішірейіп кеткендей көрінген жігіт ағасының қос құлағы ғана қалқайып тұр. Өзін барынша сабырлы ұстаған жігіт: – Қарындасым келді ме? Қарашығым-ау. Бәсе, адвокатты қалайша әйелім жалдады деп ойлап едім. – Неге олай дейсіз? Әйеліңіз сізге жамандық ойлауы мүмкін бе? – Әйелімнің сөзі үшін қарындасымнан, жалғыз жанашырымнан қол үзіп қалған жоқпын ба? Иттік жасадым ғой мен. Ол сонда да менен үмітін үзбеген екен. Екі тергеуші сұрақ қоям дегенше Санжар сөйлеп кетті. – Біз өзі екеуміз. Үлкені – мен, қарындасым Шұға меннен жеті жас кіші. Шешем қайтыс болғаннан кейін қыздың жағдайын жасай алмаймын деген әкем Шұғаны туған қарындасының тәрбиесіне берді. Қарындасы күйеуге шықпаған қыз болатын. Қартайғанда балалы болғанына қуанып, Шұғаны бауырына басты. Әкем екеуіне әсем үй алып берді. Бірақ, не ойлағанын әкем үйді менің атыма рәсімдепті. Ол кезде бұған ешкім көңіл де аударған жоқ. Біз өстік, әкем қартайды. Кейін әкем өлгенде Шұға өзі тұрып жатқан үйді басына аударып беруімді сұрады. Бірден аударып беруге қолым тимеді. Оның үстіне, жаңа кәсіп бастап жатқан кезім еді. Өзімнің шамамды екшеп жатпай екі үйді де банкке кепілге қойып бірталай несие алдым. Кәсібім құрдымға кеткенде сол үйдің бәрін банк тартып алды. Жылап Шұғам келді. Жетегінде үш баласы… …Екі тергеуші де сөзін бөлмей тыңдап отыр. Санжардың да көзі соларда болғанымен, ойы басқа жақта… …Ерте тұрмысқа шыққан қарындасы ол кезде үш балалы еді. Үлкені мектепке де бармаған. Кішісі әлі емшекте. Жығылғанға жұдырық дегендей, құрылыста жұмыс істейтін күйеуі сол кезде мертігіп, төсек тартып жатқан екен. Сот орындаушылар қайта-қайта ескерту жасағанда мән бермеген Шұға бөтен адамдар сот актісін көрсетіп қақпаны бұзып кіргенде шырылдап бұған қоңырау шалған. «Аға, тез жетіңізші, көмектесіңізші» деп еді-ау қиылып. Қолынан түк келмейтінін білсе де қарындасының үйіне бұл да жетті. Сот орындаушы қалаймақанды салып-ақ жүр екен. Қарсылық көрсететін күйеуі науқас. Болысатын баласы жас. Еңіреп ортада жүрген қарындасының «Не істедің, аға! Мені сазға отырғызып кеткенің не? Ауру күйеу, жас балаларыммен енді қайда барамын?» деп зар еңіреген дауысы талайға дейін құлағынан кетпеді. Түнде сол дауыстан шошып оянатын. Одан кейін де Шұғасына неше рет барып көрді. Жұбатып, үміттендірмек болды. Бірақ, мына жағдайдан кейін дерті асқынған күйеуінің көз жұмуы аға мен қарындас арасындағы туыстықтың нәзік жібін үзіп тынған.

– Қыздардай жанашыр кім бар дейсіз. Кісі өлтірген ағасына ара түспек болғанының өзі не тұрады? – деді Талшын таңданып. – Мен адам өлтірген жоқпын! – Түрмеге қамалғанның бәрі кінәсіз! Істедің бе, мойынмен көтермейсің бе! Ашуланып кеткен Жарас үстелді жұдырығымен сарт еткізді. Бірақ, оған селт етпеген Санжар сөзін жалғай берді: – Бұған дейін үндемегенім, өзімнің де санаулы өмірім қалды. Дәрігерімнен сұрасаңыз да айтады, қан обырына шалдыққанымды біраз уақыт бұрын ғана білдім. Басында ауруды жеңем деп барымды салып күрестім. Үйімді саттым, компаниядағы үлесімді саттым. Тек, бәрі бекер. Кореяға бардым, Израильге бардым. Бұл аурудың алдында бәрі дәрменсіз екен. Жарығы күңгірт бөлмеде отырған үшеу үнсіз қалды. Үшеуі де өз ойымен алысып кеткен. Тыныштықты Талшын бұзды: – Санжар Қосайұлы, жарайды, Есен Жомартовтың өліміне сіздің қатысыңыз жоқ дейік. Сонда оны өлтіріп, сізді қылмыскер жасау кімге керек болды? Қарындасыңыздан күдіктенейік десек, ол кісі адвокат жалдап сізді құтқарам деп шырылдап жүр. Әйеліңіз дейін десек, ол кісі де өз бақытын тауып, басқа қалаға кеткенін айтып қалдыңыз. Сонда кім? Компанияға таласатындай сіз енді құрылтайшыларға бәсекелес емессіз. Үлесіңізді алып алғансыз. Сонда бұл өлім не үшін, кім үшін керек болуы мүмкін? – Соны мен де көп ойландым. Үйімді сатқаннан кейін осы пәтерді жалға алғанмын. Бірақ, пәтер иесі менің кім екенімді, ақшамның бар-жоғын мүлде білмейді. Жерлеуге кететін қаржыны Есен досымның қарсы болғанына қарамай қолына ұстатқам. Менде мол қаржының барын бір білсе, дәрігерім біледі, – деген Санжар ентігіп барып тоқтады. Санжардың айтуынша, сол күні бұл қатты ауырған соң Есен дәрігерді пәтерге шақырған. – Жеке дәрігерім болған соң, әрине, менің жағдайымнан толық хабардар. Ақшамның да барын жақсы біледі. Қанша қимасам да, ақша үшін сол кісі қылмысқа барды ма деп ойлаймын. Одан кейін үйге көршім Виктор келген. Бұл жігіт те сүйек обырына шалдыққанын кеш біліпті. Ол да мен сияқты жақындарынан қол үзіп, соқа басы қалған жан. Содан болар, екеуміздің әңгімеміз ортақ, сырымыз бір. Қазір бір еріктілер Викторды шетелде емдету үшін ақша жинап жатыр. Мен де біраз қаржы қостым, – деп тоқтаған Санжар орындықта тік отыра алмаған соң үстелге басын төсей қисайды. Оң қолын жастық еткен жігіт ағасының кейінгі сөздері күрмеліп, түсініксіз естілді. Енді тергеуді созудың мәні жоғын түсінген тергеушілер Санжар айтқан дәрігерді бөлімге шақыртқан болатын. Әрі бұл дәрігермен көзбе-көз кездесуге де таптырмас мүмкіндік. * * * Дәрігер Қуандық Садықов шақырту бойынша қала шетінде жүргенін айтып, бөлімге кештеу келетін болып келісті. Әрі-бері шапқылап жүріп түскі астың уақытын өткізіп алған Жарас пен Талшын дәрігер келгенше әлденіп алмақ болып асханаға шықты. – Талшын, бұған дейін бәріне бас изеген мына жігіттің кінәлі екеніне енді мен де күдіктене бастадым. Негізі сен мықты қызсың-ей. Істі прокуратураға жолдамағаным қандай жақсы болған. Әйтпесе, тағы да «жартыбас» деген сөз естір едім… Бастықтарының шала іс көрсе, «жартыбас» деп сөгетін әдеті. Оған әбден құлағы үйренген бұлар да көңілге жақпаған шаруа үшін бір-бірін «жартыбассың» деп қыжыртып жататын. Сол әдетпен әдемі қалжыңдасқан екеуі асханадан шай, тамақ алып, шетке қарай жайғасты. Талшынның қолында – ноутбук. Дәрігер келгенше оған қатысты деректерді тексеріп көрмек. Мынаны қараңыз, Қуандық Садықовтың соттылығының бар-жоғын тексере қалғанда сопаң етіп бір дерек шыға келді. Бұған дейін онкология орталығында қызмет еткен бұл дәрігер Қылмыстық кодекстің 303-бабының 2-бөлігі бойынша істі болған. Яғни, есiрткi, психотроптық немесе улы заттарды ұрлаған не саудалаған боп тұр ғой. Екеуі аяқ астынан мол олжаның үстінен түскендей жымыңдасып қалды. Жеке дәрігерлікке бекер кетпеген екен. Мына баппен ұсталғанына қарағанда, ақша көрсе, жолдан таятын ақ халаттының өзі боп тұр ғой. Әрі қарай қаузап көрді. Бұл дәрігер әкімшілік айыппұлдан да кенде емес боп шықты. Тек жол ережесінен жиналған айыппұлдың өзі 115 мыңға жетіпті. Үй мен көлігінің салығы да төленбеген. – Өзі бір жауапсыз адам ба деймін… Қарыздарды көрген Жарас бұрқ ете қалды. – Жарас, дәрігер мүмкін қаржыдан қиналып жүрген шығар. Санжар Қосайұлының үй сатқанын, компаниядағы үлесін алғанын білген соң жоспарлы түрде қылмысқа баруы мүмкін ғой… – Мынауың көкейге қонады. – Сараптамада көрсетілген стрихниннің не екенін, қандай әсері болатынын дәрігерден артық ешкім білмейді. Бұл дайындаған шайды бәлкім Есен емес, Санжар Қосайұлы ішуі керек болған шығар? – Ол да мүмкін. Бірақ, шайды кім бергенін енді Есеннен сұрай алмаймыз. Ал Санжар Қосайұлы ауырып жатып оған мән де бермеген шығар. – Мұны енді дәрігерден басқа ешкім білмейді. * * * Екі тергеуші бөлмеге көтерілгенде кезекші қоңырау шалып, төменде дәрігердің тосып тұрғанын хабарлады. Санжар Қосайұлына дәрігермен бірге барған Талшын мен Жарас бәрін сырттай бақылап тұр. Тергеуден кейін қан қысымы көтеріліп, тынысы ауырлаған Санжарды жедел жәрдем дәрігерлері қарап, біраз ем жасаған екен. Олардың тастап кеткен қағазын мұқият шолып шыққан Қуандық Садықов: – Қап, бірден қан қысымын түсіретін дәріні еккенін қараңызшы. Бұл кісінің қысымы секірмелі. Енді біраз кофе беріп, әлдендіріп алмасақ болмайды, – деді. – Бәлкім, кофесіне стрихнин езіп берерсіз? – деді, оңтайлы сәтті құр жібергісі келмеген Талшын. Өзі дәрігердің қозғалысын қалт жібермей қадағалап тұр. – Стрихнин дейсіз бе? Ол онсыз да Санжар Қосайұлы күнделікті қабылдайтын дәріде бар. Дәрінің екі түйірін ішудің өзі қауіпті. Сондықтан, мен бұл кісіге қанша қиналсаңыз да біреуден артық қолданушы болмаңыз деп ескертіп отырамын, – деді дәрігер жайбарақат. Шынында, таңданғаны, қорыққаны байқалмайды. Мына түріне қарасаң, бұл кісі не шынымен қылмысқа қатысы жоқ адам, немесе ішкі сезімін шебер басқара алатын мықты актер. Сонымен, қайсысы? Науқасқа кеңес беріп, орнынан көтерілген дәрігерді екі тергеуші бүгін мазаламауға бел буған. Өзара ақылдасқан соң Жарас дәрігерді сырттай бақылайтын болып келісті. Ал Талшын Санжармен мұңдас болып жүрген Виктордың тамырын басып көрмек. * * * Санжар Қосайұлы жалдаған пәтер қаланың дәл ортасында орналасқан жайлы тұрғынүйлердің бірінде екен. Ауласы қандай, аурасы неткен тамаша. Қауіпсіздік үшін бейнекамера да, күзет те қойылыпты. Сырттан келген бөтен көліктер мен бөтен адамдардың бәрін есепке алып жатқан күзетші үлкен шаруа тындырғандай қаздаң-қаздаң етеді. Мынадай тексеріске қарап Талшын қылмыскердің сырттан келмегенін, сырттан келсе де назардан тыс қалуы мүмкін еместігін ұқты. Қызметтік куәлігін көрсеткен Талшын Есен Жомартовтың өліміне қатысты суыртпақтап сыр тартқан. Мына күзетші самбырлап білгенін айтатындар қатарынан емес болып шықты. Бесінші қабаттан біреудің құлап, қайтыс болғанын естіген. Басқа ештеңе білмейді. Викторды пәтер тұрғындарының тізімінен тез тапты. «Клавдия апайдың пәтерінде тұратын жігіт қой. Қателеспесем, бұл үйге Санжар Қосайұлымен қатар қоныстанды» деді бар болғаны. Виктор алтыншы қабатта тұрады екен. Талшын келгенде басын шандып байлап алған жігіт жанын қоярға жер таппай ауырып жүр екен. Ірі денелі азаматтың селкілдеп тұрғаны да қызық көрінді. Сұрақ қойған сайын бебеулеген жігітке қарап Талшын өзін ыңғайсыз сезіне бастаған. Бірақ, білгісі келген бірнеше сұрақты бәрібір қоймаса болмайды. – Санжар Қосайұлы дәрігер шақыртқанда сіз пәтерде болдыңыз ба? Ол кісіге шайды кім әзірлегенін білесіз бе? – Өзім нақты көргем жоқ. Бірақ, дәрігер менің көзімше Санжар ағаға шай ішіп ал деп жатты. Дәрігер келген соң мен бірден өз үйіме кетіп қалдым. – Ал адам өлімі орын алғанын қайдан білдіңіз? – Үйге барған соң дәрімді ішіп ұйықтап кетіппін. Кешке оянсам, аулада абыр-сабыр… – Түсінікті. Сіздің науқасыңыз туралы Санжар Қосайұлы айтқан. Қай жерде есепте тұрасыз? Әлде жеке дәрігердің қарауындасыз ба? – Жоға, қарындас, – денелі жігіт ауырып тұрғанын бір сәт ұмытып селкілдей күлді, – мен сияқты жалаң аяқта жеке дәрігер жалдауға ақша қайдан болсын! – Жарайды, тезірек жазылыңыз! – деген Талшын «ақшасы жоқ болса, мынандай қымбат үйден қалай пәтер жалдап отыр?» деді іштей. Көңіліне күдік кірген тергеуші қыз өзін алыстан бақылап тұрған күзетшіге қайта барған. – Аға, оқиға болған күні үйге келіп кеткен бөгде адамдардың тізімін көрсетіңізші. Маған дәрігердің қай кезде кеткені қажет болып тұр. Асығыс журналды ақтарған күзетші керек бетті тапқан соң дәрігер ауладан шыққан уақытты саусағымен нұқып көрсетті. 15.40-та келіп, 16.10- да кеткен. Жарты сағат. Шайға у қосып беруге әбден жететін уақыт. Максимов у қанша уақытта тарайды деп еді? Бірден!!! Лезде миды зақымдайды деді, иә. Ал бесінші қабаттан құлаған науқасқа жедел жәрдем 16.55-те келген. Сонда кезекші қателескен бе? Сасқалақтап жүріп уақытты дұрыс көрсетпеді ме екен? Тып-тыныш аулада адам өлімінің орын алуы кімді болсын састырады ғой. * * * Таңнан тағы да бөлімге асықты. Сұр ғимаратқа жақындай бергенде кешегі әйелдің есік торып тұрғанын алыстан байқады. «Қайтсін-ай, қу бауыр»… – Мен ғой тағы… Ағама тамақ, киімдер әкеп едім. Кішкене сырқаттанып қалды деп естідім… Көрсем бола ма? Рұқсат етесіз бе? – деді имене сөйлеп. – Қазір Жарас Серғазыұлына ескертем. Сағат 11-лерде тергеуге келгенде жолығып, әкелген заттарыңызды берерсіз. Жылы сөйлеп, әйелді жұбатпақ болды да, «Капитан Жанасылова, тәртіп бәріне ортақ. Босаңсуға болмайды» деп өзін бірден тыйды. Бұл баспалдақтан көтеріле бергенде «Жанасылова, тұра тұр!» деген Жарастың дауысы естілген. Қолында бір жапырақ қағазы бар жүгіріп келеді. – Талшын, мынаны қара! Кеше дәрігердің соңынан ілесіп отырдым. Бес жарымда дәріханаға соққан соң, қарсы беттегі банкке кірді. Біраз төлемдер жасады. Кешкісін ақпараттар базасын ақтарсам, бүкіл қарызын жауып тастапты. Бір сәтте банктегі қарызынан, әкімшілік айыппұлдардан, үй мен көлік салығынан құтылған. Сонда осы уақытқа дейін жеткізбеген ақшаны аяқ астынан қайдан алды? Қалай ойлайсың? – деген Жарас Талшыннан мақтау күтіп тұрғандай. Танауы делдиіп кетіпті. – Қылмыскерді 100 пайыз таптым дейсің ғой, – кекеткенін анық сездірген Талшын сақылдай күлді. – Талшын, мазақтай бермеші. Қате кімде кетпейді. Негізі мен Санжар Қосайұлы қылмыскер деген пікірімді әлі өзгерткем жоқ. – Иә, әлі өзгертпей қоя тұр. Өйткені, күзетші жазбасына сенсек, қайғылы оқиға дәрігер кетіп қалғаннан кейін орын алған. – Сонда дәрігер күдіктен аман ғой. – Мүмкін, бәрі мүмкін. Жазбаны өзгертіп жіберсе де таңғалуға болмайды… Терезеге қарап еді дорбасын арқалаған әйел әлі есік алдында тұр екен. «Жақынын жамандыққа қалай қисын?» Әйелдің ағасымен кездесуіне рұқсат беретін тілімдей қағазды Жарастан ала салысымен Талшын төменге қарай құстай ұшты. * * * Санжар Қайсарұлы досын өлтірмеген! Дәрігер де күдіктен ада! Дәлелі жеткілікті. Бір күнде қарызының бәрін төледі деп адам өлімін мойнына іле алмайсың! Кек алуы мүмкін бір жан – қарындасы болса, адвокат жалдап, тамақ тасып жаны қалмай жүр. Бұрынғы әйелінің тіпті шаруасы жоқ. Әлде, олай емес пе? Күні бойы бастықтарынан сөз естіген Жарас пен Талшын жұмыстан шыққан соң жол бойындағы кафелердің біріне бас сұққан. – Бізді ойнап жүр дей ме! Көптің көзінше жас баладай әбден сілкіледі ғой, –деген Жарас бастығына қатты өкпелі. Әріптесінің сөз естігеніне өзінің де қатысы болған соң ба, Жарас «Жүр, жанымда отыршы, бір саптыаяқ сыра ішейін» дегенде Талшын қарсы болмады. Екеуі адам көзінен тасалау үстелге отырып, тапсырыс берді. Талшынның іздейтіні – сүтті шай, Жарас екі саптыаяқ сыраны бірден алдырды. Екеуінің бүгінгі тақырыбы ортақ – бастықты жамандау. Жарасты тыңдап, ара-арасында өзі де қосылып отырған Талшынға желке тұсынан естіліп жатқан бір дауыс тым таныс болып көрінді. Қайдан естіп еді… – Құдайға шүкір, ақша жетеді! Қалағаныңды әперем, –дейді лепіріп, «Мынау кім еді?» жан-жағына ұрлана көз салған Талшын кафенің түкпірінде әлдебір қызбен құшақтасып отырған Викторды көрді. Жұрттың бәрі еститіндей самбырлап сөйлегеніне қарағанда әбден масайған. Өткендегі науқас бейнесінің ізі де қалмапты. Тақырбасы алыстан менмұндалап тұрғанымен, денесі мығым, отырысы жайлы. Апыр-ай, дәрігерден күдіктеніп жүргенде барлық бәле осыдан келіп жүрмесін. Жарасқа екінші сырасын ішкізбестен сүйрелеген Талшын Виктордың көзіне түспеуге тырысты. Мына асығыстықтың себебін түсіне алмай әріптесі дал. Кешкі алты болмай үлгеруіміз керек деп қояды. Жарастың сұрақтарына жүре жауап берген Талшын бөлімге жеткенше асықты. Келді де бірден онкологиялық ауруханаға қоңырау шалды. Аудандық, қалалық, тіпті республикалық онкология бөлімдерінде Виктор Герасимов деген сырқат тіркелмеген. Сосын Виктордың еміне ақша жинап жүрген еріктілерді іздеді. Сонда білді, еріктілер былтыр Виктордың әпкесіне ақша жинаған. Обырмен ауырған әйелге біраз қаржы жиналғанымен, науқастың қажетіне жарамапты. Бірақ, Виктор әпкесінің көз жұмғанын желеу етіп, берілген ақшаны еріктілерге қайтармайды. Ол аз десең, өзін сырқатпын деп өтірік құжаттар жинап, елден жылу сұрауды бастайды. – Яғни, Виктор обырмен ауырғандарға қандай дәрі берілетінін, оларды қолданудың нұсқаулығын біледі ғой? – Әрине, біледі. Ол тіпті әпкемнен артылған дәрілерді езіп беріп, сеспей қатырам деп біздерге сес те көрсеткен, – деді еріктілердің жетекшісі Светлана Борисова. Жоба келіп тұр, енді тек Виктордың мойындауы ғана керек. Бірақ, ол мойындай ма? Виктордың алдауында бір мән барын түсінген қос тергеуші кезекші прокурорға шұғыл хабарласып, Викторды ұстауға және үйін тінтуге рұқсат алған. * * * 380 мың АҚШ доллары. Кафедегі Викторды ала салып, куәгерлердің қатысуымен пәтерді тінткен тергеушілердің олжасы осы. Ваннаның астынан үлкен жолдорбаны алып шыққанда-ақ Виктордың мастығы тарап кеткендей болды. Ақша табылған соң қылмыскердің тілі де шықты. …Сырқатпын деп көп ақша жинауға болатынын білген соң онкологиялық аурухананың маңын жиі шарлайтын болдым. Түрімді өзгертіп, ауру адамдай аянышты көрінуге тырысам. Біреулер кәдімгідей жаны ашып, ақша беріп жатады. Санжармен де сол жерде таныстым. Басында өлтіретін ойым болған жоқ. Ал ол маған қатты сенді. Сенгені сонша, пәтерін сатқанын, компаниядағы қыруар үлесін алғанын жасырмай айтты. Оның біразын өзінің еміне жұмсаған. Маған да көмектесіп тұрды. Израильден келген соң ауруының беті бері қарамайтынын білді. Сол кезде ана бір кішкентай қызға еріктілер ақша жинап жатыр еді ғой. Ести сала бар ақшасын сол қызға бермек болды. «Дұрыс, мұның азаматтық» деп қолпаштап қойдым. Ойым ақшасының қайда екенін білу. Банкте болса, шешіп алып қойсаңшы. Қолма-қол апарған дұрыс емес пе деймін өзімше ақыл айтып. «Ақша баяғыдан үйде ғой. Ертең апарамын» деді бір күні. Сосын аяқасты жоспар құрдым. Оның шайды жақсы көретінін білем. Әпкемнен қалған бір топ дәрінің ішінен ең қауіпті дегенінің бір уысын алдым. Стрихниннің қалай әсер ететінін алдын ала оқығаным бар. Сосын білмегенсіп түстен кейін Санжардың пәтеріне кірдім. Әшейінде жалғыз болатын. Бұл жолы есікті досы ашты. Санжардың өзі дәрігердің екпесінен кейін мызғып жатыр екен. Шегінерге жол жоқ. Мейлі, екеуі де өлсін дедім іштей. Үйге кіріп алған соң, «Санжардың жақсы бір шайы бар еді. Соны ішіп, кішкене отыра тұрсам қарсы болмайсыз ба?» дедім. Анау да бәлендей ренжи қойған жоқ. Оның үстіне, мен сияқты «өлімін күтіп жүрген сырқаттан» қауіптенбесе керек. Осыны пайдаланып, бергамот шайға бір уыс дәріні тұтас тастадым. Шәйнекті ортаға қойып едім, жанындағысы ажалына асықты ма, дәу кесені демалмастан басына қотара салды. Қарап тұрмын, шиқылдап кетіп барады. Бақыра бастаған соң қорқып кетіп асханадағы пышақты алдым да жүректің тұсынан салып қалдым. Өзі де бір еңгезердей бәле екен, гүрс ете қалды. Содан соң амалсыздан пышақты Санжардың қолына ұстатуға тура келді. …Осының бәрін бір деммен баяндап шыққан Виктордың жанарында бір өкініш жоқ. – Онсыз да уланған адамға пышақ салыпсыз. Енді балконнан құлатудың не керегі бар еді? – деді осы кезде Талшын шыдамай. – Негізі құлату ойда болмаған. Алдымен жүгіріп жүріп ақшаны тауып алдым. Сосын дәуден қалған дәріні Санжардың аузына құймақ болғам. Онымнан түк шықпады. Дәрігердің не құйғанын қайдам, бәле былқ-сылқ етіп шайды жұта қоймады. Сол кезде жерде сорайып жатқан жігіт қозғалғандай болды. Шошып кеттім. Жүгіріп барып дәуді сүйреген қалпы балконнан итере салдым. – Содан кейін пышақты Санжардың қолына ұстаттыңыз ғой. – Алдымен өзімнің қолым тиді-ау деген жердің бәрін сүртіп шықтым. Сосын пышақты Санжардың қолына ұстата салдым… Басында оны да өлтірмек болғам. Кейіннен Санжарды өлтірсем, күдікке өзімнің ілінерімді түсіндім. Ал Санжар ұсталса, не тергеуде өледі, не түрмеде өледі. Санаулы уақыт қалғанын білген адам қылмысты ашуға құштар бола қоймайтыны белгілі ғой. * * * Күдіктіні бөлімге жеткізгенде сағат түнгі 10 болған екен. Бұлардың кіргенін көрген кезекші полицей Санжар Қосайұлының ауыр халде жатқанын жеткізді. Құжаттарын дереу дайындай салып жедел жәрдемнің келуін күткен Талшын Санжар Қосайұлына қылмыстың ұзын-ырғасын түгел айтқан. «380 мың долларыңыз әзірге айғақ ретінде бізде сақталады. Сот біткен соң, өзіңізге қайтарамыз» деді тергеуші. Еті қашқан арық саусақтарымен қыздың қолын қысқан жігіт ағасы: «Оның иесі бар. Шұғама өз қолыңызбен тапсырыңызшы. Аманат» деді иегі кемсеңдеп. Шынымен де, Санжар Қосайұлы сот үкімін тыңдауға да, аманатты тапсыруға да жетпей үзіліп кетті…

А.САТЫБАЛДЫ

ШҰҒЫНЫҚ

Мүлгіген мола жаққа қарды омбылай басып бара жатқа бесеуге...

Соңғы айғақ (Түнгі із)

Бүгін қалада қарашаның қара суығы жоқ. Түнімен өңменнен өткен...

Соңғы аялдама

Үйдің қос қабырғасына телміре қарап, қалың ойдың қамауынан шыға...

ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ІСІ

Айжанның өлімінен кейін Саяның өмірі тоқтап қалғандай. Сұрықсыз күндер,...

ПАХАННЫҢ АЖАЛЫ

1 Еңбек демалысы бітіп, кабинетке енгені сол көп дүниені басынан...