Әрбір демократиялық, зайырлы мемлекеттің басты міндеттерінің бірі –елде заңның үстемдігін орнатып, азаматтарының құқығы мен бостандығын сапалы, әділ қорғауды қамтамасыз ету болып табылады. Осы ретте сот ісін жүргізу мәселесі мемлекет үшін де, азаматтар үшін де ең маңызды, күрделі және өзекті мәселе болып қала береді. Елімізде сот төрелігін жүзеге асырудың сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейін көтеруге байланысты реформалар үздіксіз жүргізіліп келеді. Жақында кассациялық соттарды құруға байланысты қолға алынған бастама да – осы сындарлы реформалардың жалғасы.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Осы айтулы қадамның арқасында «Сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның нәтижесінде Астана қаласында жаңа үш кассациялық соттар құрылмақ. Заңдағы өзгеріске сәйкес, кассациялық соттар 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап жұмысына кіріседі.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жоғарғы Сот кәсіпкерлермен және заң қоғамдастығымен дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша түрлі талқылар, кездесулер өткізді. Қорытындылары бойынша дербес кассациялық сатының жаңа моделі ұсынылды. Яғни, кассациялық істерді сапалы қараудың тетігі ретінде үш кассациялық соттың құрылуына көпшілік пікірі түрткі болды. Мұндай маңызды талқыға Парламент депутаттарынан бастап, судьялар, прокурорлар мен адвокаттар, заңгерлер мен ғалымдардың қомақты үлес қосқанын айта кеткенімі абзал.
Жаңа заңда айқындалғандай келер жылдан бастап тәжірибеге енгізілетін азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша үш дербес кассациялық соттарда істер 3 судьядан тұратын алқаның қарауына беріледі.
Дербес кассациялық соттарды қалыптастыру мемлекеттің бюджетіне салмақ салмайтынын да айта кеткен жөн. Мұндағы судьялар да қызметтегі білікті судьялар арасынан іріктеледі. Айталық, Кассациялық сотта жұмыс істеуге таңдалатын судьялардың заңгерлік өтілі кемінде 18 жыл, ал судьялық өтілі кемінде 8 жыл болуы шарт. Төрағалар үшін кемінде судьялық өтілдің кемінде 10 жыл болуы, оның ішінде облыстық соттың судьясы лауазымындағы жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы басты шарт ретінде бекітіліп отыр.
Кассациялық сот – төмен тұрған соттардың шешімдеріне шағымдарды кассациялық тәртіппен қарайтын, яғни жоғары сот сатысы болып табылады. Бірінші сатыдағы соттардың түпкілікті шешімдеріне және апелляциялық соттың шешімдеріне кассациялық сотқа шағым жасалуы мүмкін.
Кассациялық орган толығымен тәуелсіз болады. Бұл ретте барлық санаттағы істер үшін кассациялық сатыда шағымдарды алдын ала қарау сатысының күшін жою өзекті мәселе болып табылады.
Жаңа заңға сәйкес кассациялық шағымдарды қараудағы Жоғарғы Соттың рөлі де өзгермек. Жоғарғы Соттың мұндағы негізгі мақсаты сот практикасының біркелкілігін түсіндіру және қамтамасыз етумен байланыстырылып отыр. Осыған байланысты Жоғарғы Сот судьясының бастамасы бойынша Жоғарғы сот органы жергілікті соттардың шешімдерін ерекше жағдайларда ғана, яғни сот практикасына қайшы келетін және құқықты дамыту мүддесінде қайта қарауды талап ететін шешімдер қабылданған жағдайда ғана қайта қарай алады.
Сәуле ӨТЕГЕНОВА,
Қызылорда қаласының әкімшілік
құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған сотының судьясы