spot_img
spot_img

«Мемлекеттік сатып алу заңнамасының сотта қолдану тәжірбиесі»

2020 жылғы 29 маусымда Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қабылданып, аталған Кодекс 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Бұл Кодекспен реттелетін қатынастардың қатысушылары мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар және жеке, заңды тұлғалар болып табылады.
Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария құқықтық қатынастарда жеке және заңды тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатында әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу болып табылады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің талабымен әкімшілік соттар жер қатынастарынан туындаған дауларды, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы дауларды (ЦОН, архит-ра, мем.органдар), сот орындаушылардың әрекеттеріне байланысты дауларды, салық және кеден саласындағы дауларды, монополияға қарсы саласындағы дауларды, сондай-ақ – Мемлекеттік сатып алу саласындағы дауларды қарайды.
Мемлекеттік сатып алу саласы бойынша мемлекетімізбен тиісті Заң мен заңнамалар қабылданған, Мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың бір-бірімен қарым-қатынастары осы Заңнамалармен реттеледі.
Олар – 2015 жылы 4 желтоқсанда қабылданған «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы, Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2015 жылы 11 желтоқсандағы «Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» №648 бұйрығы (бұдан әрі — Қағида).
Сонымен бірге, соттар үшін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2022 жылы 21 сәуірде қабылдаған «Соттардың мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы қолдануы туралы» №4 Нормативтік қаулысы аталған саладағы дауларды қарау кезінде басшылыққа алынады.
Мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамалармен бұл саладағы қарым-қатынастар бойынша туындайтын мәселелер толық қамтылған.
Ағымдағы 2024 жылы Мемлекеттік сатып алу саласында Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының өндірісіндегі 38 әкімшілік істер қаралып, 35 іс бойынша шешім қабылданып, 3 іс медиациялық тәртіппен өз шешімін тапқан.
Шешімін тапқан істердің 61% талап қоюшылардың пайдасына шыққан, яғни қойған талаптары қанағаттандырылып, мемлекеттік сатып алу конкурстық комиссиялардың хаттамалары заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Соңғы 2 жылдың ішінде Мемлекеттік сатып алу саласындағы дауларды қарау кезіндегі Сот практикасында анықталған бірқатар сұрақтар бойынша келесі сот тәжірбиесін атап өтсек.
Соңғы жылдары рейтингтік – балдық жүйені пайдалана отырып (Қағидалардың 13-тарауы) Мемлекеттік сатып алу конкурстарының өткізілуі көбейген.
Бұған келесі себептер негіз болған, олар:

  • Рейтингтік – балдық жүйені пайдалана отырып конкурс өткізілетін болса конкурстық комиссия құрылмайды, конкурсқа қатысуға өтінімін тапсырған ықтимал өнім берушілердің Қағидаға сәйкес ұсынылған құжаттардың негізінде Мемлекеттік сатып алу саласында электрондық депозитарийдағы (жұмыс тәжірибесінің болуын растайтын мәліметтер мен құжаттарды қамтитын электрондық деректер базасы) жұмыс тәжірбиесін растайтын құжаттардың негізінде электронды веб-портал автоматты түрде конкурс жеңімпазын анықтайды. Сондықтан, конкурсты ұйымдастырушыға бұл жүйе конкурсты тез арада және уақытты көпке созбай өткізуге тиімді.
  • Сонымен бірге, Қағиданың 333-тармағына сәйкес, Рейтингтік-балдық жүйені пайдалана отырып жүргізілген конкурстың қорытындылары Заңның 47-бабының тәртібімен шағымдануға жатпайды.
    ​Сондықтан, бірқатар облыстарының әкімшілік соттары Қағиданың 333-тармағына сілтеме жасап, аталған жүйемен өткізілген конкурстардың қорытындылары шағымдануға жатпайды деп талап қоюшы мекемелердің берген талап арыздарын кері қайтарған болатын.
    ​Қазіргі уақытта, соттармен бұндай кері қайтарулар тоқтатылды, себебі еліміздің Конституциясының 13-бабына сәйкес, әркім өзінің құқығы мен мүдделерін сот арқылы қорғауға құқығы бар.
    Рейтингтік – балдық жүйе арқылы өткізілген конкурстардың қорытындыларын даулау кезінде негізінен талап қоюшылар жеңімпаздың Электрондық депозитарийдағы жұмыс тәжірбиесін растайтын құжаттардың дұрыстығын даулауы қажет.
    Себебі, кейбір талап қоюшылар осы жүйемен өткізілген конкурстардың қорытынды хаттамаларын заңсыз деп танып, күшін жоюды сұрайды-да, өзінің талабын уәждеген кезінде жеңімпаздың жұмыс тәжірбиесінің қандай құжаттарын, ол құжаттарда көрсетілген қандай мәліметтер дұрыс емес екендігін толық көрсетпейді.
    Сонымен бірге, бұндай дауларда конкурс ұйымдастырушымен қатар қосымша жауапкер ретінде Электрондық депозитарийдің жұмысын басқарушы уәкілетті органы — Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті көрсетілуі қажет, сондай-ақ соттармен мүдделі тұлға ретінде «Электронды қаржы орталығы» акционерлік қоғамы тартылады, себебі акционерлік қоғам электронды веб-порталдың операторы болып табылады.
    Қазынашылық комитеті – әлеуетті өнім берушілердің жұмыс тәжірбиесінің құжаттарындағы мәліметтерді тексеріп, электронды депозитраийге енгізу жөніндегі шешімді қабылдайды.
    Кейінгі кезде конкурсқа қатысушы мекеменің жұмыс тәжірбиесі жеткіліксіз болатын болса, ол қажетті қызмет атқаратын салада лицензиясы бар, көптеген құрылыс объектілерінің құрылысын жүргізіп, қажетті жұмыс тәжірбиесі бар заңды тұлғаларды (ЖШС-ді) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 45, 46, 47-баптарына сәйкес қосу арқылы, заңды тұлғаларды біріктіру арқылы, заңды тұлғаны бөлу арқылы жаңадан құрылған, заңды тұлғаның бір түрінен екінші түріне өзгерту арқылы (ұйымдық-құқықтық нысанды өзгерткенде) өзіне алу фактілері көбейген.
    Яғни, жұмыс тәжірбиесі үлкен заңды тұлғаларды өзіне қосып алып, заңды тұлға ретінде әділет органдарынан қайтадан тіркеуден өтіп, жұмыс тәжірбиесін өткізу актісі, бөлу балансы арқылы өздеріне қосып алып, одан кейін уәкілетті орган — Қазынашылық комитетіне Электрондық депозитарийге осы жұмыс тәжірбиесін өзіне бекіту жөнінде өтініші арқылы бекітіп алып, Мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысып, үлкен пайыздағы шартты жеңілдіктердің көрсеткішімен конкурстарды жеңіп алу фактілері орын алған.
    Сот практикасында осындай тәсілмен конкурстарды жеңіп алған заңды тұлғаларға қатысты конкурстардың қорытындыларын даулап, хаттамаларды заңсыз деп тану туралы әкімшілік істер көп қаралды.
    Соттар осындай дауларды қараған кезінде бір-біріне қарама-қайшы сот шешімдерін қабылдаған.
    Бұған себеп, Мемлекеттік сатып алу туралы Заңы мен Қағидада аталған фактілер бойынша нақты қандай талаптар қолдану қажет екені жөнінде мәліметтер қаралмаған еді.
    ҚР Азаматтық кодексінің 47-бабына сәйкес қосылған, біріктірілген, бөлу арқылы жаңадан құрылған, заңды тұлғаның бір түрінен екінші түріне өзгерту арқылы құрылған заңды тұлғаларға тек қана мүліктік игіліктер ғана өтуі қажет.
    Ал, жұмыс тәжірбиесі мүліктік емес болып табылады.
    ҚР Азаматтық кодексінің 115-бабының 3-бөлігіне сәйкес — жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарға: жеке адамның өмiрi, денсаулығы, қадiр-қасиетi, абырой, игi атақ, iскерлiк бедел, жеке өмiрге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есiм алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игiлiктер мен құқықтар жатады.
    Ал, ҚР Азаматтық кодексінің 116-бабының 4-бөлігіне сәйкес — жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтар заң құжаттарында белгiленген реттердi қоспағанда, басқа әдiспен берiлмейдi және ауыспайды.
    Осы норма негізінде бірқатар облыстардағы соттар талап қоюшы серіктестікке оның басқа серіктестіктен алған жұмыс тәжірбиесін конкурсқа қатысу кезінде есептеуге жатпайды деп шешім қабылдаған.
    Бұндай қарама-қайшылықтардың әсерінен Мемлекеттік сатып алу конкурстары бойынша даулар соттың бірінші сатысынан кейін соттың апелляциялық сатысында, одан кейін кассациялық сатысында қарау мәселесін туындатып, нәтижесінде Конкурстар бойынша бюджеттен бөлінген қаражаттар игерілмей қалды, құрылыс объектілері тоқтап қалды. Бұның барлығы еліміздің экономикасына кері әсерін тигізді.
    Бұндай жағдай неге туындады, себебі Мемлекеттік сатып алу туралы Заңы мен Қағидада аталған фактілер бойынша нақты қандай талаптар қолдану қажет екені жөнінде регламенттер қаралмаған еді.
    Сондықтан, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 20 сәуірдегі №402 бұйрығымен Қағиданың 425-2-тармағына өзгеріс енгізілді:
    Осы Қағидалардың мақсаттары үшін қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның жұмыс тәжірибесі мынадай жағдайлардың бірі болған кезде электрондық депозитарийге енгізілмейді, сондай-ақ конкурстық баға ұсынысына әсер ететін өлшемшарттарды есептеу кезінде ескерілмейді:
    1) егер әлеуетті өнім берушінің мәлімделген жұмыс тәжірибесі басқа заңды тұлғадан бөлу немесе бөліп шығару жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде алынған болса;
    2) егер әлеуетті өнім берушінің мәлімделген жұмыс тәжірибесі қайта ұйымдастырудың бірнеше реттілікті түрлері (бөлу, бөліп шығару, біріктіру, қосу, қайта құру) нәтижесінде алынған болса;
    3) егер әлеуетті өнім берушінің мәлімделген жұмыс тәжірибесі заңды тұлғалардың қайта ұйымдастыру (бiрiктiру, қосу, қайта құру) нәтижесінде алынған болса, мұнда қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғалардың бірінде Заңның 6-бабы 1-тармағының 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында көзделген шектеулері бар болса – яғни жосықсыз қатысушылардың тiзiлiмiне (реестр недобросовестных участников государственных закупок) енгiзiлген жағдайда;
    4) егер әлеуетті өнім берушінің мәлімделген жұмыс тәжірибесі заңды тұлғалардың қайта ұйымдастырудың (бiрiктiру, қосу, қайта құру) нәтижесінде алынған болса, мұнда қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғалардың бірі мемлекеттік сатып алу нысанасына сәйкес келетін қызмет түрлерін жүзеге асыруға лицензиясынан (рұқсатынан) айырылған болса.
    2024 жылғы 1 шілдеде мемлекет басшысы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды және Заң қолданысқа 2025 жылғы 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.
    Жаңа Заң сатып алу процесс рәсімдерин оңтайландыруды, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуды, мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуді және бәсекелестікті дамытуды көздейді.
    Сондықтан, аталған саладағы даулар бойынша жоғарыда көрсетілген Сот практикасы өзінің оңтайлы қалыптасуын жалғастырады деп сенемін.

Түркістан облысы мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының судьясы​ А.Шарханов

Жаңа кассациялық сот

 Мемлекет басшысы 2025 жылғы 1 шілдеден бастап қылмыстық, азаматтық...

«Е-апостиль электрондық қызметін қалай тез алуға болады

Шетелге шығу кезінде Қазақстан Республикасының аумағында берілген құжаттар басқа...

Как не стать жертвой финансовой пирамиды

Финансовая пирамида (также инвестиционная пирамида, схема или игра Понци)...

Сот отырысында аудио-бейне тіркеу жүйесін пайдалану ережелері

Осы Сот отырысына қатысуды қамтамасыз ететін техникалық байланыс құралдарын...

СОТ ЖҮЙЕСІН ЖЕТІЛДІРУ — ҚОҒАМНЫҢ ТАЛАБЫ

Сот - кез-келген даудың түйінін тарқатып, әділдігін айтып, тура...