Қазақстанда жақында күзгі егін жинау басталады. Оны жинауға дайындық қалай жүріп жатыр? Жанармай қоры жеткілікте ме? Егін жинауға қоймалар дайын ба?
Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтардың жауабын білу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне сауал жолдады.
Ведомство мәліметінше, биыл Қазақстан бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы жинау алаңы 23,3 миллион гектар. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 16,7 миллион гектар, оның ішінде бидай – 13,1 миллион гектар, ал көкөніс дақылдардың жалпы алаңы – 125,1 мың гектар, бақша дақылдары – 98,1 мың гектар, азық дақылдары – 3,2 миллион гектар, картоп – 121,9 мың гектар.
Бүгінде қанша тонна астық бастырылды?
«Бүгінде жоспар бойынша 16,7 миллион гектардың 11,9 миллион гектарынан немесе 71,4 пайыз орташа өнімділік гектарына 14,7 центнер түсімімен 17,6 миллион тонна астық бастырылды», – делінген жауапта.
Мұның ішінде:
- картоп – 80,4 мың гектардан өнімділігі гектарына 233,2 центнер болған кезде 1,9 миллион тонна жиналған;
- көкөніс дақылдары – 93,5 мың гектардан (өнімділігі гектарына 245,1 центнер болған кезде) 2,3 миллион тонна жиналған;
- бақша дақылдары – 95,9 мың гектардан (өнімділігі гектарына 262,5 центнер болған кезде) 2,5 миллион тонна жиналды.
Күзгі егін жинауға жанармай қоры жеткілікті ме?
Биыл егін жинау жұмыстарына дизель отынының көлемін қалыптастыру gosagro.kz ақпараттық жүйе базасында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің 355,2 мың тонна дизель отынына қабылданған электрондық өтінімдері негізінде жүзеге асырылды.
Бағасы қанша?
Осы көлемдегі дизель отыны ҚР Энергетика министрлігімен келісіліп, бекітілді.
«Бұл ретте Энергетика министрлігі АШТӨ үшін дизель отынының құнын литріне 250 теңге (ЖҚС – литрі 295 теңге) деңгейінде бекітті, бұл нарықтан 15 пайызға арзан. Бүгінде фермерлерге 226,2 мың тонна немесе 64 пайыз тиеп жөнелтті», – делінген жауапта.
Сонымен қатар Энергетика министрлігі дәнді және майлы дақылдарды кептіруге қосымша 67,7 мың тонна дизель отынын бөлген.
Егін жинауға қоймаларымыз дайын ба?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, күзгі егістен жиналған астық пен ауыспалы қорларды сақтауға жеткілікті орын бар, өйткені қолда бар астықты сақтау сыйымдылығының жалпы көлемі 30 миллион тоннадан асады.
«Оның ішінде 13,4 миллион тоннасы әкімдіктер беретін лицензия негізінде астық қолхаттарын шығарумен қойма қызметі бойынша қызметтер көрсететін 191 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындары бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерде 16,6 миллион тонна астық сақтау сыйымдылығы бар», – делінген жауапта.
Еске салайық, бұған дейін биыл жауын-шашын нормадан артық түсетіні туралы диқандарға құлаққағыс жасалған болатын.