Сот кабинеті бұл электрондық ақпараттық сервис. Сот жүйесіне заманауи технологиялардың енгізілуі мен қолданылуы сот өндірісін жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді жою, сот жүйесі қызметкерлерінің азаматтармен тікелей байланысын азайту жолымен сыбайлас жемқорлықтың орын алу ықтималдығын төмендетуге септігін тигізеді.
«Сот кабинет» арқылы: интернет желісі арқылы талап арызды, өтінішті, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау туралы арызды, сот отырысының хаттамасына арыз-ескертпені, сот актілерінің көшірмелерін беруге (қайта беруге) өтінішті, атқару парағын (атқару парағының телнұсқасын) беру туралы өтінішті, апелляциялық, жеке, кассациялық шағымдарды және бақылау тәртібінде істі қайта қарау туралы , сот бұйрығының күшін жою туралы, сырттай шешімнің күшін жою туралы өтінішті беруге болады.
Әрбір сотқа жүгінген азамат «Сот кабинеті» арқылы арыз беру үшін Халыққа қызмет көрсету орталығынан электрондық цифрлы қолтаңба алуы қажет.
Жеке тұлғалар және олардың өкілдері, заңды тұлғалардың өкілдері сотқа электронды құжаттарды «Сот кабинеті» сервисінде орналастырылған электронды нысандарды толтыру арқылы беруге құқылы. Ол үшін аталған тұлғаларға «Сот кабинеті» сервисінде тіркелу қажет.
Тұлға тіркелу кезінде қолдану шартымен танысады. Тұлғаның қолдану шартын қабылдауы «Сот кабинеті» сервисі арқылы құжаттарын (сот актілерін, шақыртуларды, хабарландыруларды, хаттарды) электронды түрде алуға келісім беретіндігін білдіреді.
Пайдаланушыға қағаз түріндегі құжаттар оның тиісті қызмет көрсету сервисі арқылы электронды өтініш берген жағдайда жолданады.
«Сот кабинеті» және «Сот құжаттарымен танысу» электронды сервистері Жоғарғы Соттың www.sud.kz ресми сайтында іске қосылған. Аталған қызметтерді электронды цифрлық қолтаңбасы бар азамат тұтына алады.
Сотқа жүгінген азамат талап арызы тіркелгені туралы талон алады. Сотқа жүгінген тұлғаға арызының тіркелгені, сот актісінің шығарылғаны туралы СМС хабарлама келеді.
Сот кабинеті сервисі арқылы мемлекеттік бажды электронды түрде төлеуге болады.
Қазіргі таңда біздің сотқа түсетін талап арыздар 100 пайыз электронды түрде түседі. Ол соттың да, сотқа жүгінген тұлғалардың да уақытын үнемдейді.
Сонымен қатар, «Сот кабинеті» арқылы соттарға құжаттарды электрондық түрде жіберу жұмысы қазіргі таңда жақсы жолға қойылған.
Шалқар аудандық сотына 2024 жылдың 8 айында сот кабинеті арқылы 397 талап арыз, сот актілерінің көшірмесін беру және басқа да құжаттардың көшірмесін беру туралы 10 арыз түскен. Барлық қылмыстық, және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер электронды түрде түсуде. Оның ішінде, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер жаңа Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі (бұдан әрі – ӘІБТ) — әкімшілік құқық бұзушылықтар, оларды жасаған адамдар, олар бойынша қабылданған шешімдер туралы енгізілетін мәліметтер қамтылатын, сонымен қатар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер электрондық нысанда жүргізілетін ақпараттық жүйе арқылы тіркеледі. Осы жыл басынан бастап әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер ӘІБТ бойынша 460 іс тіркеліп, қаралған.
Ғаламторды еркін меңгерген азаматтарға «Сот кабинеті» сервисін пайдаланудың еш қиындығы жоқ, бұл сервис әлдеқайда уақытты үнемдеп, тез арада жұмыстарыңызды бітіруге көмегін тигізеді.
Шалқар аудандық соты әкімшісінің бас маманы А.Болысбай