– Отбасылық құндылықтар неге түсіп бара жатыр, бұл заманнан ба әлде адамнан ба?
– Қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Барлық нәрсе, жамандық та, жақсылық та отбасынан басталады. Заман өзгерді деп жатады. Заман өзінен-өзі өзгермейді, оны адам өзгертеді. Бәрі адамның ниетіне байланысты. 1991 жылы Кеңес Одағы тараған кезде 18-дегі жігіт, яғни, 1973 жылғылар жүргізуші куәлігін алды. Сол кезде жүргізушілікті оқытатын 6 айлық курстар болатын. Одан кейін жүргізуші куәлігін туған күніне сый ретінде беретін жағдайға жеттік. Мұндай әрекет адамның қолымен жасалады. Жол жүру тәртібіне бағынбау мен көлік апатының көбею себебінің бір ұшы осында жатыр емес пе? Көлікті басқарып, жолда жүрудің өз мәдениеті бар. Мәселен, негізгі жолға шыға алмай тұрған көлікті өткізіп жіберу, қиындыққа түсіп қалған жүргізушіге көмектесу, жолда бір-біріне кішіпейілдік таныту, мұның бәрі мәдениет. Одақ тұсында адамдардың бір-біріне деген сенімі болатын, бірін-бірі сыйлайтын. Мен Кеңес Одағын мақтап отырған жоқпын, бірақ, ол уақытта адами құндылықтарға үндейтін пионер, комсомолдың тәрбиесіне суғарылған өзіндік идеология мықты болды, соның өзі үлкен құбылыс еді.
– Мықты идеология қалыптастыруға қазір не кедергі?
– Тәуелсіздік алғанымызға 33 жыл болады. Содан бері идеологияны дұрыс жолға қою керектігі айтылып келеді, бірақ, оның тиімді тетіктерін жасаған ешкім болған жоқ. Әйтеуір жалпылама түрде сөз айтылады да қояды. Жоғарыда айтылған идеология жойылды да, оның орнына ешқандай құндылық ұсынылған жоқ. Мысалы, қаңтардағыдай наразылық шерулерінде алдына шығып, тоқтау айтатын, сөзін өткізетін бір басшы табылмады. Мықты тұлға болғанда соншалықты ушықпайтын ба еді деген ойға қаласың. 30 жылға жуық алды-артымызды ойламадық. Кеңес тұсында Мәскеуге бағындық, одан кейін автократтық жүйеге душар болып, бетіне қарадық, түзелетін кез жетті.
– Білім жүйесіндегі реформаларға көңіліңіз тола ма?
– Тәуелсіздікпен бірге елімізге шетелдерден, бірінші кезекте, Батыс Еуропадан дүние-мүлікпен қоса, біздің ұлтымызға бөтеннің жақсысы мен жасығы, адалы мен арамы, өзіне қажетсіз болып қайда жіберерін білмей отырған қоқыр-соқыры лап қойды. Аңғал халқымыз оларды оң-солына қарамай, талдамай, талғамай қабылдады. Бұрынғы ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан құндылықтарымыздан лезде жеріп шықтық. Жылтырағанның бәрі алтын емес. Сол жылтырағанның біреуі – ұлттық білім жүйесіне енген Болон хартиясы. Қазақстан осы хартияға кіргеннен бастап білім жүйесі құлдырай бастады. Қазір толық деградация үстінде. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Өйткені, біз екі дәуірдің де білім жүйесін көрдік, салыстыра аламыз. Тоқетерін айтарым, бізге білім мәселесінде Болон хартиясынан тез арада шығу керек.
– Бұл мүмкін бе?
– Барлығы жоғарыға байланысты, өзгертем десе өзгертеді. Мысалы, Ресей Болон хартиясына кірді, бірақ, оның көптеген шарттарын қабылдаған жоқ. Біз барлық жағдайда шетелді үлгі тұтамыз ғой. Мәселен, Германия аталған хартияға кірген жоқ, өзінің білім жүйесін сақтап қалды. Қарапайым мысал, біз кезінде сабақтардың барлық түрін 90 минут жүргізетінбіз. Кейін осы уақытты 80, одан соң 50 минутқа қысқартты. Мысалы, азаматтық құқық пәні 3-курстан бастап оқытылатын. Өйткені, азаматтық құқық заңтану саласындағы нарықтық экономика жағдайындағы оқытылатын ең күрделі және ең керекті пән. 3-курста азаматтық құқықтың жалпы бөлімін, 4-курста ерекше бөлімін оқыдық, бір жылға 136 сағат бөлінетін, сөйтіп азаматтық құқық пәні бойынша студент 272 сағат білім алатын. 5-курсқа барғанда екі жыл бойы оқыған нәрсе мида сақталып, мемлекеттік емтихан тапсыру мен диплом жұмысын қорғауға студент дайын болатын.
– Қазіргі кезде қандай?
– Қазір қандай десек, біріншіден, дәріс уақыты 50 минут, екіншіден, азаматтық құқыққа бар-жоғы 45 сағат қана бөлінеді. Сонда пән бойынша дәріс сағаты 6 есеге азайды. Кейбір университеттерде азаматтық құқықты 1-курстан бастап оқытады. Бала мектептен келе сала мұндай күрделі пәнді оқуға дайын емес. Себебі, олар алдымен жалпы заңи пәндерден хабардар болуы тиіс. Ең кемінде бұл пәнді 3-курстан бастау керек, бұған бізде мүмкіндік жоқ, өйткені, айтылған Болон хартиясының талабы бойынша 4-ақ жыл оқиды. Міне, осындай жағдайлар еліміздегі барлық дерлік жоғары оқу орындарында жүйелік сипат алған. Мұндай келеңсіздік бір азаматтық құқық пәні бойынша емес, заңтану саласындағы барлық пәндерді қамтыған. Сайып келгенде жоғары білім алып жатқан мамандардың сапасына айтарлықтай зиянын тигізуде. Отыз жылдан астам оқытушылық тәжірибеден айтарым, бөлінген сағаттың ішінде студенттерге керек деген тақырыптарды таңдап өткізгеннің өзінде уақыт жеткізе алмаймыз. Осының салдарынан шала білімді мамандар шығуда, біліктілік дамымайды. Бірінші курстың баласы заң саласын бірден түсінбейді. Бұрын экономикалық теория, бухгалтерлік есеп пәндерін жалпылама өтетінбіз, қазіргі күні бұлар мүлде өткізілмейді.
– Заңгерге бұл пәндер керек емес дейтін шығар.
– Қалай керек емес, экономикалық қылмыстарды бухгалтериядан хабары жоқ заңгер қалай тергейді? Бұдан шығар қорытынды, тергеушіге экономика мамандығын қосымша алуға тура келеді. Нарықтық заманда өмір сүрудеміз, алатын білім соған сай болуы керек. Заңгерлерге заңи пәндердің өзі шала-пұла оқытылатынына жоғарыда айтқан мысалдар дәлел.
– Осы ретте үкімет, министрлікке үндеу жасап жатқандар бар ма?
– Жоқтың қасы, конференцияларда, бұқаралық ақпарат құралдарында айтып та, жазып та жүр. Бірақ, жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпастың кері болып жатыр.
– Қазақстанда шетелдің тәжірибесі, шетелде білім алғандар жоғары бағаланады, бұл өзімізді менсінбеу емес пе?
– Шетелде оқып келгендерді анкетасына қарап лауазымды қызметке қою үрдісі бізде әбден қалыптасты, мен осыған таңқаламын. «Болашақ» бағдарламасы бойынша 30 жылдың ішінде мыңдаған жас шетелде оқу бітірді. Егер шетел жақсы болса, солар алған білімдерін елдің игілігіне жұмсар еді ғой. Өкінішке қарай, бірен-сараны болмаса, нәтиже көзге көрініп түрған жоқ. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасымен оқығандарға барлық мүмкіндік берілді, бірақ, жалпы алғанда сенім ақталмады, мемлекеттің қаржысы «құмға сіңген судай» болды. Мемлекеттік бағдарламалардың есебінен кез келгенді оқуға жіберуге болмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Көкірегінде оты бар, елге жаны ашитын жастарды қолдауға басымдық берілу керек.
– Мұғалімдер мәртебесіне көңіл бөлінуде, бұрынғы беделді қайтару, қалпына келтіру мүмкін бе?
– Қарапайым мысал, мектепте балаға аларып қараса, мұғалім кінәлі болады, мұндай жағдайда оның мәртебесі қалай көтеріледі? Соны көрген бала барлық жерде «менікі дұрыс» деп өседі. Заң, құқық қорғау органдарында 25 жыл жұмыс істедім. Білім саласында да тәжірибем жетерлік. Байқағаным, барлығы отбасындағы тәрбие мен мектепте алатын білімге тіреледі. Қазақтың өзіндік ерекшеліктері бар, бізге соларды өзгертудің қажеті жоқ. Біреудің бірдеңесін аларда алдымен оның жақсы және жаман жағы әбден зерттелуі тиіс. Телеарнада ертеден кешке дейін әртістер мен әншілер өнер көрсетіп, ұлтқа мүлде жат ток шоулар жүріп жатыр. Олардан басқа қызық жоқ сияқты. Теледидар негізі тәрбиешінің рөлін атқарады, сол себепті дихан, мықты құрылысшы, инженерлер жайлы көрсетілімдерді көбірек ұйымдастырып, балалардың санасына барлық мамандықтың жақсы екенін сіңіру керек. Мәселен, пандемия мен қаңтардың кезінде қай әртіс бас көтеріп, елдің жайына алаңдады. Олар бір кеште, бірнеше тойда қызмет жасағаны үшін салық та төлемейді. Сондықтан, тек әншілерді теледидардың бетінен түсірмей насихаттай берудің қажеті шамалы.
– Қазіргі күні көпшілік үлгі ететін заңгер ғалым ретінде кімдерді атар едіңіз?
– Майдан Күнтуарұлы Сүлейменов, Анатолий Григорьевич Диденко, Күләш Мұратқызы Ілиясова… Таңдаулылар бір қолдың саусағымен санарлық. Зейнеп Ахметова апамызбен бірнеше рет кездесу жасадық. Ол кісі салт-дәстүрге, ұлттық құндылықтарға көп көңіл аудартады. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей айтады, бірақ, тыңдар құлақ бар ма? Мектеп мұғалімдерінің мәртебесін, беделін көтеретін нақты, қатаң заң керек. Қолданыстағы заңның қауқары шамалы. – Оның механизмі қандай болу керек деп ойлайсыз? – Парламент заң шығарушы орган, аты-ақ айғайлап тұр емес пе, биліктің үш тармағының бірі. Сондықтан, оның құрамының 80 пайызы заңгерлер болу керек. Бүгінде әртіс те, блогер де, комик те депутат. Олардың заң шығару органында қандай заң шығаруы мүмкін? Сондықтан нағыз тәжірибелі, кәсіби мамандардан құралмаған Парламенттен нәтижелі жұмыс күтудің өзі артық. Парламентте мемлекет шаруашылығының негізгі салаларының майталман мамандары болуы – міндетті шарт. Бір ғана мысал, бүгінде Парламентте косманавтикадан хабары бар маман жоқ, бұл сала қалай дамиды сонда? Заңда көшеде болып жатқан құбылыстың барлығын көрсету мүмкін емес. Сондықтан, заңның негізінде және оның орындалуын қамтамасыз ететін механизм керек. Ал бұл қолдан кілем тоқығандай күрделі жұмыс. Әр нәрсенің механизмін, яғни, оның қоғамда бұлжытпай жұмыс істеуін дұрыс бағытқа қою бір емес, мүмкін бірнеше маманның еншісінде болуы керек шығар. Мұны талқыға салып, содан кейін ғана қолданысқа енгізген жөн болар. Өйткені, «Келісіп пішкен тонның келте болмайтыны» әу бастан белгілі.
– Әңгімеңізге рақмет.
Т.СМАҒҰЛҚЫЗЫ, «Заң газеті»


